Бас тақырыпКоронавирус

Экономика: Вирус «есеп айырысып» болған жоқ немесе жеңімпазы жоқ жеңіс

Дуалы ауыз сарапшылардың айтуынша, адамзатпен бірге әлемдік экономика да дәл бүгінгі күні коронавирус пен қоса қалтырап тұр. Індеттің алты құрлықтың бесеуіне ауыз салуы дүние жүзі елдерін «байтал түгіл бас қайғы» деуге мәжбүрледі. Шекаралар жабылды, әуе, темір жол, жүк, жолаушы тасымалы толастады. Ішкі, сыртқы нарық саябыр тапты. Мұнайдың да мұңы өзінде. Ресей мен Сауд Арабиясы әлі бұл жөнінде бір бәтуаға келер емес. Екі оттың ортасында ОПЕК+ отыр. Бұдан бөлек, әр ел індетке қарсы күреске бюджеттен триллиондап қаражат жұмсауда. Мәселен, Қазақстан 4 трлн. теңге қаржы бөлді. Айталық, елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері экономиканың қарқыны баяулады. Қайсыбір саласы тоқтады. Бұл экономиканың тынысын тарылтып, қос өкпесін қысып барады…

БОЛЖАМ БОЛМАДЫ

Қытайда вирус шыққанда, әлемнің көптеген экономистері, зерттеуші, сарапшылары  мұны қысқа мерзімдік дағдарыс деген сенімде еді. Қытай аумағында бір ай мұғдарында шешімін табады деп болжаған-тын. Болжам болмады. Әлемді өрттей шарпыған індет  экономиканы да есеңгіретті. АҚШ Президенті Трамптың Қытай елін экономиканы құлдыратуға әкелді деген айыппен сотқа бермек аттанының астарында осындай кілтипан жатыр. Сонымен, коронавирус әлем  де, соның ішінде, Азия елдерінде һәм Қазақстанда экономиканың қай саласына жағымсыз әсер етті? Азия даму банкінің талдауларына сүйенсек, індет Азияның дамушы елдерінің көптеген салаларына салқынын тигізеді. Ол – туризмнің, іс керлік сапарлардың, саудалық және өндірістік байланыстардың, тасымалдау жүйесінің қарқынын тежеді. Бұған қоса, экономикалық шығындардың көлемі індеттің қалай белең алатындығына да тікелей қатысты. Осы талдауда Қазақстан экономикасына вирустың айтарлықтай соққы бермейтіні айтылады. Ондағы уәжге үңілсек, індет кезінде ауыл шаруашылығы мен тау-кен өндірісі біршама зардап шегеді. Бұл орайда, талдау індеттің ел экономикасына әсерінің үш нұсқасын ұсынады. Бірінші нұсқада вирус экономикаға соншалықты шығын келтірмеген кезде, ЖіӨ-ге әсері 0,017 пайыз дейді. Екіншіде, яғни, әжептәуір әсер еткен күнде, кері ықпалы – 0,032% немесе $57 млн, үшінші нұсқа, ол енді залалы көп тиген жағдайда 0,086% немесе $154,2 млн. болады деп отыр.

ШИКІЗАТ ҚҰНЫ – ҚҰЛДЫРАУДА, ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ – ТЫҒЫРЫҚТА

 Шекара жабылған алғашқы айларда Қазақстан Қытайдан импортталатын тауарлар үшін түсетін кедендік баж бен алым-салықтың 2,1 млрд. теңгесінен қағылды. Бұл туралы бірінші Вице-Премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдегені белгілі. Сөйтіп, республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмады. Оған себеп – коронавирус. Жалпы, соңғы екі айда Қытайдан келетін автокөлік саны 24 пайызға, теміржолмен жететіні 14 пайызға кеміген. Мұның сыртында еАЭО-дан импортталатын тауарлардың үлес салмағы да 20 пайызға азайған.  Мыс – 6 пайызға, алюминий – 5 пайызға, мырыш – 10 пайызға, қорғасын – 3 па йызға арзандап қалды. Мұнайдың жағдайы да мәз еместігі анық. Мұны сыртқы нарықтағы ахуал делік. Ішкі нарықта қызмет көрсету саласының «өкпесі өшетіні» әуелден-ақ белгілі болды. Елде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап, қызмет көрсету саласы күрт құлдырады. Мысалы, аймақтағы HoReCa сегментіне кері әсерін Рестораторлар клубының басшысы Гүлнар Катибаева жария еткен болатын.

– Бүгінгі таңда мұндай орындардың 80 пайызы жұмысын тоқтатты. Рестораторлар қаржылық және салықтық проблемалармен бетпе-бет келді. Мамандар жалақысыз демалысқа жіберілді. Қазіргі уақытта HoReCa – жыларман күйде. Жергілікті тұрғындар мен туристер үшін жасалғанның бәрі босқа далаға кетті, – дейді Гүлнар Катибаева ашық интернет ресурстарында. Бұған қызмет көрсетудің бір бағыты – жүк тасымалындағы төмендеуді қосыңыз. «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы соңғы екі айда жүк тасымалының 39 пайызға азайғанын мәлімдеді.

ЭКОНОМИКА – «РЕАНИМАЦИЯДА»

Қазіргі таңда әлемнің кез келген елі вируспен күресе отырып, экономикасында «жан сақтау» әрекетіне көшті. Бұған біздің ел де кірісті. Президент қоғам мен бизнес қауымдастықтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдады. Мысалы, шағын және орта бизнес өкілдері індет кезінде салықтан босатылды. Несие бойынша уақытша демалыс жарияланды. Халықты қолдау үшін жұмысынан айырылған және өзін-өзі қамтыған тұрғындардың барлығына жәрдемақы тағайындалады. Несиесі бойынша банк терде айып пұлдар салынбау, төлемді кейін жүргізу механизмі іске қосылды. Миллиардтаған қаржы бизнес пен қарапайым тұрғындар ды қолдауға жұмсалмақ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 4 трлн. теңгеге жуық қаражат індетпен күреске бөлінді. Сонымен бірге, Тұңғыш Президенттің бастамасымен ашылған «Біз біргеміз» қоры жұмылды бұл істе.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Індет еуропа мен Орта Азияда шарықтау «шыңына» әлі жет кен жоқ. Бұл – батыстық сарапшылардың пікірі. Яғни, бүгінгі күні осыдан кейін әлем халқының кедейшіліктің қай деңгейінде өмір сүретіні де нақты мәлім емес. Бұған әзірге ешкім болжам жасай алмайды. «Қазір әлемнің рецессияға кеткені анық, Бұл, біз 2009 жылы бастан өткерген жағдайдан кем емес, тіпті, асып түседі» – дейді Халықаралық ұлттық қор басшысы Кристалина Георгиева.

«Осындай дағдарыстың бұрынсоңды болғаны есімде жоқ. Проблема ликвидтіліктің жоқтығында емес, басты проблема – вирус. Бұл, шындап келгенде, біздің өте үлкен дағдарыстың табалдырығында тұрғанымызды аңғартады» – деді БиБи-сидің бас экономисі Лоранс Бун.

Сарапшылар дүние жүзіндегі елдің бәрі кедейленетінін жоққа шығармайды. «Індеттен аман қалғандары одан шейіт болғандар үшін ақы төлейді» дейді олар. Болжамдар – жағымсыз. Бұл – әлем үшін  жеңімпазы жоқ жеңіс болмақ. Ал, ол жеңісті күннің қашан туарын Жер шары тағы айта алмай отыр…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button