Жаңалықтар

Экономикалық өрлеудің жаңа көзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында туризм саласына ерекше назар аударуы саланың ел экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін ап-айқын аңғартады. Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс», – деп, атаулы бағыттың стратегиялық маңызын нақты айқындап берді. Бір нәрсе даусыз. Қолда бар нығмет сергек те ширақ ой-сананы, орасан еңбекті, кідіріссіз іс-қимыл мен күш-жігерді, бастысы бірлікті талап етеді.

Суреттер облыстық туризм басқармасының сайтынан

Әлемге ашылар есік

Ал, «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Мемлекет басшысы «Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді», – деп, осы саладағы даму тек экономикалық пайдамен шектелмей, экологиялық жауапкершілікпен ұштасуы тиіс екенін ескертті. Түптеп келгенде, туризм – тек көрікті мекенді тамашалау ғана емес, ұлттық экономиканы әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашудың, өңірлерді түлете дамытудың, мәдениет мәйегін жаңғыртудың тиімді құралы. Президенттің парасатты пайымынша, Қазақстан сол салада өз әлеуетін толық жүзеге асыруы үшін тың бастамалар мен батыл шешімдерге бет бұруы қажет. Сонда алдымен қайтпек керек? Жолаушының жолын жеңілдетіп, көңілін марқайту үшін әуел баста инфрақұрылым мен жол мәселесін оңтайлы шешу керектігі төбел аттай төбе көрсетеді. Мұны Премьер-Министр Олжас Бектенов те тіліне тиек етті.

– 2022 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға де­йінгі Тұжырымдамасы бекітілді. Бұл ретте Бағдарламада көзделген жол инфрақұрылымын, оның ішінде, жол бо­йындағы сервисті дамытуға бағытталған іс-шаралар Тұжырымдамаға интеграция­ланды. Тұжырымдама шеңберінде халықаралық республикалық маңызы бар автожолдар бойында кемінде 200 заманауи нысан (толыққанды демалу үшін инфрақұрылыммен, жоғары жылдамдықты байланыспен, электромобильдерге арналған зарядтау станцияларымен және т.б. жабдықталған) салу көзделген, – деп атап өтті Премьер-Министр.

Спикердің айтуынша, көлік министрлігі «ҚазАвтоЖол» «ҰК» акционерлік қоғамымен әрі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қолданыстағы және жоспарланған нысаналы нысандарды ұлттық стандартқа сәйкес келтіру тұрғысынан жүйелі негізде жеке инвесторлармен және объектілер иелерімен қоян-қолтық жұмыс жүргізуде.

– 2023-2024 жылдар кезеңінде жеке инвесторлар есебінен 75 заманауи нысан салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 100-ден астам қолданыстағы нысанның нормативтік жай-күйі қалыпқа сай келтірілді. Осылайша, бүгінде 1 446 нысан жұмыс істейді, оның 90%-ы (1 309 нысан) Ұлттық стандарт талаптарына жауап береді, – деп хабарлады Министрлер кабинетінің басшысы.

Былтыр мен биыл

Өңір өмірінде демалысты ыңғайлы, қауіпсіз және қызықты ететін инновация­лық цифрлық шешімдер енгізілді. Облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның мәлімдеуінше WhatsApp желісінде тәулік бойы жасанды интеллект чаты жұмыс жасайды. Яғни, көрікті жерлер, маңызды маршруттар, тұрғын үй, тамақтану және қауіпсіздік ережелері туралы бәрін айтатын электронды нұсқаулық бұл. Бірнеше тілде қолжетімді. Әуежайлар мен теміржол вокзалдарында QR-кодтар орналастырылған. Арнаулы код арқылы туристер қауымы электрондық SIM картасын қосу, сенімді таксиге қоңырау шалу, қонақүйді онлайн брондай алу сынды пайдалы тетіктер мен тіркеу және негізгі туристік нысандар туралы қажетті мәліметтерді әп-сәтте біле алады. Туристік ақпараттық орталық өңір қонақтарына қолдау көрсетіп, жаңа бағыттар әзірлеу үстінде.

Бұдан бөлек, Балқаш қаласы мен Қарқаралы ауданында осындай сапар орталықтары ашылады. Бір анығы, инвесторлар үшін 205,8 гектар бос жерге түгендеу жүргізілу үстінде. Туризм саласында 20 млрд теңге сомасына 17 инвес­тициялық жобадан тұратын пул қалыптас­тырылды. Алдағы үш жылда «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарабының қатысуымен Балқашта пәтерлері мен виллалары бар заманауи қонақ үйдің құрылысы басталады. Жоталы жобаны іске асыруға қалалардың әкімдері, жолаушылар көлігі басқармасы және туристік дестинацияны дамытуға тартылған басқа да мүдделі тараптар жұдырықтай жұмылдырылады.

Өткен жыл қорытындысы бойынша өңірдегі туристік қызметтер көлемі 8,8 млрд теңгені құраған. Көрсеткіш көңілсіз емес. Саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар 25 млрд теңгеден асты. Биыл 3,6 млрд теңге сомасына 11 жеке жобаны іске қосу көзделді. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен бизнестің бірлескен жұмысы жүргізіліп жатқан бірқатар түйткілдер де жоқ емес. Мәселен, маршруттардағы санитарлық тораптар мен көрсеткіштердің жетіспеушілігі, ұялы байланыстың әлсіздігі, кәсіби гидтердің тапшылығы ара-тұра менмұндалайды. Ендігіде колледждер мен жоғары оқу орындары аясында экскурсовод даярлау курстарын құру, қолжетімді демалыс-кемпингтер, отбасыларға арналған турлар мен балалар лагерьлерін дамыта түсу жоспарланды.

Кейінгі мәліметтерге сенген болсақ, барыс жортқан байырқалы Балқаш ку­рорт­тық аймағы Қазақстандағы ішкі ту­ризм көшбасшыларының қатарына кірді. Бір жыл ішінде ғана туристер са­ны 17%-ға өскен. Көзайым көрсеткішке инфрақұрылымды жақсарту, орналас­тыру орындарын кеңейту және көлікке қол­жетімділік арқылы қол жеткізілген. Онымен қатар, kids go Free бағдарламасы оң динамиканы күшейтеді. Түп нәтижесінде, балалары бар отбасылар Балқаш жағалауын қоса алғанда, өңірлерде қолжетімді және ұйымдастырылған демалысты таңдай алу мүмкіндігіне ие. Биыл жаңа рекорд болжануда. Елдегі ішкі туризм 10,5 миллион адамға жетуі мүмкін. Келісейік, келіспейік, салада ілгерілеу барлығын жоққа әсте шығара алмаймыз. Лайым, солай болғай!

Бес бірегей мекен

Қарағанды дегенде өз көзімізбен көруге тұрарлық бес бірегей орны бар екендігін естен шығармалық. Әуелгі шепте – «Бектау Ата». Сайын дала ортасында бұлағы бар фантастикалық кейіптегі жарқабақты жартастар қатары мен үңгір. Күш айғағы мен табиғи сұлулықтың айшығындай ерекше орын. Екінші орынға «Ошағанды каньонын» жатқыза аламыз. Көңіл қыдыртып сейіл құруға әрі фотосессия атаулысына өте ыңғайлы, таңғажайып жартастары бар көркем шатқал. Үшінші орында «Туранг» атты тоғайы-жартылай шөлді аймақтағы турангадан сирек кездесетін орман, табиғаттың ерекше мүйісі. Төртіншісі – «Қызыл кент» – ортағасырлық өркениеттің іздерін сақтайтын ежелгі қызыл тас қала. Және соңғысы – «Беғазы-Дәндібай» мәдениетінің ошағы. Бағзыдан бәдізшінің ізі қалған балбалдар, даланың алғашқы тарихын бейнелейтін қола дәуірінің археологиялық мұрасына кие үстеген қастерлі жер.

Задында Қарағанды – тек өндірістің емес, өркениет пен өр рухтың алтын ордасы. Тасының қынасы сөгілмеген, жолы Жер ананың келбетін әжімдеген қастерлі өлке – ықылым тарихтың ізі мен табиғаттың тылсым сырын тоғыстырған таңғажайып мекен. Бектау Атаның маңдайына ай қадаған үстірт үңгірінен бастап, қырық шілтенге қыдыры келіп шырақ жаққан ойпаңды Ошағандының құзар жартастарына дейін, әрбір орын – туған өлкенің тұмса сұлулығы мен рухани байлығын ойланған жанға оқыстан паш етеді. «Туранг тоғайы» – шөлдің қойнауында өмірдің тамырын жалғаған табиғаттың ғажайып күші болса, «Қызыл кент» – бабалар ізі мен тарих тағылымының куәсі. Асылында, «Беғазы-Дәндібай» мұрасы – қараңғы қапасты қақ жарған, тас ғасырынан тамыр тартқан төл шежіреміздің тірі парағы. Шіркін-ай! Қарағандыны тани түсу – талайлы тарихқа, таңғажайып табиғатқа, заңғардың зау тұрағы болған ұлттық болмысқа бір мезгіл салқар сапар шегу деген сөз. Өз еліңді тану – өзіңді танумен пара-пар.

Аталған орайда, жолдар мен жол бо­йындағы сервис пен аймақтағы туристік инфрақұрылым игілігі тағы қарсы алдымыздан кесе көлденең шығары анық. Ендігіде көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру мақсатында «Қаз­АвтоЖол» ұлттық компаниясы кешенді іс-шараларды жүзеге асыру үстінде. Бас­ты назар республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеуге әрі ұлттық стандарттарға сай, сапалы әрі жайлы жол бойы инфрақұрылымын дамытуға салынады. Сондықтан, келер күндерде бағыт таппай адаса қоюыңыз неғайбыл. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы – 1843,5 шақырым. Биыл 10 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы – 291 шақырымды құрайды. Жөндеу жұмыстары туристер жиі таңдайтын Қарқаралы, Балқаш көлі және Баянауыл бағыттарында басым.

Сервис сенім берсе игі

Самалы шипа болар, Сарыарқаның кең өлкесін көктей шолғанымызда Қарқаралы курорттық аймағына дейін республикалық маңызы бар «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғаз» автожолы алып баратынын білер едік. Қарағанды мен Қарқаралы арасындағы арақашықтық 200 шақырым. Бүгінге дейін осы жолдың 17 102 шақырым аралығындағы бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы ұзындығы – 85 шақырым. Бұл бағытта 10 жол бойғы сервистік нысан бар. Атайық, 6 кафе, 4 жанармай құю стансасы, 3 демалыс алаңы, 3 дәретхана мен 1 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс істеп тұр. Биыл тағы бір санитарлық-гигиеналық торап пен сауда алаңының орнатылуы жосығымен жоспарланды. Мұнымен қатар, қырдың құтын сезінбек болып қыдырыстаған жүргінші үшін жол бойындағы нысанды электрмен жабдықтау, жарықтандыру және септик жүйесін орнату қарастырылған. Барлық нысандар ұлттық стандарттарға сай және жылы дә­ретханалармен жабдықталған. Ал, Бал­қаш көлі мен Балқаш және Приозерск қа­лаларына дейін «Астана-Қарағанды (са­қиналанған айналма жол) – Алматы» автожолы арқылы жетіп үлгеруге болады. «Қарағанды-Балқаш-Сарышаған» бағыты бойынша бүгінде 68 жол бойы сервистік нысан (28 кафе, 22 ЖҚС, 16 қонақ үй мен кемпинг, 2 техникалық қызмет көрсету станциясы), 3 демалыс алаңы және 4 санитарлық-гигиеналық торап қызмет көрсетуде.

Бұл бағытта қосымша 2 сервистік ны­сан, 21 жаңа демалыс алаңы және 6 санитарлық-гигиеналық торап салу жос­парланған. Нысандар «Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал» автожолын қай­­та жаңарту жобасы аясында жүзеге асы­рылуда. Жоба автокөлікпен саяхаттай­тын азаматтардың қауіпсіздігі мен жай­лылығын арттыруға сеп. Туристік ны­сандарға апаратын жолдардың қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар Қазақстанның сегіз өңірінде жүргізілуде. Бұл ретте Қарағанды облысы жобалардың ауқымы мен көлемі бойынша көш бастап тұр. Қолсағатыңыздың кіші тіліндей үдерісі білінбегенімен, туризмін түлеткелі тұрған қазыналы аймақ әл-әзір кестеден кешіккенін айта қоймады. Жолдарды жөндеу және инфрақұрылымды дамыту – өңірдің туристік тартымдылығын арттыру стратегиясының маңызды бөлігі. Ыңғайлы жолдар, заманауи демалыс аймақтары мен сапалы сервис тұрғындар мен қонақтарға жайлы әрі қауіпсіз саяхаттауға теңдессіз мүмкіндік сыйлайтыны шындық.

Көз қуантарлық бір жайт, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Балқаш қаласында 4 және 5 жұлдызды қонақ үйлер салуға әлеуетті инвесторларды жұмылдыру үстінде. Бағдарлама шығармашылық көзқарас тұрғысынан қызықты. Әр кешенде кемінде 60 нөмірден болуы тиіс. Жетелі жобалар туризмнің дамуына және өңірдегі іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді. Жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін «Сарыарқа» ӘКК ұсынады. Ал, жобалау және құрылыс жұмыстарын қаржыландыру, сондай-ақ, қонақ үй кешендерін салу – ашық конкурс нәтижесінде анықталған инвестордың міндеті. Қарқын алған құрылыс алаңдарының инженерлік инфрақұрылымын жергілікті атқарушы орган қамтамасыз етеді.
Жүйелі жұмыс Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құралдарын пайдалана отырып, «4» және «5» жұлдызды қонақ үйлер салу жобаларын іске асыруға жәрдемдесу мақсатында жүргізіліп жатыр. Атай кету керек, соңғы екі жылда Балқашқа туристік ағын 40%-ға артқан. Келушілер арасында тек қазақстандықтар ғана емес, Германия, АҚШ, Канада, Польша және Ресей елдерінен келген туристер де бар.

Семізбұғы саясында

«Әп-бәрекелді!» дегізерлік тағы бір тың жаңалық. Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғы көлінің жағасында жаңа демалыс аймағы мен шипажай кешені бой көтермек. Жобада туристерге арналған қонақүймен қатар емдік балшық пен тұзды суды қолданатын сауықтыру орталығының құрылысы көзделді. Семізбұғы көлі өзінің шипалы суымен, балшығымен аса танымал. Мәселен, тері ауруларына қарсы тиімділігімен әрі адам ағзасына оң әсерімен ерекшеленеді. Осы табиғи байлықты тиімді пайдалану мақсатында жаңа туристік аймақты дәл осы көлдің маңында орналастыру жоспарланған. Қазіргі таңда Бұқар жырау ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі тапсырысымен аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары әзірленуде. 62 гектар аумақта туристік инфрақұрылымды дамыту діттелді. Мұнда қонақ үй, емдік-сауықтыру кешені, кон­церттер мен спорттық іс-шараларға ар­налған арнаулы алаңдар салынады.

Қолдағы жоспар барлық сараптамалық және келісім сатыларынан өткен соң, сәулет бөлімі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кіріседі. Одан кейін жоба жеке инвесторларға ұсынылады. Жобаны іске асыру және болашақ кешенді басқару жеке меншік құрылымдардың қолына беріледі. Семізбұғы көліне апаратын Корнеевка – Бұқар жырау бағытындағы 15 шақырым жолдың жөнделуі құба-құп болғандай. Болашақта туристер осы жолмен көлге еш кедергісіз жететін болады.

Жол жиегінде

…Бірде асфальт жолдың жиегінен бір туристті көлікке «тиеп» алдық. Беталысын нақ айтпады. Тек шұрайлы тау жыныстарын қолындағы фотоаппаратқа түсіруге әуес екен. Атын ғана атады. «Есімім Марк болады» деді ағылшынша. «Әлемді аралап жүрмін. Қазақстан – менің жиырма сегізінші аялдамам».

– Неге дәл осы жаққа келдіңіз?

Марк фотоаппаратын сөмкесіне салып, бізге қарап, жұмбақ жымиды.

– Бұл аймақтың геологиялық тарихы қызықты. Сіздерде тау жыныстары өте көне. Кейбір қабаттар Юра дәуіріне тиесілі. Мен оларды зерттеп, суретке түсіріп жүрмін.

Ғылыми жоба жолында жүрген тәрізді. Тек, таулы аңғарға жақындай бергенімізде ол бізге «Thanks a lot» деді де көліктен шығам дегендей асай-мүсейін қармана берді. Жол жиегінде кідірген біздерге Марк «Сіздер көкжиекті көре алатын бақытты ел екенсіздер! Біздің жақта көкжиекті алып үйлер тасалап тастаған. Көкжиектеріңіз көмескі болмасын!», – деп тілек білдіріп, жөніне кетті. Не сиқыры барын кім білсін, әйтеуір, осы бір қарапайым тілек ұштығы санамызда қалыпты. Марқайып қалдық.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

СУРЕТТЕРДЕ: өңірдегі туристік алаптар

Басқа материалдар

Back to top button