Бас тақырып

Шалғай елді мекендердің 90%-дан астамы кең жолақты интернет желісіне қол жеткізді

Қарағанды облысында екі ірі жобаны іске асыру аясында 219 ауыл сапалы интернетпен қамтылды. Осылайша, шалғай елді мекендердің 90%-дан астамы кең жолақты ғаламтор желісіне қол жеткізді. Ал, 2025 жылға дейін өңірде тағы осындай қос жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Естеріңізге салсақ, 2018-2021 жылдар аралығында ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өңірде екі ірі республикалық жоба іске асырылған еді.

– Бірінші жоба бойынша облыстың 47 ауылдық елді мекені талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтылып, барлығы 151 мемлекеттік мекеме ғаламтор желісін пайдаланды. Келесі жоба аясында облыстың 71 ауылы үшінші, төртінші буын мобильді кең жолақты интернетке қол жеткізді. Бұған дейін Ақтоғай ауданының Нарманбет, Қошқар, Ақжарық, Қарқаралы ауданының Көктас, Шет ауданының Ақой және Батық ауылдары тұрғындарының ұялы байланысы болмаған еді, – деп хабарлады Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы.

Жалпылай алғанда, 349 елді мекеннің 219-ы, яки, ауыл халқының 91,3%-ы кең жолақты интернетпен қамтылды.

Ендігі мақсат – 2023-2025 жылдар аралығында тағы екі жобаны іске асыру. Бұл жолы антенна-діңгек құрылысын көтере отырып, ауыл тұрғындарын РРЛ (радиорелелік желілер) технологиясы бойынша үй интернетімен қамтамасыз ету көзделді.

– Бірінші жоба бойынша ұялы байланыс операторларымен бірлесіп 21 елді мекен таңдалып алынды. Бұл маңдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін антенна-діңгек құрылыстарын салу басталмақ. Болжамды есеп деректері құрылысқа 978 млн. теңгеден астам қаражат қажеттігін алға тартады. Бұл соманы бөлу әзірге қарастырылу үстінде. Екінші жоба аясында өңірдегі 10 елді мекенді үй интернетіне қосу жұмыстары қолға алынуда. Бүгінгі таңда Нұра ауданының Тікенекті, Талдысай ауылдарын ғаламтор желісіне қосу үшін қаржы қарастырылып қойды. Жақын арада конкурстық рәсімдер басталады. Жыл соңына дейін ауыл интернет игілігін көретін болмақ. Қалған сегіз ауыл келер жылдың соңына дейін қосылады, – деп толықтырды ведомство мамандары.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button