Бас тақырып

Экономикадағы бағыт пен бағдар

«Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады», – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында. Әлбетте, әр елдің әлеуеті қазынасының қауқарына байланып жатады. Күн сәулесінің жылдамдығымен жарысқан бүгінгі зымыран заманымыздың талабы да артпаса, кемімеді. Бұл кезекте алдымен бейбіт жұртымыздың қамбасы толық, несібесі артса екен деп тілеуқорлық білдіреміз ғой. Қамданған құр қалмайды. Ұлу жылы экономика, салық пен бизнес, әлеуметтік блок сынды іргелі салалардың бағытын саралап қою әр өркениетті халықтың байырғы қадірлі әдеті. Қош, «Орталықтың» дәстүрлі шолуына көшелік онда.

Сурет: webpromo.kz сайтынан

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі

2024 жыл дегенде есігімізден екпіндеп енген «табысты декларациялау», «мобильді аударымдарды салықтық бақылау», «әлеуметтік арнайы төлемдер», «Ұлттық қор – балаларға» деген сөйлем тіркестері санаға орнығып үлгергендей. Орныққаны – орныққан. Бірақ, байыбына барсақ, астарында тұтас республика экономикасын біріздендіру саясаты тұрғанын аңғару саналы адамға қиындық тудырмайды. Алғашқысына қайырылып қойсақ.

Үшінші кезең декларацияны кәсіпкерлер, сондай-ақ, олардың жұбайлары ұсынуын міндеттейді. Науқан 2021 жылы басталған. Мақсаты – жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетіктерін құру. Демек, экономиканың еңсесін көтеріп, көлеңкелі айналымды барынша кеміту. Бұған дейін өткізілген екі кезең мемлекеттік қыз­метшілер мен оған теңестірілген тұлғаларға, квази-мемлекеттік сектор қызметкерлері мен жұбайларына қатысты болған. Оның аясында барлығы 2,6 млн. адам қамтылды.

Ал, декларацияны тапсыру тәртібі, ұсыну мерзімі, жауапкершілігі һақында басылымның өткен сандарында егжей-тегжейлі жазған едік. Осылайша, 2025 жылға қарай 13 миллионнан астам адамның табысы декларацияланады деген меже бар.

Мобильді аударым бойынша салықтық бақылау

Қаңтар айында бұл тақырып қарағандылықтар ғана емес, тұтас республика тұрғындары арасында резонанс тудырды. Анығында былай болған. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті банк атаулысынан есеп-шотқа кәсіпкерлік қызметпен байланыс­ты қаражат түсетін азаматтар туралы мәліметтерді жиынтықтай бастады. Оны жүзеге асыру белгілерін анықтаудың бас критерийі – жеке тұлғаның қатарынан үш ай аясында түрлі тұлғалардан шотына ай сайын 100-ден астам аударым түсімі. Бұл кешенді реформа да астыртын табыс тапқысы келетіндерге тосқауыл екендігі айқын.

Алынар ақпаратқа оралар болсақ, мәлімет кезең кезеңімен ұсынылмақ. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары турасындағы мәлімет тізбегі 2022 жыл қорытындысы негізінде алға тартылады. Биыл 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары турасында өткен жыл қорытындысы бойынша мәлімет беріледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар және олардың жұбайлары бойынша ақпарат 2024 жылдың қорытындысы негізінде ұсынылады. Ал, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – халықтың қалған бөлігінің 2025 жылдың қорытындысы бойынша мәлімет жиынтықталмақ.

Жұмыс берушінің міндетті – зейнетақы жарнасы

Биыл 1 қаңтардан бастап жұмыс беруші атаулының міндетті зейнетақы жарнасын кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. МЗЖ шамасы осы жылдан бастап 2028 жылға таман жыл сайын 5%-ға дейін ұлғайтылып, әрбір қызметкердің ай сайынғы табысынан 15% мөлшерінде есептеледі.

– Бұл шара қазақстандықтардың жаңа буынын қолдауға бағытталған. Жас ұрпақтың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Мұндай зейнетақы үш компоненттен құралады. Мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – БЖЗҚ-ға өз аударымдары есебінен болса, шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушінің жарнасы есебінен. Реформа, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйеде өтілі шамалы азаматтар үшін өзекті. Осылайша, әлемдік тәжірибені ескере отырып, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру үшін мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің қатысуымен ортақ жауапкершілік жүктелмек, – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері.

Салық кодексіне сәйкес, жұмыс берушінің МЗЖ төлеу бойынша шығыстары салық салынатын табыстан шегерімдерге жатқызылады.

Бірыңғай жиынтық төлем

Бұл – бастапқыда дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған азаматтар үшін енгізілген төлем түрі. Бұл норманы жұмыссыздар мен тұ­рақты жұмыс істемейтін азаматтар, жүкті әйелдер де бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер алу үшін пайдаланды.

БЖТ – өзін-өзі жұмыспен қам­тығандарды міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру (МӘМС), әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тарту үшін қолданылған инструмент. Яғни, бұл төмен төлемдермен жеңілдік кезеңі болды. Естеріңізге сала кетейік, ай сайынғы БЖТ республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін бір айлық есептік көрсеткіштің (2023 жылы – 3450 теңге) және қалған елдімекендердің тұрғындары үшін 0,5 АЕК (2023 жылы – 1725 теңге) мөлшеріне тең болды.

Қазір жеке тұлғалардың табыстарын декларациялауды кезең-кезеңімен енгізу жүріп жатыр, онда табыс мөлшерін көрсету қажет. Бұрын кәсіпкерлік қызметті тіркемеген азаматтар ендігіде саналы түрде таңдау жасауы керек. Не кәсіпкер болу не болмаса, қыз­меткер болу.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркел­ген жағдайда тиісті салық режи­мін таңдау қажет. Мемлекеттік кі­рістер комитеті жеке қызмет көр­сету кезінде E-salyq business қосымшасын пайдалана отырып, салық режимін ұсынады. Бұл сізге түбіртек беруге, кәсіпкер үшін салықтар мен төлемдерді есептеуге мүмкіндік береді, ал декларация ұсынылмайды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға келетін болсақ, 2024 жылы сақтандырылған мәртебесін жоғалтпау үшін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алады немесе жарналарды дербес төлеушілер ретінде төлей алады.

Арнайы әлеуметтік төлем

2024 жылғы 1 қаңтарынан Қазақстанда 55 жастан бастап, зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем (АӘТ) төленетін болады. Оны тағайындаудың міндетті шарттары: 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде жеті жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) болуы. АӘТ алу үшін зиянды еңбек жағдайларымен жұмыстан шығу шарт болады. Яғни, жұмысшылар басқа жұмысқа ауыса алады (жалақы мен төлем алады) немесе демалысқа шығып, зейнетақы тағайындалғанға дейін төлем ала алады.

Арнайы төлемдер бірнеше компоненттерден тұрады және төрт көзден жүзеге асырылады. Республикалық бюджеттен ең төменгі күнкөріс деңгейі екі есе­ленген мөлшерінде арнайы кә­сіптік жәрдемақы. Өмірді сақтандыру компаниялары. Жұмыс бе­рушілердің қаражаты, БЖЗҚ-дан МКЗЖ есебінен. Бұдан басқа, қызметкерлерге БЖЗҚ-дан қолда бар Зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен төлемдер алу құқығы беріледі.

Қарағанды қарқыны

Облыстың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының негізгі ба­ғыт­тары дегенде алдымен халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті, моно және шағын қаладағы инфра­құ­рылым, экономиканың нақты саласын дамыту мәселелері қылаңытады. Аймақтың жалпы өңірлік өнімінің нақты көлем индексінің орташа жылдық өсу қарқыны 2024 жылы 102,5% деңгейінде болжануда.

– Өңірдің негізгі капиталына 2022 жылғы деңгейге қарағанда 12,2% өсіммен 854 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. Мұндай өсудің ынталандырушы факторы инвестициялық және ин­фрақұрылымдық жобаларды іске асыру болды. Өнеркәсіп, кө­лік және қоймалау, сондай-ақ, жылжымайтын мүлікпен операциялар (тұрғын үй құрылысы), ауыл шаруашылығы инвестициялар үшін тартымды болып қала береді, – деп хабарлады салалық басқарма басшысы Татьяна Аблаева.

Осы жылы өндірісті өңір өзі­нің экономикалық базасын ны­ғай­тып, өзгермелі жаһандық трендтерге бейімделе отырып, сер­пінді дамуға ұмтылады. Аймақ­тың бай табиғи ресурстарын ескере отырып, көмір мен металл өндірудің тиімділігін арттыруға баса назар аударылады. Қоршаған орта­ға әсерді азайту мақсатында өндірудің жаңа технологиялары мен тәсілдерін енгізу де өзектілігін жоймақ емес. Өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаң­ғырту бағдарламасын жоспарлы негізде жалғастырып, өндіріс­терді технологиялық жаңартуға және цифрландыруға инвестиция­ларды ынталандыру көзделеді. Аймақтың экономикалық байланысын берік нығайту жолында көлік маршруттары мен логис­тиканы жақсартуға баса назар аударылады. Жолдар мен темір жолдарды салу және жаңғырту жөніндегі жобаларды лайықты дәрежеде іске асыру. Жеңілдіктерді, қаржылық қолдауды және оқытуды қоса алғанда, шағын және орта бизнесті дамытуға ынталандыру. Инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу. Өндірісте және тұрғын үй құрылысында энергия үнемдеу технологияларын енгізу. Дәстүрлі көздерге тәуелділікті азайту үшін жаңартылған энергияны дамыту. Инновацияларды, электрондық сауданы және қашықтан жұмыс істеуді қолдау үшін цифрлық инфрақұрылымды нығайту. Цифрлық білім беру және медициналық сервистерді дамыту. Бұл бағыттар өңірдің орнықты және инклюзивті дамуына ықпал ете отырып, атаулы жылы Қарағанды облысының экономикалық өсуінің катализаторы болады деп күтілуде.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button