Экомәдениет – терең міндет
Облыс аумағында экологиялық заңнаманы өрескел бұзғаны үшін сегіз әкімге рұқсатсыз қоқыс полигондарын орналастырғаны себепті айыппұл салынған. Шенеуніктердің қоршаған ортаға немкетті қарауы қоғам наразылығын тудырғаны жасырын емес.

Заң талабын белден басып, рұқсатсыз қоқыс полигондарын орналастырған бірқатар әкімдер енді қаржылық жауапкершілікке тартылды. Экологиялық заңнаманы елемегендері үшін сегіз әкімшілік тұлғаға айыппұл салынып, мемлекеттік бақылау жүйесінің пәрменділігін тағы бір мәрте көрсетті.
– Олар рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс үйінділерін орналастыру деректері бойынша жауапкершілікке тартылды. Жергілікті билік өкілдерінің мұндай әрекеті табиғатқа жасалған немқұрайды көзқарастың айғағы. Қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 1 миллион 572 мың 800 теңгені құрады. Қазіргі таңда қаражат толығымен мемлекет пайдасына өндіріп алынды, – деп хабарлады облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері.
Табиғатты қорғау жөніндегі талаптарды сақтамау – немқұрайдылықпен тең. Себебі, экологиялық нормаларды өрескел бұзу тек табиғатқа ғана емес, халықтың денсаулығына да тікелей қауіп төндіреді. Соңғы жылдары қоқыс мәселесі облыс үшін ең өзекті әлеуметтік-экологиялық проблемалардың біріне айналды. Ал, жағымсыз жағдай көрсеткендей, кей әкімдіктердің әрекетсіздігі заңсыз үйінділердің күрт артуына алып келуде.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясынан ғарыштық мониторинг нәтижелері ұсынылды. Алынған спутниктік суреттер негізінде облыстық экология департаменті инспекторлары рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтап, оны жою бойынша тиісті жұмыстарды бастап кетті. Қазіргі уақытта салалық департамент рұқсатсыз орналасқан қоқыс үйінділерін жою бойынша тиісті шараларды қабылдау жөнінде талаптар көрсетілген ресми хаттарды жергілікті атқарушы органдарға жолдау үстінде.
– Әкімдіктер айыппұлды төлегенімен, қоқыс азайып кетпеді. Өзгенің қоқысына өзіміз албаты ақша жұмсап жататынымыз біздің көзімізге тосын да түсініксіз жайт болып көрінеді. Бұл не деген сөз? Шындығында, бірқатар аудандарда орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары экологиялық талаптарды ашық түрде елемей, сараптама қорытындыларынсыз жұмыс істеп жатыр. Полигон иелері заңды белден басып, қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тікелей қауіп төндіруде. Ең сорақысы, осы заң бұзушылықтарға жауапты болуы тиіс шенеуніктер атаулы жағдайға әдейі көз жұма қарап, әрекетсіздік танытып отыр. Немкеттілік, немқұрайдылық жүйелі бақылаудың жоқтығын және жеке мүдделердің қоғамдық қауіпсіздіктен жоғары қойылып отырғанын айқын көрсетеді, – дейді тәуелсіз эколог Айнұр Ерғалиева.
Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі жалғасты жұмыстарды жергілікті жерлерге бірнеше мәрте шығу арқылы өз бетінше жүзеге асырды. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 83 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Алайда, оның тек 50-і ғана жойылған болып шықты. Өткір мәселе өңірдегі заңсыз қалдықтармен күрестің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр. Онымен қатар, жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер де назардан тыс қалған жоқ. Биылғы бірінші жартыжылдықта экология департаментіне 581 өтініш тіркелген.
Әл-әзір облыс орталығында екі рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылды. Қазыбек би атындағы ауданда Долинская және Нарвская көшелерінің арасындағы аумақтар тазартылып, 167-есептік тоқсанда орналасқан жерлерден қоқыс шығарылған. Тазарту жұмыстары Балқаш қаласында да жүргізілді.
– Шашубай елдімекенінде рұқсат етілмеген жерлерге төгілген қоқыс алаңдарын жою жұмыстары қарқын ала бастады. Жергілікті табиғатты қорғау қызметкерлері Шет ауданы аумағында жүргізілген кезекті рейд барысында экологияға айтарлықтай зиян келтіретін үш бірдей заңсыз қоқыс төгілген орынды анықтады. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша жедел шаралар қабылданып, жергілікті атқарушы билік тарабына нақты ұсыныстар жолданды. Құжатта анықталған қоқыс орындарын дереу жою қажеттілігі көрсетілді. Осы бағытта алғашқы нәтижелер де бар. Бүгінде Мойынты ауылында екі, сондай-ақ, Ақсу ауылын айналып өтетін республикалық маңыздағы автожол бойында тазалау жұмыстары толық аяқталды. Қоқыс үйінділері толықтай жойылып, аумақтар қалпына келтірілді. Экологиялық ахуалды бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Рұқсат етілмеген үйінділерді анықтау және жою жүйелі әрі үздіксіз назарда ұстаймыз. Бұл – күн тәртібінен түспейтін маңызды экологиялық мәселе. Сондықтан, осындай келеңсіз жағдайларға бейжай қарамай, күн сайын бақылауда ұстаймыз, – деп атап өтті облыстық экология департаментінің басшысының орынбасары Айман Құлатаева.
Спикердің ойынша экологиялық талаптарды елемеу, – тек заң бұзушылық қана емес, болашақ ұрпақтың өміріне залал келтіру. Заңсыз қоқыс полигондары мен бейберекет тасталған қалдықтар экологияның ғана емес, адамның өзіне деген қарым-қатынасын көрсететін айна іспеттес. Табиғатты қорғау – бір мекеменің ғана міндеті емес, әр азаматтың, әр шенеуніктің, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Айыппұл төлеу – шешім емес, уақытша шара. Шынайы нәтиже жүйелі бақылау мен жауапты әрекет болғанда ғана көрініс табады. Ал, қазіргі жағдайда мәселе түбегейлі шешім емес, уақытша тоқтам тауып тұрғандай. Экологтар айтып отырған алаңдаушылық, қоғамның наразылығы – жай ескерту емес, дабыл. Сондықтан, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгіннен басталуы тиіс мәні терең міндет.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»