Екі жаңа мектеп – ел игілігіне
Білім күнінде Қарағандыдағы «Күнгей» шағын ауданында 600 орындық жайлы мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Сондай-ақ, «Кеңдала» шағын ауданында 2000 орынға есептелген алғашқы жайлы мектеп жұмысын бастады.
Биыл аймақта 15 931 бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттады. Облыста барлығы 420 мектеп болса, онда 172 548 бала мен жасөспірім білім алуда.
Аймақта тағы 10 жаңа мектеп ашылады
«Күнгейдегі» мектеп құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталып, мердігер жұмысты бір жарым жыл ішінде аяқтады. Әлеуметтік жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылды. Шағын аудан құрылғаннан бері мұнда оқу орны болмағандықтан, оқушылар үйлерінен қашық орналасқан мектептерге баруға мәжбүр болды. Заманауи мектептерде балаларға сапалы білім беруге бар жағдай жасалған. Мектептің ашылуына арналған салтанатты шарада облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев балаларды және олардың ата-аналарын, мұғалімдерді білім күнімен құттықтады.
– Бұл күн – жаңа жобалар мен ізденістердің, идеялардың бастауы. Мемлекет білім беру саласына жіті көңіл бөледі. Осы бағытта облыста көп нәрсе жасалуда. Жыл соңына дейін облыста тағы 10 жаңа мектеп ашылады, – деді аймақ басшысы.
Жаңа мектепте бірінші сынып табалдырығын аттаған 100 оқушы партаға отырды. Оқыту қазақ және орыс тілінде жүреді. Жоғары сыныпта мектеп бітіретін бір ғана сынып бар. Білім ошағында штат толық құралған. Мұғалімдер байқау бойынша іріктеліп, жинақталды. Ғимараттың ауданы 10 мың шаршы метрден асады. Бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек блоктар қарастырылған. Ал, ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін қолжетімді орта құрылған.
Сондай-ақ, оқу орны заманауи стандарттар бойынша жабдықталған. Барлық кабинеттерде үлкен интерактивті тақталар бар. Трансформер-парталарды қажетті биіктікке реттеуге болады.
Алдағы уақытта мектептегі еңбек кабинеттерінде ұлдар ағаш ұстасы кәсібінің бастапқы машықтарын игере алады, қыздар тігуді және тамақ дайындауды үйренеді. Сонымен қатар, керамика шеберханасы да оқушыларды асыға күтеді.
Мұғалімдердің айтуынша, дене шынықтыру сабақтарын тек спорт залында ғана емес, далада да өткізуге болады. Мектеп ауласы үлкен болғандықтан, спорт және ойын алаңдары бар. Әр оқушы өз қалауы бойынша робототехника кабинетіне, бейнелеу студиясына, телестудияға бара алады.
– Бұл біздің көптен күткен арманымыз еді. Мектеп тез салынды. Бұған күнгейліктер қуанышты. Отбасым мұнда сегіз жыл тұрады. Осында көшіп келгенімізде су және жол жоқ еді. Шағын ауданымыз көз алдымызда дамып келеді. Бүгін жаңа мектепке немеремді бірінші сыныпқа алып келдім, – дейді «Күнгей» шағын ауданының тұрғыны Аманжол Махамбетшин.
Төрт мектептің жүктемесі азайды
Аймақтағы жайлы мектептің бірі ұлттық жоба стандарты бойынша «Кеңдала» шағын ауданында 2000 орынға шақталып ашылды. Жаңа ғимарат қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі төрт мектептегі жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді. Алдымен мұнда Әлихан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің оқушылары көшіп келді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қатысты.
– 1 қыркүйек – Сіздерді жаңа білім әлеміне жетелейтін кезеңнің бастамасы. Білім мен ғылым – табысқа жетудің басты кілті. Жас ұрпаққа жайлы, сапалы білім беру үшін қолайлы жағдайлар жасау – басты мақсатымыз. Жайлы мектептің қабырғасында сіздерді қызықты әрі әдемі болашақ күтіп тұрғанына сенімдімін, – деді аймақ басшысы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова сөз алып, мектепте даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалғанын атады.
– Сіздермен осындай ерекше күні бірге болғаныма қуаныштымын. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы – апатты мектептерді жоюға, оқушы орындарының тапшылығын еңсеруге және жайлы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған, – деп атап өтті министр.
Жайлы мектепке конкурс бойынша 150 мұғалім жұмысқа қабылданды. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар мен спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған. Ыңғайлы және қауіпсіз болу үшін алты кіреберіс пен шығатын есіктер жасалды.
Кабинеттер мен зертханалар заманауи талаптарға сай жабдықталған.
– Оқу барысы ыңғайлы әрі қызықты болуы үшін барлық жағдай жасалған. Маған әр қабатта коворкинг аймағының бары ұнайды. Мектепте төрт спорт залы бар. Бұл спортқа көп көңіл бөлінетінін білдіреді, – деп атап өтті 10-сынып оқушысы Дина Жұмабай.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»