Екі Бас жүлде табысталды
Қарағандыда Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған халықаралық айтыс өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жыр додасында Қазақстан мен шетелдік айтыс дүлділдері бақ сынады.
Екі күн бойы С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен айтыста қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, ең мықтыны таңдау қиынға соққан. Нәтижесінде, қазылардың шешімі бойынша екі Бас жүлде табыс етілді.
Халықаралық айтыс Қарағанды облысының әкімдігі және “Nur Otan” партиясының қолдауымен ұйымдастырылды. Сәкен Сейфуллиннің мерейтойына орайластырылған аламан айтысқа көрермен ретінде қатысып, ақындарға қолдау көрсету үшін Қарағандыға “Nur Otan” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы келді.
– Қарағанды халықаралық айтысты өткізу үшін кездейсоқ таңдалған жоқ, себебі Сарыарқа жерінде Сәкен Сейфуллин дүниеге келген. Бұл өнер түрі үлкен қолдауға ие. Айтыс халыққа өте жақын. Біз ақындардың өлеңдері арқылы адамдардың көңіліндегісін естігіміз келеді. Мәдени және рухани жаңғыру, дәстүрлерді сақтау – біздің саяси доктринамыздың құрамдас бір бөлігі, – деді Бауыржан Байбек.
Халықаралық айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман ақындар өте өзекті мәселелерді көтеріп, Сәкен болмысының бейнесін толыққанды аша білгенін атап өтті.
Айтысқа жиналған көрерменнің көптігінен залда ине шаншар жер болмады. Олардың көбісі ақындар сайысын тамашалау үшін шалғайдағы қалалар мен ауылдардан арнайы келген. Айтыс өнері майталмандарының арасындағы қызу сөз майданын жиналған қауым бар зейінімен қадағалап отырды. Бірінші күні жеті сағатқа созылған бәсекеде 9 жұп сөз қағыстырып, олардың 7-і ақтық сайысқа өтті.
Бас жүлдені Мақсат Аханов пен Жандарбек Бұлғақов иеленіп, әрқайсысы екі миллион теңге сомасында қаржылай сыйлықты қанжығалады.
I орын мен миллион теңге сыйақыны қазылар алқасы Өміржан Көпбосынов пен Бауыржан Шермединұлына табыстады.
II орын үш ақын – Дидар Қамиев, Мұхтар Ниязов және Төлеген Жамановқа бұйырды. III орынға бес ақын – Айбек Қалиев, Бүркітқазы Әділбек, Әсем Ережекқызы, Бекарыс Шойбеков және Нұрмат Мансұр тұрақтады. Тиісінше, ақшалай жүлде 500 және 300 мың теңгені құрады.
Сәкен Сейфуллин қорының арнайы сыйлығына Жеңішбек Тоқтабеков ие болды.
Айтыстың ең жас қатысушысы Жұлдызай Маратбековаға Асанәлі Әшімов қорының арнайы сыйлығы берілді.
Сонымен қатар ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
Барлық айтыскерлерге, қазылар алқасының құрамы мен ұйымдастырушыларға Сәкен Сейфуллиннің туған жері – Жаңаарқа ауданынан жеткізілген шапандар сыйға тартылды. Көрнекті ақын, танымал мемлекет және қоғам қайраткерінің мерейтойына орай арнайы шығарылған естелік медальдар табыс етілді.