Экоакция еріктілерінің үлкені
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аймағымызда да айтарлықтай сипат алды. Аудан, қала, ауылдағы ағайын игілікті іске бір кісідей әлі де атсалысуда. Әсіресе, Шет ауданы, Талды ауылында тұратын 72 жастағы Рымтай әжей Әбенқызының көк тракторын тізгіндеп, қыс бойғы жиналған күл-қоқысты сыртқа тегін тасып беруі таңқалдыратын жәйт.
Жасы жетпістен асса да, трактор айдап, үй мен түздің шаруасына әжей әлі тың. Еңбек жолын механизатор болып бастаған әжейдің көк тракторына деген құрметі ерекше. Ауыл әкімі дизель отынын құйып берсе болды, кез келген өтінішін жерге қалдырмайды. Көк шыққалы республикалық экоакцияның бел ортасында жүр. Тракторының жүк таситын тіркемесімен күллі қорда-қопсыны, күл-қоқысты ауыл шетіндегі полигонга тасып берді.
Мұнымен қоса, Рымтай әжей ауыл тұрғындары арасында өтетін «Таза аула» байқауының жыл сайынғы жеңімпазы. Қар еріген бетте ауласын елден бұрын тазартып қоятыны – ауылға деген құрметі, табиғатқа деген жанашырлығы.
– Рымтай әжей – ауылдың қадірлі анасы. Ауылға тілекші, жанашыр жан. Еңбекке ерте жасынан араласқан. Тыным таппайды. Даланың шаруасында да өзі жүреді. Ауылдан техника табылмай қалып жатса, бірден Рымтай әжейдің көмегіне жүгінеміз. Жанар-жағармайын құйып береміз. Көк тракторымен көп шаруамызды бітіріп береді. Міне, бір айдан асты, экологиялық сенбілікке еңбегін сіңіріп жүр. Қысы-жазы көмегін аямайды, еңбегін пұлдамайды. Осындай үлкендеріміз бар кезде, ауылдың береке-бірлігі арта түседі, – дейді ауыл әкімі Нұрлан Абжанов.
Рымтай Әбенқызы – Ақшатау ауылының тумасы. Ең алғаш 19 жасында жұмысқа механизатор болып орналасқан ол Талды ауылында тракторымен жер жыртып, шөп шауып, мал бордақылау алаңдарында еңбек еткен.
Рымтай әжейдің жолдасы Ғазиз Иманбеков те механизатор болыпты. Олар қырда бірге жарысып еңбек еткен. Бұл жайлы кейіпкеріміз естелігінде былай дейді.
– Үйден шығарда екеуміз екі трактормен қырға қарай жарысып баратынбыз. Дегенмен, менен озып кетсе, алаңдап артына қарайлап қоятын еді. Жаз бойы екі трактормен қатар жүріп, шөп шабатын едік. Күз келгенде қойшыларды көшіреміз. Техника болған соң, бұзылмай қоймайды. Тоқтай қалып, сайман-сауытымызды алып шығып, жөндеуге кірісіп кететін едік. Жолдасым еңбектен қашпайтын еді. Барлығын адал істейтін, – дейді асыл әжей.
Рымтай Әбенқызы тағдыр сынағына сынбады. Темірдей төзімділік танытты. Құдай берген екі ұлы, артынша асыл жары дүниеден озды. Бірақ, мойымады. Ішіндегі қайғы-мұңын еңбекке жұмсады. Ерік-жігерін тіктеді. Қазір екі қызы, алты немересінің тілеуін тілейді. Ауыл жұртының алақанында шексіз құрмет көріп отыр.
Ауыл анасы қара жұмысты талғамайды. Бір кездері құрылысқа да қатысып, ауылдағы үйлерді жөндеген. Түздің кез келген шаруасы әлі де қолынан келеді.
Әжей бір кездері бозкілемде де белдескен. Шет ауданының 80 жылдық мерейтойында әйелдер арасындағы күреске қатысып, ауыр салмақ дәрежесінде өзінің 58 келісімен біраз қарсыласының жауырынын жерге тигізгенін ел-жұрт әлі күнге дейін аңыз етіп айтады.
Еңбек адамы Рымтай әжей 1973-1974 жылдары депутат та болған. Халық қалаулысы ретінде Ақшатау ауылына қатынайтын жолдың салынуына үлесін қосқан.
Асыл әжейдің мынадай пайымы бар: «Ауылды түлету – ұлтты ұлы ету!». Сөз соңында, осыны бойтұмар етіп алған ауыл анасының ғұмыры ұзақ болсын демекпіз.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz