Жаңалықтар

Екі сөйлемеуші еді…

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында қазақстандық қоғамда тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына лайықты үлес қосқан тұлғаларға тиісті назар аударыла бастады.

Сурет автордікі

Осындай тұлғалардың бірі – өзінің барлық еңбек жолын Теміртау қаласын дамытуға арнаған біздің замандасымыз – Бағдат Рахимов.

Адам ретінде өте сабырлы, көпке сыйлы, жағымды, досқа адал, біртоға, қызметте қабілетті, аспай-саспай тыңғылықты іс тындыратын Бағдат Мұқашұлы Рахимов­тың өмірден озғанына жиырма жылдан асты. Ортамызда тірі жүрсе, 83-ке келер еді, дүрілдетіп тойлар едік-ау!..

Бұл енді өзді-өзімізді алдарқатқанымыз ғой… Өткен ғасырдың екінші жартысында 2,7 пайыз ғана қаракөздер тұратын ел экономикасының күретамыры болған Теміртау қаласында қазақ азаматтарының небір жақсылары мен жайсаңдары шоғырланып еді. Солардың бел ортасында Бағдат Мұқашұлы да болатын. Қазақстан Магниткасы дегенде ылғи да металлургтер аталып, құрылысшылар қауымы шет қалып жатады. Шынтуайтына келсек, комбинатты да, қаланы да салған сол кездегі бүкіл Совет Одағының түпкір-түпкірінен комсомолдық жолдамамен 1957-1958 жылдары келген құрылысшы жастар болатын. 1959 жылы келген 3000 қазақ жастары да еңбек жолдарын сол құрылыста бастағандары аян. Бұрнағы жылдары 1959 жылы қалада болған оқиғадан жастар көтерілісінен астар іздеп, әуре-сарсаңға түскендер мардымды ештеңе таба алмады. Табылуы да мүмкін емес еді, өйткені, арқаның қақаған қысында палаткаларда қыстауды өзгерту үшін бүлік салудан басқа амал да жоқ еді. Бұның өзі Теміртауға «қағылған-соғылғандар жиналған» деген қоғамдық пікір қалыптастырды. Осы уақытқа дейін анда-санда «Е-е-е… сол қаладан екенсің ғой!» деген кемсіту естіліп қалады. Осындай соқтықпалы соқпақты тарихы бар қаланың табалдырығын Бағдат Мұқашұлы 1967 жылдың күзінде Қарағанды политехникалық институтын бітіргеннен кейін аттап, сол кезден бас мердігер «Казметаллургстрой» тресінің «Коксохиммонтаж» құрылыс басқармасына бірден шебер болып еңбек жолын жалғастырады. Талай сатыдан өтіп, 1977 жылы Теміртау қалалық партия комитетінде құрылыс бөлімін басқаруға шақырылып, 1978 жылы екінші хатшы болып сайланады. Осы жылдарда Қарағанды металлургия комбинатында Совет Одағында теңдестері жоқ ақ қаңылтыр цехының құрылысы қарқын алып, жетінші кокс батареясын іске қосу мерзімі жақындап, арпалысып жатқан шақ болатын. Қаланың ең бір көркем, сәулетті жері болып жоспарланған Нұра су қоймасының жағасын қуалай бой көтеретін «3а» мөлтек ауданының құрылысы, тағы да басқа толып жатқан әлеуметтік нысандардың жүзеге асуына қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қазақша айтқанда «басымен» жауап беретін. Осы «басымен» дегеннен шығады, жоба бойынша 20 мыңдай адам тұратын тек қана 9 қабатты үйлер салынатын ауданға ауыз су мәселесі қаралып, жобада айтарлықтай қате жіберілгені анықталып, «Жоба бақылаушысына жобаға өзгеріс енгізу керек» демей ме мәжілісті басқарып отырған екінші хатшы. Оған жоба маманы: «Ол мүмкін емес, өйткені жобаға бөлінген қаржы толықтай игерілді», – десе керек.

Сонда Бағдат Мұқашұлы:
– Сен қайда отырсың?
– Екінші хатшының кабинетінде.
– Онда біліп қой «екінші екі қайталамайды», – депті. Ұшқыр ой, ұтымды сөздің ғұмыры мәңгілік болса да Совет үкіметінің уақытында нәтижесі нысанаға дөп тие бермейтін. Оның үстіне партия шаруашылыққа емес, саяси ахуалға басты назар аудару керек деген қағиданы қайта-қайта нығырлап, қарама-қайшылықтарды өрбітіп, байлап-матап ұстап отыратын. Қалай дегенменен коммунистік жүйенің әдістері мен іс жүргізу пошымы қанша қатып қалған десек те, Бағдат Мұқашұлы сияқты іскер азаматтардың пәрменімен түгел болмаса да, кейбір осындай күрмеуі қиын түйіндер шешіліп жататын.

Сол 1978 жылдың аяғында құрылыс­тағы партия ұйымдарын нығайту мақсатында «Казметаллургстрой» тресіне жіберіліп, партия комитетінің хатшысы болып сайланады.

Осы лауазымды қызметте істей жүріп, бар күш-жігерін бастапқы партия ұйымдарының жұмыстарын жақсартуға, олардың пәрменділігін арттыруға жұмсайды. Сол уақыттағы үлкен құрылысшылар ұжымының алдында бүкіл Совет Одағының экономикасына елеулі үлес қосатын, жаңа технологиялы, яғни, сапасы өте жоғары ақ қаңылтыр цехында құрылыс-монтаждау жұмыстарын өте жоғарғы деңгейде көтеру міндеті тұр еді. Салыстырмалы түрде аз уақыттың ішінде партия активін топтас­тырып, жұмысшылар арасында қарқынды жарысты ұйымдастыра білді.

Партия комитеті қаңылтыр цехы комплексінде айына екі рет партия тобының жетекшілері және саяси хабарламашылардың қатысуымен жедел кеңес-семинар өткізіп тұрды. Мұнымен қоса, партия комитетінің мүшелері комплекс торабында жұмыс істейтін құрылыс орындары партия ұйымдарының хатшыларымен алдын ала жасалған кестеде көрсетілгендей, күн сайын жұмыс орындарын аралап көріп, ондағы ахуалмен көзбе-көз танысып, қажет болған жағдайда қолма-қол шешім қабылданып, оны жүзеге асыруға бүкіл инженер-техникалық қауым жұмылдырылып, дер кезінде іске асырылып отыр­ды. Әрине, бұл бүгінгі басқару жүйесі мен экономикалық проблемаларды шешудегі тәсілдерге үлгі болмас та. Бірақ та, халық мүддесіне, өз істеріне адалдық тұрғысынан келсек, қолда тұрған билікті пәрменді қолдану қабілеті құптарлық. Қазір өз қолымыз өзімізге жетіп, ешкімге жалтақтамай, тізгін қолға тигенде дәл осындай адалдық лауазымды қызметтерде отырған кейбір өз қандастарымызға дарымауы өкінішті. Әсіресе, сыбайлас жемқорлық өршіп тұрғанда.

1981 жылы 14 қыркүйекте комбинаттың ақ қаңылтыр цехы құрылысында КСРО Минтяжспецстрой, Минмонтаж Спецстрой, КОБОК (ВЦСПС) ұйымдас­тырған бригадалық мердігерліктің ұйымдастыру тәжірибесін тапсыру бойынша Бүкілодақтық мектептің ашылуында құрылыс тресінің Б.Рахимов басқарған партия комитетінің ықпалы орасан, зор болды. Осының нәтижесінде мұнда алғаш рет толық көлемде толассыз орталық мердігерлікті, апталық-тәуліктік жоспарлауды қолдану енгізілді. Осындай жан алысып, жан беріскен, үлкен деңгейдегі ұйымдастыру қабілетінің арқасында 1982 жылдың бірінші қыркүйегінде қалайыланған 1400-1 станында кешенді сынақ жасалып тіркеледі, алғашқы ақ қаңылтыр алынды. Ал, сол жылғы 19 желтоқсанда осы цехтың бірінші кезегінің құрылысы аяқталып, отанымызға жылына 445 мың тонна ақ қаңылтыр өндірілетін алып қондырғы іске қосылды.

Сол уақыттардағы Совет Одағын басқарып отырған коммунисттік партияның 1981 жылғы ақпанында Мәскеуде өткен XXVI съезіне делегат болып сайлануы сөз жоқ Бағдат Мұқашұлының жұлдызды шағы – еңбегінің жанғаны болатын.

1982-1988 жылдары қаладағы Гагарин ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды, ал 1988-1990 жылдары Теміртау қалалық атқару комитетін басқарды.

Гагарин ауданын, соңынан қаланың атқару комитетін басқарған кезде Бағдат Мұқашұлы өзінің жоғары біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, Теміртаудың дамуына байланысты бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешіп, халықтың ризашылығына бөленген болатын.

1991 жылы Қарағанды облысының әкімі аппаратына шақырылып, қиюы кеткен экономиканы жандандыруға өз үлесін қосты.

Бағдат Мұқашұлы өзіне сеніп тапсырылған барлық мемлекеттік лауазымдарда жоғары азаматтық ұстанымын, жауапкершілігі мен бірбеткейлігін көрсетті. Ол үлкен еңбекқорлығымен, қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындау үшін айналасына пікірлес адамдарды жинай білуімен ерекшеленді.

Екі қыз, бір ұл өсіріп, немерелерін көріп кетті. Үлкен қызы Бибігүл – химия ғылымдарының кандидаты, Қарағанды медицина университетінің каферда меңгерушісі, ал, екіншісі – Жанна, адам дәрігері болып, қызмет атқарып келеді. Ұлы Сәкен – кәсіпкер. Зәуреш жеңгеміз Бағдат Мұқашұлының шаңырағына шаң жұқтырмай ұстап отыр.

Бірақ та, қанша уақыт ел басқарып, барлығы қолында тұрғанда жеке басының бір мардымды марапатқа ие болмағанына таң қалуменен келемін. Бұл дегеніміз, ол кісінің бойындағы қарапайымдылығын көрсетеді.

Қарағанды облысының игі жақсылары жиналып, Теміртау қаласындағы Чернышевский атындағы көшеге Бағдат Мұқашұлы Рахимовтың есімін беруге халықтан қолдау алып, қала әкімшілігімен келісіп, облыс әкімінен сұрап, өтініш етіп отыр. Бұл өте орынды игі іс деп есептеймін. Теміртау тарихы үшін және келешек ұрпаққа маңызы зор.

СМАҒҰЛДЫҢ Тілеубердісі,
Қарағанды металлургия комбинатының ардагері.
ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button