АймақҚарағанды

Ekin patrol ешкімді аямайды

Қарағанды көшелерінде жол ережесін бұзғандарды тоқтатып жатпай-ақ автоматты түрде айыппұл ресімдеп жүре беретін патрульдік полиция көліктері көбейе бастады. Ekin patrol деп аталатын бұл жүйе ереже елемегендерді аямайды.

Сурет zakon.kz

Облыстық полиция департаментінде бақылау камерасы барынша көп мұндай патруль көлігінің саны 11 еді. Биылдан тағы 17 ekin patrol жолға шықты.

Бұл ақылды полицей көлігі көбіне республикалық маңызы бар «Қарағанды-Балқаш», «Қарағанды-Жезқазған», «Астана-Қарағанды», «Қарағанды-Қарқаралы», Теміртау, Шахтинск тасжолдарында жүреді.

– Былтыр 15 мыңнан аса құ­қықбұзушылық тіркелді. Биыл ақылды патруль көлігі, тіпті, көбейді. Тоғыз камералы кешен көлік үстіндегі түрлі-түсті жарқылдатқыш құрылғысына орнатылған. Жол апатына көбіне себеп – жылдамдықты шектен тыс асыру. Мұнымен қоса, жолдың қарсы бетіне шығып кететіндер де көп. Ақылды кешен жол-көлік оқиғаларының алдын алады, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Рүстем Әденов.

Расымен, ережені елемейтіндер әлі де жетіп артылады. Қаладағы көлік қозғалысын бақылайтын қырағы камералар көбейсе де, көлік апаты азаймай тұр. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров жыл басталғалы бері облыс жолдарында 44 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адам қаза тауып, 58 адам түрлі жарақат алғанын айтады. Соның алдын алу үшін ақылды кешен орнатқан патруль көлігінің санын көбейтіп отыр.

Ekin patrol деп аталатын бұл жүйе айналасына «мен келе жатырмын» деп белгі беретін жарқылдатқышқа орнатылған «ақылды» қондырғы. Оның камерасы 360 градусқа дейін шолып, өзінен 70 метрге дейінгі қашықтағы автокөліктің нөмірін жазып алады.

Көлік үстіндегі «ақылды» камералар автоматты және нақты уақыт режимінде бірдей жұмыс істейді. Жол тәртібінің бұзылғаны туралы мәліметтердің бәрін жүргізушінің қажетінсіз бірден дерекқорға жіберіп отырады.

– Бақылау жүйесі жылдамдық мөлшерін асырған машиналарды жазып алып отырады және іздеудегі автокөліктерді анықтайды. Радары 120 метрге дейінгі радиуста жұмыс істейді. Мұнымен қоса, 70 метрге дейінгі көліктерді анық көре алады, – дейді Рүстем Әденов.

Аға инспектордың айтуынша, жаңа патруль жол бойында дұрыс тұрмаған көлікті де, жолдағы жолақтан асқан, қызыл белгіге өтіп кеткен көлікті де «шарт» еткізіп түсіріп алады. Жылжымалы бақылау жүйесінің басқа камералардан басты ерекшелігі – қаланың кез келген көшесінде тәулік сайын кезекшілік етеді.

Енді жол ережесін өрескел бұзатындар азаяды. Айтпай келген айыппұлға қалтасын кім қақтыра берсін? Көлік жүргізушілердің көбі жол бойындағы бір орында ілініп тұрған камералардың жанынан өткенде ғана ереже сақтайды, ал, жылжымалы камера кез келген жерде абайлап, ережені барынша ескеріп жүруге үйретеді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button