Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Чех Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Ян Бартошекпен маңызды кездесу өткізді. Аталмыш кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ тарихи және мәдени мұраларды жаңғырту мәселелерін жан-жақты талқылады.

Чех делегациясы орталық облысқа ресми сапармен келді. Кездесу барысында өнеркәсіп, логистика, білім беру және гуманитарлық саладағы өзара тиімді іс-қимыл мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
– Қарағанды облысы – еліміздегі ең ірі индустриялық өңірлердің бірі. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша республикада көш бастап келеміз. Бүгінде біздің өнімдеріміз 50-ден астам мемлекетке экспортталуда. Алайда, Чехиямен арадағы тауар айналымы қазіргі уақытта қажетті деңгейде емес. Осы бағытта зор әлеует бар, біз оны бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев делегация мүшелеріне.
Өңір басшысы Қарағанды облысының геостратегиялық орналасуын атап өтті. Аймақ Азия мен Еуропа арасындағы ірі транзиттік хаб бола отырып, логистикалық әріптестікке кең жол ашады.
Чех делегациясының басшысы Ян Бартошек өз кезегінде Қазақстан мен Чехия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге тұрақты түрде мүдделі екенін әрі нақты ынтымақтастық нүктелері қазірдің өзінде айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, білім беру саласы – ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі. Өйткені, қазіргі таңда Чехияда үш мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда.
– Сапарымыздың негізгі мақсаты – тек экономикалық байланыстарды нығайту ғана емес, сонымен бірге, тарихи әділдікті қалпына келтіру. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Қарағанды облысының аумағындағы арнайы лагерьлерде болған чех азаматтарының тағдырын тереңірек зерттеудеміз. Зерделі зерттеулердің басты мақсаты – олардың жерленген орындарын анықтап, тарихи жадымызды құрметтеу, оларды еске алу. Бұл біздің қасиетті борышымыз, – деп атап өтті Ян Бартошек. – Әлбетте, Қазақстан тарапы Чехия жерінде қаза тапқан жауынгерлер туралы мәліметтерді іздестіруде біздің жан-жақты қолдауымызға үміт арта алады, біз әрқашан көмек көрсетуге әзірміз.
Кездесу соңында Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысының халықаралық әріптестікке әрқашан ашық екенін және әртарапты ынтымақтастыққа дайын екенін ерекше атап өтті.
– Тарихи жадыны сақтау мәселесінде біз барлық қажетті қолдауды көрсетуге әзірміз. Бұл біздің ортақ тарихи және мәдени құндылықтарымызды бағалаудың маңызды қадамы болар еді. Облыс экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мүдделі. Біз екі ел арасындағы байланыстарды тереңдету мен одан әрі нығайту үшін барынша күш-жігерімізді салуға дайынбыз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»