Жаңалықтар

Экомәдениет табиғатты қорғайды

Бүгінде әлемді алаңдатып отырған экологиялық мәселелер жөнінде айтылып та, жазылып та келеді. Табиғи баланстың бұзылуы – сол табиғаттың бір бөлігі – адам ағзасына қатты әсер ететінін ғылым да әлдеқашан дәлелдеп берген. Дегенмен, қоршаған орта байлықтарын, табиғат қорларын адамзат қауымы пайдаланбай және олардың саны мен сапасына әсер етпей, яғни, өзін қоршаған ортаға өзгеріс енгізбей тұра алмайды. Бұл – адам әрекетімен, оның өмірімен байланысты.

Тіршілік мәдениетінің тұтыныстарын қанағаттандыру мақсатында қоғамның табиғат қорларын қолданысқа енгізу әрекеті – табиғатты пайдалану болып табылады. Ол тиімді және ысырапты болуы мүмкін. Табиғатты тиімді пайдалануға, оны әуелі зерттеп-зерделеу, құнттап, ұқыпты пайдалану, оны қорғап сақтау және көбейту, пайдаланған кезде бүгінгі күннің қажетімен ғана шектеліп қоймай, келер болашақты да ескеру жайлары жатады. Ысырапшылдықпен пайдалану табиғат қорларының азып-тозуына, таусылуына, табиғат тепе-теңдігінің бұзылуына, қоршаған ортаның былғануына, ластануына алып келеді.

Атап айтатын болсақ, әлемдегі экологиялық проблемалардың бірі – ауа, су және жер қабаттарының ластануы.

Ауа тазалығын сақтауда – ауаның зиянды өнеркәсіп қалдықтарымен былғануының алдын алу жолындағы әрекеттер бірнеше бағытта жүргізіледі. Бұған өндіріске қалдықсыз технологияларды енгізу, технологиялық процестерді өз ортасында тұмшаландыра жүргізу, зиянды қалдықтарды іске жарата білу жолдары, тағы басқа жатады.

Енді, әлемдегі су жағдайының мәселесіне тоқталатын болсақ, су ортасы табиғаттың қай жерінде кездеспесін қашан да тірі ағзаларға толы орта болып табылады.

Бүгінде әлемде орын алып отырған қоршаған ортаны қорғау саласындағы басты мәселелердің бірі – адамдардың өмір сүру үрдісі әсерінен пайда болатын қатты қалдықтарды жою, олардан құтылу болса, екіншісі – кенді, асты қазылып, үсті бұзылған жерлерді қалпына келтіру, шаруашылық саласын қалыптастыру болып табылады.

Осы орайда, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және жергілікті облыстық әкімдік, мәслихат, қоғамдық ұйымдардың бірлескен іс-шараларының толыққанды орындалуы – бірқатар оң нәтижеге әкелері сөзсіз.

Осындай экологиялық тұрғыдан туындаған сұрақтарды шешу жолындағы нақты қадамдар облыс аймақтарында да бір ізге қойылып жатыр.

Сонымен қатар, облысымыздағы ауа тазалығын сақтаудағы іс-шараларға қоса, айналаны мейлінше көгалдандыру, ормандарды қалпына келтіру және көбейту, өсімдіктер дүниесінің жетілуіне жағдай жасау, өнеркәсіп орындарын, елді мекендер мен жол бойларын жасыл желекке бөлеу жұмыстары кең қанат жаюы тиіс.

Қорыта келгенде, бүгінгі күнде орын алып отырған экологиялық мәселелер бірте-бірте өз шешімін табады деп үміттенемін. Сонымен қатар, облыс, аудан және ауыл аймақтардағы қоршаған орта ресурстарын жақсарту үшін қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен айналысуда алға қойылған көптеген жоспарлар, іс-шаралар қолға алынып, ұйымдастырылып, бұдан әрі де жалғасын табатыны сөзсіз. Осындай ел игілігі үшін атқарылатын жұмыстар экомәдениеттің қалыптасуына себепкер болатыны анық.

М.МАХАТЧИНА, Қарағанды облыстық мәслихат депутаты, Nur Otan партиясы Қарағанды облысы филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button