Жаңалықтар

Экология мәселесі – балалар көзімен

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және «kids ZEREK» білім беру орталығы бірлесіп, «Экология және балалар» атты дәстүрлі XXVI облыстық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.

Конференция облыстың экологиялық мәселелерін талдау және оларды аймақтық деңгейде шешу жолдарын іздестіруді мақсат тұтты. Ғылыми шараға облыстағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп мұғалімдері, жас ғалымдар қатысты.

Zoom платформасында өткен жиынға облыстың түпкір-түпкірінен 150-ден аса ғылыми мақала келіп түсті. Оның ішінде 30 мақала іріктелді.

Қазылар алқасының шешімі бойынша I орынды «Чкалов елдімекенін тағы су баса ма?» мақаласының авторы, Теміртау қаласындағы №3 мектептің оқушысы Тоғжан Нұржанова иеленді. II орынға Қарағанды қаласындағы №32 мектептің оқушылары Мадина Туркменбаева мен Аянат Бертаеваның мақалалары лайық деп танылды. Әшім Аружанның да еңбегі (Қарағанды қ. №23 мектеп) осы орынға лайық саналды. Ал, III орынды үш оқушы өзара бөлісті. Теміртаулық (№4 мектеп) Рамазан Абдуллаев «Қазақстанда кездесетін өсімдіктер мен жануарлар» жайлы жазса, Никита Лукашев (Теміртау қ. №1 мектеп) «Сайгаки – живая легенда Казахстанских степей» атты тақырыпты талдап жазған. Ал, Балқаш өңірінің экологиялық мәселелеріне үңілген Балқаш қаласындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернатының оқушысы Жәнібек Қасымбеков жарады.

Онлайн жиын соңында жеңімпаздар және олардың жетекшілері ұйымдастырушылар атынан алғыс хатпен марапатталды.

Салтанат КЕҢЕСБЕКОВА,

Е.Бөкетов атындағы ҚарУ докторанты.

Басқа материалдар

Back to top button