Жаңалықтар

Қарағанды облысында пробация бақылауынан өткен азаматтардың саны 570-ке жеткен

Бүгінгі таңда Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесінде ізгілендіру, адам тағдырына жауапкершілікпен қарау, қоғамға қауіп төндірмейтін сотталғандарға мүмкіндік беру қағидаты нақты іске асу сәтті жалғасуда. Соның жарқын көрінісі – пробация институтының дамуы. Пробация – жазаны өтеудің балама түрі ғана емес, адамды қоғамнан оқшаулаусыз түзетуге мүмкіндік беретін құқықтық әрі әлеуметтік тетік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бірнеше мәрте қылмыстық саясатты ізгілендіру, пробация жүйесін тиімді ұйымдастыру арқылы қайталама қылмыстың алдын алу мәселесін көтерген еді. Президент тапсырмасы аясында Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы пробация қызметі нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Қылмысты қайталамау, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік бейімдеу, сотталғандармен жекелеген жұмыс жүргізу сияқты бағыттарда атқарылған жұмыстар – әділетті қоғам мен қауіпсіз ортаны қалыптастыру жолындағы нақты әрі сенімді қадам.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Сандық көрсеткіштер, нақты жеміс

Темірдей тәртіп пен заң шеңберіндегі қызметті ту еткен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Қарағанды мен Ұлытау­ды ортақ құрылыммен қамтып, екі өңірдің түзету саласындағы жүйелі жұмысын бір арнаға тоғыстырып отыр.

Ұлытау облысында пробация қызметтері 5 аумақтық бөлімі арқылы жүйелі жұмыс істейді. Оның үшеуі – Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалаларында, ал, екеуі – Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында орналасқан.

Ал, Қарағанды облысында бұл қызметтер Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Балқаш қалаларын және Бұқар жырау, Осакаров, Нұра аудандарын қамтитын кең ауқымды желі ретінде құрылымданған. Бұл толыққанды жүйе сотталған әрбір азаматпен жекелей жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Қарағанды, Ұлытау облыстарында пробация бақылауында өткен азаматтардың саны 570-ке жеткен. Бұл өткен жылғы дәл осы мерзіммен салыстырғанда 31 адамға немесе 5,7 %-ға артық. Ал, есепті кезеңнің соңында 363 адам пробация бақылауында болды, бұл да 2024 жылғы көрсеткішке (348 адам) қарағанда жоғары.

Жаза түрлері

Ұлытау облысында пробация­да тұрған азаматтардың басты бөлігі – бостандығын шектеу жазасына кесілгендер, олардың саны – 255. Лауазым атқаруға немесе белгілі қызметпен айналысуға тыйым салынғандар – 50 адам, пробация­лық бақылаудағы шартты сотталғандар – 46, үкімнің орындалуын кейінге қалдырғандар – 9, қоғамдық жұмыстарға тартылғандар – 3 адам болса, түзету жұмыс­тарына кесілгендер саны биыл тіркелмепті.

Қарағанды облысында бостандығын шектеу жазасына кесілгендер басым, кейбір азаматтар әкімшілік түрдегі қоғамдық жұмыстар мен пробациялық бақылауды өткеруде.

– Дерек бойынша Ұлытау облысында 2025 жылдың алғашқы жеті айында пробация бақылауындағы азаматтардан бар-жоғы 3 қылмыс­тық құқық бұзу зардаптары тіркелген. Бұл 2024 жылы тіркелген тоғыз фактімен салыстырғанда 3 есе аз, яғни 33,3 % төмендеу. Осы құқық бұзушылықтар Жезқазған қаласында орын алған. Ал, Сәтбаев, Қаражал қалалары және Ұлытау мен Жаңаарқа аудандарында есептегі азаматтардан құқық бұзушылық анықталмаған. Бұл – профилактикалық шаралардың нәтижелілігін көрсетеді – дейді Ішкі істер министрлігі Қылмыстық‑атқару жүйесі комитетінің Қарағанды және Ұлытау облыс­тары бойынша департаментінің пробация қызметтерімен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы, әділет полковнигі Анар Уменова.

Қарағанды облысында да оң динамика байқалып отыр. Рецидив саны 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 15 %-ға азайған. Балқаш қаласында пробациялық бақылаудағы азаматтарды жұмыспен қамту көрсеткіші 20 %-ға артқан. Бұл әлеуметтік бейімдеудің маңыздылығын дәлелдейді.

Ресоциализация – басты міндет

Қайта бейімдеу – еліміздегі пробация қызметінің басты функциясы. Осы бағытта Ұлытау облысында жергілікті атқарушы органдарға 49 адам үшін өтініш жолданса, олардың 40-ы – жұмыспен қамту, 4-і – медициналық көмек, тағы 4-і – басқа әлеуметтік қолдау бойынша.

Қазірдің өзінде 26 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде, 9 адам — әлеуметтік квота негізінде. Сонымен қатар, 5 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, тағы 5 азамат жұмысқа орналасты.

Материалдық қолдау негізінде азықтүлік, киім-кешек және бір реттік қаржылай көмек көрсетілді. Ұлытау облысындағы материалдық көмек көлемі – 1 149 920 теңге, ал, Қарағанды облысында бұл көрсеткіш шамамен 4 000 000 теңге.

«Пробация – сотталған адамға екінші мүмкіндік бере отырып, қоғамды қорғаудың, әлеуметтік жауапкершілікті күшейтудің нақты механизмі. Президент Қасым‑Жомарт Тоқаевтың Жолдауларындағы «адамға бағытталған әділдік» қағидатын ұстану – біздің негізгі ұстанымымыз. Әр есептегі азамат – отбасы мүшесі, ел болашағы. Біз өзімізге жүктелген сенімді ақтауға тырысамыз», – дейді ол.

Пробация жүйесі көптеген дамыған елдерде құқық бұзушыны қоғамнан оқшауламай-ақ, оңалтуға мүмкіндік беретін тиімді құрал ретінде қалыптасқан. Мәселен, Норвегияда пробация қызметкерлері сотталған адамның отбасымен, жұмыс орнымен және жергілікті қауымдастықпен тығыз жұмыс істейді. Мұндағы басты ұстаным – жазалау емес, оңалту. Ал, Ұлыбританияда сотталғандарға психологиялық реабилитация бағдарламалары ұсынылып, олар қатаң мониторингпен қатар, жан-жақты қолдауға ие болады.

Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу, бос жұмыс орындарына жолдау, электронды білезікпен бақылау сынды игі істер елімізде де дұрыс жолға қойылған.

– Пробация бақылауында­ жүрген азаматтардың басым бөлігі – психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан көмекке мұқтаж. Олар көбіне шынайы қолдау таппай, күйзелістен немесе үмітсіздіктен қайта қылмысқа барады. Сондықтан, пробация қызметкерлерінің жұмысы тек әкімшілік бақылаумен шектелмей, сенім орната білуде. Әсіресе, мотивациялық сұхбаттар, топтық тренингтер және отбасылық кеңестердің рөлі зор. Бұл – сотталғандардың өзін тұлға ретінде сезінуіне, қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді», – дейді психолог маман Думан Нұрланұлы.

Қарағанды және Ұлытау облыстарында пробация жұмысы – еліміздегі құқықтық реформалар мен әлеуметтік бейімдеу бағытындағы нақты жетістіктердің айқын мысалы. Рецидив деңгейінің төмендеуі, сотталғандарды тұрақты түрде жұмысқа орналастыру, тәрбиелеу және қайта бейімдеу шаралары – бұл қауіпсіз, әділетті және қоғам орталығы бар Қазақстанды құруға бағытталған нақты қадамдар.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button