Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет» деген болатын. Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында салынатын жылу радиаторларын шығаратын «Silumin of Kazakhstan» ЖШС зауыты Президенттің экологиялық таза өндіріс құруға бағытталған бастамаларын қолдайды. Компания алюминий сынықтары мен қождарын қайта өңдеу, шығатын газдарды көп сатылы сүзу, суды қайта пайдалану және күн генерациясы сияқты заманауи экологиялық технологияларды қолдануды жоспарлап отыр.

Зауыт Қазақстанның ішкі нарығын сапалы жылыту радиаторларымен қамтамасыз етіп, шетелдік өнімдерге тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Осылайша, Мемлекет басшысының жасыл экономика мен индустриялық даму жөніндегі көзқарастары зауыттың стратегиялық маңыздылығын көрсетеді.
Жобаны жүзеге асырушы – «Silumin of Kazakhstan» ЖШС қазақстандық жас, бірақ, амбициясы жоғары компания. Олар инвестицияны тиімді пайдалана отырып, отандық өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Жоба іске қосылғаннан кейін 220 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде жергілікті техникалық және кәсіби кадрларға сұранысты арттырады.
Компания қазірдің өзінде Қарағанды өңіріндегі колледждермен, техникалық және инженерлік бағыттағы жоғары оқу орындарымен келісімдер жасасып, студенттерді болашақ өндіріс орнында тәжірибеден өткізу жүйесін енгізуде. Бұл – кадрлық әлеуетті ұзақмерзімді дамытуға бағытталған нақты қадам.
Зауытта өндіріс процесі толығымен оқшауланған. Шикізатты қайта өңдеуден бастап, дайын өнім шығару цикліне дейінгі барлық кезең бір нысанда жүзеге асады. Бұл – тұтынушылар үшін сапа мен сенімділік. Ең маңыздысы – өндірісте экологиялық стандарттарға сай технологиялар қолданылады. Атап айтқанда, алюминий сынықтары мен қождарын қайта өңдеу, газдарды көпсатылы сүзу жүйесімен тазалау, өндірістік суды булап, қайта пайдалану, күн генерациясы және жылуды рекуперациялау жүйелері.
Осы шешімдер зауыттың экологиялық залалы төмен, тиімділігі жоғары болуына кепіл.
Қазіргі таңда Қазақстан жылыту радиаторларының басым бөлігін импорт арқылы қамтамасыз етіп отыр. «Silumin of Kazakhstan» компаниясының басты мақсаты – отандық нарықты өз өнімімізбен толық қамту. Болашақта өнімді Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және басқа да елдерге экспортқа шығару.
2024 жылғы 21 мамырда компания мен Жылыту нарығындағы өндірушілер қауымдастығы (ЖНӨҚ) негіздемелік келісімге келді. Құжат аясында зертханалық базаны дамыту, өндірісті стандарттау және өндірістік кооперация мен жеткізу тізбегін жолға қою міндеттері бекітілген.
Зауыт құрылысына салынған инвестиция көлемі – 35 миллион АҚШ доллары. Бұл «Бәйтерек» ұлттық холдингі, «Даму» қоры, BV Management, Қазақстанның Индустрия және құрылыс министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауы арқылы мүмкін болған.
Жобаның бірінші кезеңінде жылына 5,5 миллион секция радиатор шығару жоспарланған. Бұл көлем елдегі сұранысты қанағаттандырумен қатар, экспорттық мүмкіндікті де ашады.
Өндіріс бірнеше кезеңмен іске қосылады. Бірінші кезеңде толық өндірістік цикл – алюминий құю, пресс қалыптау, сырлау, құрастыру қамтылады. Келесі кезеңдерде қуатты ұлғайту, қосымша өнім түрлерін шығару, шетелдік тапсырыстарды орындау бағытында жұмыс жүреді.
Жаңа өндірістік алаңның ашылуы – бұл Қарағанды облысының ғана емес, тұтас еліміздің индустриялық әлеуетінің нақты көрінісі. Ал «Silumin of Kazakhstan» компаниясы – жас та болса, отандық өнеркәсіпке жаңаша көзқараспен келіп, экологиялық таза, заманауи және бәсекеге қабілетті өндіріс моделін ұсынған жаңа буын өкілдерінің жарқын мысалы.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»