АймақҚарағанды

Экологиялық сана қажет

Өңірде «Таза Қазақстан» акциясына орай күні кеше Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен табиғат және экология мәселесін талқылау мақсатында арнайы кездесу өтті. Қарағанды Жастар ресурстық орталығында өткен іс-шараға 30-ға жуық жас қатысты. Олардың қатарында студенттерден бөлек белсенділер, экологиялық ұйымдардың өкілдері де бар. Қалалық мәслихат депутаты және экобелсенді Василий Климаков арнайы қатысып, жастарға экологиялық мәселелердің шешу жолдары жайында айтып берді.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Василий Климаков экоакцияларды жиі ұйымдастырып, экология мәселесін шешуге атсалысып келеді. Ол өз сөзінде экологиядағы жастардың рөлін де айшықтап берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен қолға алынған экологиялық акциясы күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Осы мақсатта біздің тарапымыздан түрлі жұмыстар атқарылуда. Күн өткен сайын қаланың, жалпы, қоршаған ортаның экологиясы мемлекет үшін үлкен мәселеге айналып барады. Ал, осы мәселені шешуде жастарға жүктелер міндет көп. Яғни, айналаны ластамауды, қоқысты тиісті жерге тастап, қалдықтарды жинап жүруді әркім өзінен бастауы қажет. Алдағы 30-50 жылда не болатынын білмейміз. Бірақ, жастар алдағы уақытта көңілге тоқығанын өзінен кейінгілерге үйрететіні һақ. Сондықтан, біз экологиямызды сақтаймыз десек, жастардан бастауымыз қажет. Болашақта қандай да бір жоба немесе дүние ойлап табатын да осылар, – деді ол.

Қарағанды қаласы – ауасы ластанған қалалардың қатарында. Жиылған жұрт осы мәселені ортаға салып, өзара пікір алмасты. Биолог-оқытушы Денис Сирман мен болашақ эколог Мәдина Әсетқызы да осы мәселеге алаңдаулы. Сондықтан, «Экоакцияларға жастар жиі қатысып, мәселені шешуге өзіндік үлесін қосса» екен дейді.

– Бұған дейін түрлі экологиялық іс-шараларға қатыстым. Атап айтсам, Федоров су қоймасын, Балқаштағы «Балдәурен» жазғы лагерінің маңайын қоқыстан тазарттық. Табиғатты аялау – басты міндетіміз. Сондықтан, әр жас осындай экоакцияларға қатысып, қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға өзіндік үлес қосуы керек. Қазіргі уақытта осындай іс-шараларға қатысушылардың қарасы қалың. Бірақ, әлі де жастарды жұмылдырып, жастармен жұмыс істеуіміз керек. Экологиялық мәселені шешу үшін әуелі экологиялық сана қалыптастыру қажет. Яғни, әр адамды «Мен экологияға қалай атсалысамын?» деген сауал мазалауы керек, – деді Мәдина Әсетқызы.

Көтерілген мәселеге жастар тарапынан кері жауап та болды. Сарапшыларға сұрақ жолдап, идеяларымен бөлісті. Әрі жоспарланған іс-шараларға қатысуға да уағда етті. Енді үлкен жобалардың басы-қасында жүрген жастардың қатары көбейеді деген сенім мол.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button