Экологиялық нормалар өңірлер үшін басты басымдық – Нұрлыбек Нәлібаев
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында экология саласындағы жауапкершілікті күшейтіп, қоршаған ортаны қорғау нормаларын Конституциялық деңгейде бекіту қажеттігін көтерді. Оның айтуынша, бұл мәселе әсіресе экологиялық ахуалы күрделі Арал маңы өңірлері үшін аса маңызды.

Әкім Арал теңізінің тартылуы қоршаған ортаға ғана емес, халықтың өмір сапасына, денсаулығына және әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етіп отырғанын атап өтті. Жаңа Конституция жобасында экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету және қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту қарастырылған.
Сонымен қатар құжат әлеуметтік бағытты күшейтуге, ауылдарды қолдауға, жұмыспен қамтуды арттыруға және инфрақұрылымды дамытуға құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Білім беруді стратегиялық басымдық ретінде бекіту арқылы адами капиталды дамыту және жастарды сұранысқа ие мамандықтарға даярлау жоспарланып отыр.
Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, өкілеттіктер мен жауапкершілікті нақты бөлуге және билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



