«Екібастұз» есе жібермеді
Қазақстан Бірінші лигасының алғашқы бес туры мәресіне жетті. Бес ойынның қорытындысы бойынша қарағандылық «Шахтер» клубы турнир кестесінде 11 ұпаймен ІІІ орынға табан тіреді. Бірақ, жерлестер әлі жеңілген жоқ. Тек, соңғы екі ойында қарсыластармен тең тарқасып, ұпай жоғалтып алды. Өткен жолы көш басында тұрған павлодарлық «Ертіспен» тең түссе, бұл жолы «Екібастұз» командасымен сырт алаңда 2:2 тең тарқасты.

Ойын басталысымен жерлестер басымдыққа ие болды. Қос қапталдан кезек шабуыл жасап, қарсылас қақпасына қауіп төндірді. Бірақ, қарсылас команда қорғаушылары соққы жасауға мүмкіндік бермеді. Алаң иелері сапынан 20-шы минутта – Айдын Бралин, 38-ші минутта – Арман Варданян сары қағаз алып, кеншілер шабуылын тоқтатты. Бірақ, 39-шы минутта жерлестер тағы бір мәрте қарсылас қақпасын бетке алғанда қорғаушылар ойын ережесін бұзып, төреші шешімімен жерлестердің пайдасына пенальти беріледі. 11 метрлік айып соққысын Арман Нүсіп орындап, командасын есепте алға шығарды.
Бірақ, бірінші таймға қосылған қосымша уақытта алаң иелері сапынан Даниял Какенов таразы басын теңестірді. Бірінші тайм қорытындысы бойынша есеп – 1:1.
83-ші қарсыластар сапынан Шадман Бакиров есеп ашып, командасын алға шығарды. Әріптесі Әділет Үсенов сол қапталдағы Шадманға алаң ортасынан әуелете пас асырды. Ал, ол допты еркін қабылдап, тіпті, алдында тұрған қорғаушыны алдап өтті. Содан кейін допты оң аяғына қойып, алыстан соққы жасады. Ал, Игорь Шацкий бұл соққыға дайын болмады. Есеп – 2:1.
Ойынның аяқталуына соңғы минут қалғанда жерлестер таразы басын теңестіріп кетті. Гол авторы – Айдос Таттыбаев. Оң қапталдан бағытталған допқа Олжас Керімжанов бірінші болып барған еді. Бірақ, доп қақпаға емес, екінші қапталға ауысты. Осы тұста ашық тұрған Айдос допты қабылдап алысымен қақпаның жақын бұрышын көздеп, жойқын соққы жасайды. Ал, қақпашы Илья Сотник бұндайды күтпесе керек, соққыға тосқауыл жасай алмады.
Осылайша алаң иелері кеншілерге мінез көрсетіп, таразы басын тең ұстап қалды. Ал, жерлестер ойынның соңғы минутында гол салып, бір ұпайды қанағат тұтты.
Турнирдің көш басында 13 ұпаймен «Ертіс» клубы тұр. Ал, ақтаулық «Каспий» кейінгі ойынында қарсыластарынан жеңіліп қалса да, 12 ұпаймен ІІ орында. Енді кеншілер 16 мамырда өз алаңында «Ақтөбе» клубын қабылдайды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»