Басты тақырып

Экономикада – оң динамика

Қоғамдық кеңестер – халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруда, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына ықпал ететін бірден-бір ұйым. Сондай-ақ, атқарушы органдардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету де осы ұйымның еншісінде. Осыған орай, кеше «Достық үйінде» облыстық қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ 2017 жылғы атқарылған жұмыстар туралы есебін тыңдады. Жиынды жүргізген – кеңес төрағасы Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВ.

Жиында аймақтың әлеуметтік, экономикалық дамуы кеңінен қозғалып, былтырғы жылы атқарылған жұмыстарға баға берілді. Жалпы жария етілген деректерге сүйенсек, өткен жылы экономика дамуында да қарқын бар. Шағын және орта бизнесте де ілгерілеу жоқ емес. Ауыл шаруашылығында аграршылар үшін ауа-райы онша жайлы болмаса да, агроөнеркәсіп кешенінің өсімі арта түскен. Мал басының сапасының артуымен қатар, оның көлемі де ұлғая түскен екен облысымызда.

Құрылыс саласы мен жол жағдайы да ерекше назарда. Бюджет есебінен берілетін пәтерлер кезекте тұрғандардың проблемасын шешіп, 739 пәтер кілті тапсырылған.

Жол мәселесі де бақылаудың бес сатылы жүйесінің арқасында бір жолға қойылады деп күтілуде. Аймақ басшысының айтуынша, Солтүстік және Шығыс айналма жолының құрылысының аяқталуы болашақта барлық транзиттік көліктерді қала сыртына шығаруға мүмкіндік береді.

Бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген Теміртау қаласындағы жылу электр орталығына жөндеу жұмысының жүргізілуі теміртаулықтарды жылу тапшылығынан құтқаратын болады.

Жұмыспен қамтудың да оңтайлы жолдары қарастырылып, тіпті, ауылдық елді мекен тұрғындары да өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алған екен өткен жылы. Ал, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы кәсібін ашамын дегендер үшін жақсы мүмкіндік болары даусыз.

Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын білім саласына бөлінетін бюджет облысымызда өткен жылы арта түскен. Тіпті, ауылдық жерлердегі мектеп жанындағы интернаттардың жағдайына ерекше көңіл бөлінеді биыл.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да балабақшалардағы орын мәселесі бір жолға қойылған. Бүгінгі таңда, 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 98,5%-ға дейін өскен. Ал, жыл аяғына дейін көрсеткіш 100%-ға жетеді деп күтілуде.

Цифрландыруға қатысты республикалық пилоттық жобаға білім саласында балабақшалардағы электронды кезек, бірінші сыныпқа автоматтандырылған түрде қабылдау, колледждердегі электронды сессия жобалары енгізілуде.

Денсаулық сақтау саласында да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірқатар жұмыстар атқарылған. Томография кабинеті, аллергологиялық, гемодиализ орталығы, офтальмологиялық орталықтар желісі, сонымен қатар, нейрооңалту орталықтары осының жемісі.

Денсаулықтың кепілі – спортқа да облысымызда ерекше көңіл бөлініпті. Бірнеше спорттық алаңдар, хоккей корттары салынып, 15 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде.

Кеңейтілген есеп газеттің келесі санында беріледі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button