АймақБалқаш

Экологиялық акция қыза түсті

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Балқаш қаласында экологиялық науқан жалғасуда. Жақында Мағауия Хамзин атындағы мәдениет сарайының аумағында орналасқан «Жастар» гүлзарында көктемгі ағаш егу акциясы басталды. Бұл – акция өткен жылғы басталған іс-шаралардың бірі. Бұдан жарты жыл бұрын, Республика күні қарсаңында бұл саябаққа 335 түп көшет егілген болатын.

Сурет автордан

Көктемгі тал егу акциясына «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС-нің өндірістік директоры Марат Аубакиров, Балқаш қаласы әкімі Сапар Сатаев пен қалалық мәслихаттың төрағасы Ахат Мүслімов, ҚР Құрметті металлургі, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Дүйсенғали Байқуатов, қала әкімінің орынбасарлары мен білім бөлімінің басшысы, корпорацияның еңбек ұжымдары, экологтар мен коммуналдық кәсіп­орындардың өкілдері қатысты.

Бұл жолы «Жастар» скверіне 24 түп шырша көшеті егілді.

– Былтырдан бері тал егу жұмыстары суару жүйесі бар жерлерде ғана жүргізіліп отыр. Қаладағы суару жүйесі мамыр айында көлден су соратын сорап іске қосылғаннан кейін жұмысын бастайды. Оған дейін егілген көшеттерді суара тұру коммуналдық кәсіпорындарға жүктелді. Бұған мектептер, тағы да басқа мекемелер көмектеспек. Биыл көктемгі тал егу науқанына «Қазақмыс» корпорациясы 1800 түп ағаш көшетін әкеліп берді. Олардың ішінде жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар бар. Көбісін қаладағы мекемелерге таратып бердік. Қала кәсіпкерлері өз нысандарының алдына егу үшін 200-ден аса көшет алды. ПИК-тер өздеріне қарайтын, суару жүйесі жұмыс істейтін көпқабатты үйлердің маңайына тұрғындармен бірлесіп керегінше ағаш егеді, – деді қала әкімі Сапар Сатаев.

Экологтардың айтуынша, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Әрбір тұрғын өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, бұл олардың өңір тазалығына қосқан үлесі. Қалада тал егу жұмыстары күзде де жалғасады.

Сонымен қатар, республикалық «Таза Қазақстан» экология­лық акциясының екінші аптасы «Киелі мекен» тақырыбымен өтті. Бұл апта халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне тұспа-тұс келгендіктен, тазалық іс-шаралары тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмысына арналды.

Қалалық білім бөлімінің жалпы білім беретін мектептері экологиялық акция аясында ұйымдастырылған тарихи-мәдени ескерткіштер маңайын тазалау және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысты. Атап айтқанда, №2 Абай атындағы лицей, №7 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясы, №15 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейі, №25 Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі өз аулаларындағы тарихи тұлғаларға арнап қойылған ескерткіш мүсіндерді жуып тазалап, маңайын ретке келтірді. Ал, №4 жалпы білім беретін мектеп оқушылары Қараменде би көшесі бойындағы скверде орналасқан Қараменде би ескерткішінің маңайын қоқыс­тан тазалап, акцияға ерекше атсалысты.

Қаламыздағы бірқатар мектептер «Жасыл мектеп» жобасы бойынша жұмыс атқарады. Осы жоба аясында олар өз мектептерінің аулаларындағы тарихи тұлғалардың ескерткіштерінің алдына гүл егіп, оны баптап-күтіп, жаз бойы суарып өсіреді. Атап айтар болсақ, саябақтар, алаңдар, мәдени орындарға сенбілік жұмыстарын жүргізумен қатар, ондағы тал-дарақтарға күтім жасалды.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button