Жаңалықтар

Екі кәсіпорын – финалда

Қазақстанда өнім сапасы мен қызмет көрсету саласындағы жетістіктері үшін ТМД сыйлығын алуға арналған мерей­тойлық, оныншы байқаудың бірінші кезеңінің финалистері анықталды. Олардың қатарында «Бёмер Арматура» және «Дефектоскопия ҒТБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы хабарлағандай, байқаудың бірінші кезеңі сәтті өтті. Шарлы крандар шығаратын «Бёмер Арматура» ЖШС мен өнеркәсіптің мұнай-газ, тау-кен өндіру, металлургия және энергетика секторларында диагностикалаумен айналысатын «Дефектоскопия ҒТБ» ЖШС өздерін лайықты көрсетті.

ТМД сыйлығы – сапа саласындағы беделді наградалардың бірі. Конкурс екі жылда бір рет өткізіледі. Оның мақсаты – жоғары сапалы өнімдер мен қызметтердің экспортын ынталандыру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұйымдарында инновация­лық технологиялар мен тиімді менеджмент әдістерін енгізу.

2025 жылы байқау ТМД Экономикалық кеңесінің қамқорлығымен өтеді. Қазылар алқасы мемлекетаралық құрылымдардың, ұлттық тұтынушылар қоғамдарының, сауда-өнеркәсіп палаталарының және басқа да кәсіби қауымдастықтардың өкілдерінен тұрады.

– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы байқау хатшылығы қызметін атқара отырып, қазақстандық кәсіпорындарға ТМД деңгейінде өздерін танытуға көмектесіп, жан-жақты қолдау көрсетеді. Қарағанды облысы компанияларының ТМД сыйлығына қатысуы жергілікті бизнестің жоғары бәсекеге қабілеттілігін және оның жаңа көкжиекті бағындыруға дайын екенін көрсетеді, – деді облыстың кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button