Экология – құрыш қаладағы өзекті мәселе
Теміртауда экологиялық ахуал тағы да күрделенді. Бұл жолы қара қардан көз ашпай келе жатқан қаланың іргесіндегі өзен суы ластанды. Металлургтер мекенін жылумен және электр энегриясымен қамтып отырған Қарағанды ГРЭС-1 мекемесінде апат болып, Нұра өзеніне өндірістік қалдықтар аққан. Осы мәселе бойынша Теміртауда облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен «Жасыл кеңестің» отырысы өтті. Толығырақ тарқатсақ…
«СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР…»
Қарағанды облысы шөлейтті аймақ санатында. Әрине, қара судан таршылық көріп отырған жоқпыз. Бірақ, кең далаға тіршілік нәрін сепкен өзен-көлдерді қорғаудың маңызы зор. Сондай ірі өзендердің бірі – Нұра. Оның да бір басына жетерлік экологиялық мәселелері бар. Кезінде талай айтылып, жазылған да. Енді келіп осы өзенге өндірістік қалдықтар қосылды.
Өзен суының ластанғаны туралы ақпаратты 11 ақпан күні әлеуметтік желіге жергілікті эколог Станислав Войцеховский жариялаған болатын. Осыдан соң, оқиға орнына облыстық экологиялық департаменттің «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы» РММ, «Теміртау қаласының Төтенше жағдайлар Басқармасы» РММ өкілдері, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары және Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ, «Bassel Group LLS» ЖШС директорының орынбасары барды. Экологтар өзен суынан сынама алып, оның қоршаған ортаға қаншалықты залал келтіргенін анықтауда.
– Зертхана бөлімінің мамандары алынған сынамалар бойынша судың ластану деңгейін және ластаушы заттарды анықтайды. «Bassel Group LLS» ЖШС-де кезектен тыс тексеру жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесі бойынша шара қолданылады, – деді Қарағанды облыстық экология департаменті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхаметов.
«Bassel Group LLS» ЖШС директоры Михаил Ешкуткиннің айтуынша, ескі құдықтың қабырғасы опырылып, өзенге күл араласқан су аққан. Бірақ, компания өкілдері хабар келіп түскен сәтте оның жолын бөгеп, судың ластануын тоқтатқан.
– Бұл құдық әбден ескірген және өндірістік мақсатта қолданылмайды. Біз жаңа құдық орнаттық және су тазалаушы сүзгілер қойдық. Ескі құдықты биыл жазда жауып тастауды көздеген едік. Бірақ, ойламаған жерден апат болды. Қазір сүңгуірлер тазарту жұмыстарын жүргізуде. Құдық толық жабылады және келешекте қоршаған ортаға зиян тигізбейді, – деді Михаил Ешкуткин.
ҚАРА ҚАРДАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?
Аймақ басшысы төрағалығымен өткен «Жасыл кеңес» отырысында Теміртаудың экологиялық ахуалын жақсарту мәселесі қаралды. Атап айтқанда, ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың мөлшерін азайту және қоршаған ортаны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу.
– Теміртау қаласындағы ауаға шығарылатын қалдықтардың 90%-ы «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ-на тиесілі. Қала экологиясының жақсаруы немесе күрделене түсуі осы алып кәсіпорынның жұмысына байланысты. Бүгінде компания Экология, геология және пайдалы қазбалар министрлігімен жасалған меморандум бойынша, облыстық жоспарлардың аясында қоршаған ортаны қалпына келтіру, зиянды қалдықтар көлемін азайту бағытында жұмыс істеп жатыр. Алайда, тұрғындар мұның нәтижесін көрмей отыр. Сондықтан да, осы бағыттағы жұмыстарды белсенді жүргізу қажет, – деді аймақ басшысы.
«АрселлорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басиннің айтуынша, қаладағы қара қар өндірістегі техникалық ақаулардың себебінен орын алған. Яғни, мазут толық жанбағандықтан, ауаға қара күйе таралған. Зауыт мұржаларына ауа тазартқыштар мен сүзгілер орнатылыпты. Десек те, өндіріс ошағының негізгі отыны – көмір болғандықтан, зиянды қалдықтар мөлшерін азайту айтарлықтай қиындық келтіріп отыр екен. Сондықтан да, ол облыс басшылығынан зауытты біртіндеп табиғи газға ауыстыру мәселесінде қолдау білдіруді сұрады.
ҚАРА ҚАР – КҮНДЕЛІКТІ КӨРІНІС
Қарағанды облыстық экологиялық музейдің директоры Дмитрий Калмыковтың айтуынша, компания қоршаған ортаны қалпына келтіру бойынша өз міндеттемесін тиісті деңгейде орындамай отыр екен.
– Қара қар мәселесі, тек, анда-санда ғана көрініс беретін оқиға емес. Біздің зерттеулеріміз бойынша ол – күнделікті қайталанатын жағдай. Әдетте оны тұрғындар байқай қоймайды. Қардың құрамынан металлургиялық өндірісте кездесетін элементтер табылды. Сондықтан да, қара қарға «АрселлорМиттал Теміртау» жауапты деп толық негізде айта аламыз. Және мұндай жағдай, тек, біздің елімізде ғана болып отыр. Әлемдегі осы компанияға тиесілі өндіріс орындарына зер салсаңыз, оларда қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтардың мөлшері 70%-ға дейін азайғанын көруге болады. Бұрын «Бізді Еуропа елдерімен салыстыруға келмейді» деген уәж айтатын еді. Қарап отырсақ, Оңтүстік Африка Республикасындағы зауытта да зиянды қалдық мөлшері азайған. Сонда біз Африкадан да төмен деңгейде тұрғанымыз ба?, – деді эколог Дмитрий Калмыков.
Өз кезегінде, аймақ басшысы бұған дейін компания басшыларына зиянды қалдықтар көлемін 30%-ға дейін қысқарту туралы тапсырма берілгенін атап өтті. Сондай-ақ, әлемдегі өзге өндіріс орындарындағы көрсеткіштерді ескере отырып, біздің елімізде де қоршаған ортаға барынша зиян келтірмей жұмыс істеу қажеттігін еске салды.
– Сіздер өңірдің экологиясын жақсарту бағытында белсенді жұмыс істеулеріңіз қажет. Ол үшін зауыт басшылығы Дмитрий Калмыков мырзаның зерттеулерін назарға ала отырып, тиісті шараларды қабылдауы тиіс, – деді Жеңіс Махмұдұлы.
Ал, «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Биджу Наир бүгінде зауытта технологияларды жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.
– Мен Теміртау қаласының экологиясын жақсарту жұмыстарын қолға аламын. Бұл үшін қаладағы барлық ұйымдармен және мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дайынмын. Ірі жобаларды жүзеге асыру үшін маған мемлекет тарапынан қолдау керек. Қазірдің өзінде көптеген жобаларды қолға алдық. Олар жұмыс істей бастағанда қаланың экологиясы да айтарлықтай жақсаратынына сенімдімін, – деді Биджу Наир.
ТҮЙІН
Жиын соңында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек қаладағы экологиялық апаттар бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сол тексерістердің нәтижесі бойынша апатқа кінәлі кәсіпорындар қолданыстағы заң нормаларына сай тиісті деңгейде жауапкершілікке тартылады.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ