Ресми

Екібастұздың кебін кимес үшін…

Дерекке сүйенсек, Шахтинск ЖЭО 75 %-ы тозған. Қазіргі уақытта нысанның жөндеу жұмыстарына мамандар жетіспегендіктен, жұмыстың жүруі кестеден кешеуілдеуі байқалып отыр. Облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен жылу орталығына келіп, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Кейінгі 10 жылда Шахтинск ЖЭО-да негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл соның үш қазандығы мен екі турбинасы жөнделуде. Мұнда екі мердігер компания жұмыс атқарып жатыр.

Атап айтсақ, №1 жəне №4 қазандықтар бойынша жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Барлық материал жеткілікті. Ал, жұмысшы қолы жетіспейтіндіктен, № 3 қазандықты жөндейтін мердігер ұйым кестеден артта қалып келеді. Облыс əкімі аталған бригаданы 10 адамға дейін ұлғайтуды жəне жергілікті əкімдікке күн сайын жөндеу жұмыстарын бақылауды мұқият тапсырды. Ал, түтін соратын бөліктің шатыры апаттық жағдайда тұр. Қазір конкурс тық рəсімдер жүріп жатқандықтан, қыркүйек айына дейін шатыр жөнделеді деп жоспарлануда.

Энергия нысанының жөндеу жұмысымен танысқан аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қала басшылығы мен ЖЭО-ға жылыту маусымына дайындық үшін əр жауапты тұлғаның дербес жауапкершілігі бар екенін мықтап еске салды.

– Қыс мезгіліне дайындық үшін қалалар мен ЖЭО басшылығы жеке жауап береді. Егер маман жетіспейтін болса, қосымша адам жалдаңыздар. Қажет болса, тəулік бойы жұмыс істеңіздер! Энергияны қадағалау мамандары да күн сайын жұмысты бақылап отыруы керек, – деп атап өтті Ермағанбет Қабдулаұлы.

Сонымен қатар, облыс əкімі Теміртаудағы ЖЭО-2-нің де жай-күйімен танысты. Биыл металлургтер қаласында жылыту маусымы жетінші қазандықсыз өтеді. Оны салу мерзімі кешіктірілуде. Əлі де құрылыс алаңында жұмысшылар жетіспейді, негізгі жабдықты орнату кешігіп жатыр.

Бұл жылу көзіндегі жөндеу жұмыстары туралы облыс əкіміне ЖЭО-2 директоры Сергей Кривов баяндады.

– Қазір үш қазандық агрегатында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. №1 қазандықты 1 тамызда пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. №4 қазандықта конденсаторларды бөлшектеу жəне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бесінші қазандықта бу қыздырғыш бөлшектеледі. Екі қазандықты пайдалануға берудің жоспарланған күні – 30 қыркүйек, – деді Сергей Кривов.

Ермағанбет Қабдулаұлының айтуынша, жылыту маусымының қауіпсіз өту міндеттері ортақ жəне əркім оларды өз деңгейінде орындауға жауапты болуы тиіс.

– Теміртауда жылыту маусымы қалай өтетіні осы станцияға байланысты. Жоспардан артта қалып жатқандарыңыз – шындық. ЖЭО директоры мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы моральдық жəне заңды тұрғыда жауапты. Сіздер теміртаулықтарды тұрақты жылумен қамтамасыз етулеріңіз керек. Бұл – аса маңызды мəселе! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жəлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button