Басты тақырыпЖаңалықтар

Екi тарап – бiр мүдде

     Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы және «ЭКСПО Дубай – 2020» бюросы басшылығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойылды. Рәсім Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары және Абу-Дабидегі «Болашақ энергиясы» бүкіләлемдік 10-шы мерейтойлы саммиті аясында жүзеге асты.

Құжатқа «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов пен «ЭКСПО Дубай 2020» бюросының атқарушы директоры Наджиб Мохаммед Аль-Али қол қойды.

Меморандум аясында екі жақ 2017 жылы – Астанада және 2020 жылы Дубай қаласында өткізілетін «ЭКСПО» көрмелеріне әзірлік барысында өзара қолдау көрсетуге келісті. Енді, халықаралық дәре­жедегі көрмені ұйымдастыру мен өткізудегі тәжірибе мен білім алмасу мақсатында екі жақ арасында арнайы жұмыс тобы құрылады. Оның әр тараптан тағайындалған алты мүшесі болады.

– Қазақстанның көрмеге дайындығы өте жоғары деңгейде. Астанада өткізілетін «ЭКСПО-ға» дайындық және «Болашақ энергиясы» тақырыбына қызығушылық деңгейі бізді тамсандырды. Сондықтан, көрменің сәтті өтетіндігін үлкен се­німмен айта аламын. Біздің ұйым «Астана – ЭКСПО» тәжірибесін зерт­теп, «ЭКСПО – 2020» көрмесін же­місті өткізуге мүдделі, – деді Над­жиб Мохаммед Аль-Али.

«Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов те осынау келісім туралы өз пікірін білдірді. Басшының айтуынша, меморандум өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға негіз болары анық. Әрі «ЭКСПО – 2017» көрмесін жоғары деңгейде өткізуге де септігін тигізеді.

Біріккен Араб Әмірліктері «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысатындығы туралы келісімшартқа 2015 жылдың қазанында қол қойған еді. БАӘ павильонының аумағы – 980 шаршы метр. Оның маңайына Франция, Бразилия, Аргентина және Мексика павильондары орналасады.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басты тақырыпТеміртау

Екі тарап – бір мүдде

Теміртау қаласында Қарағанды облысының үкіметтік емес ұйымдарының форумы өтті. Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында өткен жиында аталған ұйымдардың мемлекеттік мекемелермен өзара ынтымақтастығы туралы мәселелер күн тәртібіне шығарылды. Бұл туралы Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі мәлімдеді.

Өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар ұйымдастырушылардың бастамасына бірауыздан қолдау көрсетіп, өзара ынтымақтастық мәселесіне бейжай қарамайтындарын айтқан. Міне, форумның басты тақырыбы да екіжақты байланыстың өзекті мәселелері мен алдағы жоспарларын талқыға салуға негіз болған.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі теміртаулық жастар клубтарымен бірлесе отырып, форумға қатысушылар үшін мемлекеттік тапсырыс негізінде төрт пікірталас алаңын ұйымдастырыпты.

– Форум қатысушыларына ар­налған әдістемелік және ақпарат­тық нұсқаулықтары бар пікірталас алаңдары әзірленді. Ұйымдас­тырушылар секциялық жұмыстар барысында үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына зер салды. Бұл жұмыстар арқылы Теміртау қаласы тұрғындарының өзекті мәселелері өз шешімін табуы ықтимал деген болжам бар. Ал, мемлекеттік құрылымдардың міндеті – жобалардың жүзеге асырылу механизмін реттеу. Мәселен, қолдау көрген бастамаларды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, бизнес-әріптестер немесе еріктілер арқылы жүзеге асыруға болады, – деді Теміртау қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісова.

«Үкіметтік емес ұйымдар мен биліктің өзара ынтымақтастығы. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс». Бірінші пікірталас алаңы осылай аталды. Бұл, әсіресе, өз ісін мемлекеттік сатып алулармен байланыстырған ұйымдар үшін тиімді болды. Форумға қатысушылар спикер Н.Нелюбинамен, сала мамандарымен бірлесе отырып, мемлекеттік сатып алулардың веб-порталымен жұмыс істеу барысындағы және үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыруы барысындағы кемшіліктерін талқыға салды. Пікірталас барысында Теміртау шаһары тұрғындарының өзекті мәселелері, оларды шешудегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлі, жергілікті билік пен үкіметтік емес ұйымдар мүддесінің қаншалықты ортақ екендігі сарапқа салынды.

Ал, екінші пікірталас алаңы – «Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру саласындағы үкіметтік емес ұйымдар» алаңы. Мұнда ел Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудағы азаматтық сектордың үлесі жайлы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар Елбасының АҚШ астанасы – Вашингтондағы Самитте жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесін және «Ақ орамал» республикалық акциясының құндылығын дәріптеу ісін де кеңінен қаузады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Манифесіне қолдау көрсету мақсатында этно-мәдени бірлестік­тердің төрағалары жастарға, форумға қатысушыларға достықтың, бірліктің және келісімнің нышаны ретінде ақ жолақтар табыс етті.

Еріктілер – өзгеге қол ұшын беретін немесе түрлі іс-шара­лардың өткізілуіне атсалысатын жандар. Оның жарқын көрінісін «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне әзірлік барысынан айқын аңғарамыз. Бұл мақсатта еріктілерді оқыту және көптеп тарту көзделген. Осы тұрғыда жастарды еріктілер қатарына жұмылдыру, оларды жігерлендіру үшін үкіметтік емес ұйымдар мен билік өкілдері тарапынан бірлесе атқарылатын іс-шаралары да жиыннан тыс қалмады. «Үкіметтік емес ұйымдардағы еріктілер» пікірталас алаңы форумға қатысушылардың пікірін ортаға салды.

Үкіметтік емес ұйымдар арқылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін бизнес-құрылым­дардың әріптестігін алға тартуға болады. «Үкіметтік емес ұйымдар және бизнес» пікірталас алаңында форумға қатысушылар әлеуметтік әріптестік, бизнес қауымдастығы туралы өзара әңгіме өрбітті. Ашық пікір алаң­ына қалалық мәслихат депутаты, Қазақстан Республикасында Жеке кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету қауымдастығының президенті Владимир Быков та арнайы ат басын бұрды.

Форум барысында өткен ғасырдың 90-жылдарынан, 2000 жылдардан бері республикалық, халықаралық деңгейде бастама көтеріп жүрген үкіметтік емес ұйымдарға Теміртау қа­ласы әкімінің грамоталары және сыйлықтары табыс етілді. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамаларына қолдау танытып жүрген этно-мәдени бірлестіктер өкілдері, Нина Вахитова басшылық ететін қалалық ардагерлер кеңесі, «Жас көшбасшылар қауымдастығы», Теміртау жастар клубы сияқты ұйымдар бар.

– Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай келген форумның арқалаған жүгі ауыр. Себебі, үкіметтік емес сектордағы барлық күштерді жұмылдыру өте өзекті. Жастармен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, қиын жағдайға душар болған жандармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың, этно-мәдени орталықтардың осылай бас қосуы қуантады, – деді «Жас көшбасшылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Людмила Аникина.

Теміртау жастар клубының төрағасы Алексей Ломакиннің айтуынша, форумға қатысушылар сертификаттарға ие болды. Бұл іс-шара барысында жастар, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өз білік­тілік­терін жетілдірді. Білім мен сауаттылық үкіметтік емес ұйымдар секторындағы жобаларды жүзеге асыруға үлкен септігін тигізбек.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button