«Екібастұздағы жағдайдың қайталанғанын қаламаймын»
1 шілдеден бастап коммуналдық төлемдердің құны өседі. Аймақтағы табиғи монополия субъектілері Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне тарифтерді өзгертуге өтінім беріп отыр. Мəселен, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС жылумен жабдықтауды 26%-ға, «Оқжетпес-Т» ЖШС 26,07%-ға, үйдегі жарыққа жауапты «Қарағанды жарық» ЖШС 21%-ға, сумен қамтамасыз ететін «Қарағанды Су» ЖШС 21,77%, «Балқаш Су» ЖШС 13,42% жəне «Оқжетпес-Т» ЖШС 28,79% арттырмақ. Алайда, бұл əлі қарастырылып жатыр. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Данияр Сырымбетовтің айтуынша, тарифтің негізсіз жəне күрт өсуі болмайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Данияр Ойратұлы Үкімет ұсынып отырған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының мақсаты тариф, меншікті қаражат жəне (немесе) бюджеттік қаржыландыру есебінен желілер мен жабдықтардың тозуын 15%-ға төмендету екенін айтты.
– Департаментке жөндеу жұмыстарын ұлғайту жəне желілер мен жабдықтардың нақты тозуын азайту мақсатында инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге 17 өтінім түсті. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 9 өтінім бар. Тариф есебінен – 4 млрд. 399 млн. теңге, бюджет есебінен 3 млрд. 545 млн. теңге, – деді Данияр Сырымбетов.
Облыстың жылу энергетикасы саласында ұзақ мерзімді тарифтер бойынша бес табиғи монополия субъектісі бар. Олар: «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС, «Bassel Group LLS» ЖШС, «Оқжетпес-Т» ЖШС, «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС.
Спикердің айтуынша, жылумен жабдықтау қызмет субъектілерінің желілері мен жабдықтарының нақты тозуы – 55%-дан 75% аралығында. Бұл мəселені шешуге инвестициялық бағдарлама бойынша биылға қажетті қосымша жұмыстардың жалпы сомасы 1 млрд. 098 млн. теңгені құрайды. Бұл ретте тариф есебінен – 300 млн. теңге, бюджет есебінен 798 млн. теңге деп жоспарланған.
– Аталған бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қосымша инвестицияларды ескере отырып, жылумен жабдықтау саласындағы субъектілердің тарифі 5,98%-дан 22%-ға дейін өсуі күтілуде, – деді басшының міндетін атқарушы.
Электр энергиясын беру саласында жұмыс істейтін екі субъект – «Қарағанды Жарық» ЖШС мен «КРЭК» ЖШС бар. Олардағы желілер мен жабдықтардың тозуы 73%-дан 90%-ға дейін жеткен.
– Бағдарлама аясында бұл бағытта биылғы жылға қажетті қосымша іс-шаралардың жалпы сомасы – 1 млрд. 704 млн. теңге. Мұндағы тариф 3,67%-дан 23%-ға дейін өседі, – деді Данияр Сырымбетов.
Брифингте айтылғандай, сумен жабдықтау саласында да желілердің тозуы айтарлықтай. Ол 60%-дан 86%-ға дейін жетеді. «Қарағанды Су» ЖШС, «Оқжетпес-Т» ЖШС, «Жігер-Су» КМК, «Саранькоммунсервис» ШЖҚ КМК, «Шахтинскводоканал» ЖШС, «Балқаш Су» ЖШС, «АКВА-Трейдинг» ЖШС сияқты табиғи монополия субъектілеріне инвестициялық бағдарлама бойынша биылдыққа 3 млрд. 092 млн. теңге жоспарланып отыр. Сумен жабдықтау саласындағы тариф 2,22%-дан 20%-ға дейін өседі деп күтіледі. Бұдан бөлек, су бұру саласындағы тариф те өседі. Мұндағы желілер мен жабдықтарының нақты тозуы 66%-дан 92%-ға жеткен. Инвестициялық бағдарлама аясында жалпы сомасы 2 млрд. 051 млн. теңге қажет.
Данияр Сырымбетовтің айтуынша, тарифтің өсуі бір жағы сала мамандарының еңбекақысын арттыруға мүмкіндік береді.
– Мəселен, Теміртаудағы «Оқжетпес-Т» ЖШС мамандардың орташа жалақысы – 120 мың теңге, Шахтинскіде – 130 мың теңге. Кейбір субъектілерде 80 мың теңге көлемінде бекітілген. Сондықтан, мамандар бұл саладан кетіп жатыр. Еңбекақыны саладағы орташа еңбекақы мөлшерінде көтеру жоспарланған, – деді Данияр Ойратұлы.
Десе де, ол тарифтің негізсіз өсуіне жол берілмейтінін жеткізді. – Коммуникалдық саладағы желілердің тозуы айтарлықтай. Əсіресе, Теміртау қаласының жылу жүйесі қатты тозған. Дегенмен, өткен жылыту маусымында қала шыдап берді. Біздің аймақта Екібастұз бен Риддердің қайталануын қаламас едім. Сондықтан, сапалы жұмыс жүргізіп, жылу беру жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет. Бұдан бөлек, қалада канализация бойынша мəселелер көп. Бұл бағытта «Қарағанды Су» ЖШС ауқымды инвестициялық бағдарлама ұсынды. Ол да қазір қарастырылып жатыр. Қосымша инвестициялық бағдарламалар облыстық энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп бекітіледі. Шешім ай соңында қабылданады, – деді спикер.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz