Жаңалықтар

Екі тарап, ортақ мақсат

Облысқа Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен келді. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбекпен кездесуде екіжақты ынтымақтастықты дамыту әлеуеті сөз болды.

Бүгінде облыс аумағында экономиканың түрлі салаларында 67 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін неміс капиталының қатысуымен бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Олардың қатарында Linde Gas Kazakhstan өнеркәсіптік газ өндіру зауыты және Саран мен Ақадырда күн электр станцияларының құрылысы бар. Жыл сайын бірлескен кәсіпорындардың саны артып келе жатқанын айта кету керек. Бұған Саран қаласында индустриялық, облыс орталығында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймақтарын құру ықпал етеді.

– Біз неміс компанияларын тартуға мүдделіміз және оларға бірлескен кәсіпорындарды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайынбыз. Өзара ынтымақтастықты одан әрі арттыру үшін зор әлеует бар екеніне сенімдімін, – деді Жеңіс Қасымбек кездесуде.

Сонымен қатар, облыс басшылығы жоғары білікті мамандарды даярлауға мүдделі.

Бұл мәселеде неміс мамандары көмектесе алады. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру саласында тығыз ынтымақтастық жолға қойылған. Теміртау жоғары политехникалық колледжінде Evonik Industries AG компаниясымен бірлесіп, неміс дуальді оқыту моделі негізінде мамандар даярлықтан өтуде. Колледж оқытушылары мен студенттері 2015 жылдан бастап Дармштадт қаласында орналасқан оқу орталығында тағылымдамадан өтіп жүр.

Өз кезегінде Моника Иверсен облыстың экономикалық зор әлеуетін және неміс компанияларының өңір аумағында бизнесті дамытудың жақсы мүмкіндіктерін ие болатынын атап өтті.

– Биыл – Германия мен Қазақстан қатынасының орнағанына 30 жыл. Бұл – табысты әрі тығыз жұмыс жасаған жылдар болды. Әсіресе, экономика саласын атауға болады, – деді Моника Иверсен.

Өз тілшімізден

Суретті түсірген Р.ҚАЛИ

Басқа материалдар

Back to top button