Руханият

Екі беттік ақпарат

«Корректор іздеп жатыр» дегенді естіп, облыстық «Орталық қазақстан» газетіне келдім. Мағауия Сембай ағамыз көзәйнектің астынан қарап күтіп алды. Сынақтан жақсы өтіп, жұмысқа қабылдандым. «Корректор болсаң да, жазып үйрене бер, өзіңе керек болады» деді басшы.

Бір күні журналист тапшы болып, алғашқы тапсырмамен жиналысқа бардым. Оқушылар арасында шағын шара өтті. Жауапты хатшының «блокнотыңа жазып отыр» дегені есімде, қойын дәптеріме жүргізушілердің сөзінен бастап, бұрқыратып жаза бердім. Үлгермей жатсам, ұялы телефонның диктофонын да қосып қоям арасында. Сөйтіп, «ақ тер, көк тер» боп шараны бітірдім. Жұмысқа келіп ақпарат жазуға кірістім. Екі беттей болды шамасы. Жауапты хатшы көлемін сұрағанда «екі бет» деп едім, талып түсе жаздады. Сөйтсем, ақпарат шағын жазылады екен және қажетті ақпараттарды ғана түртіп алу керек екен. Ал, кеп күлейік, қыран-топан күлкі… Ұялғаным-ай…

Өзімді «жорға» журналист сезініп кетсем керек шамасы… қазір де тісқаққан журналист болмасақ та, ақпарат жазуды білеміз. Газетке келмей тұрғанда да, орыс тілді журналдарға мақала жазып жүретінмін. Журналға көсілесің ғой армансыз. Соның әсері болса керек, ақпаратты екі бет қылып жазғаным, бірақ, одан ептеп арылып келемін.

Ойлап отырсам, мүйізі қарағайдай Мағауия ағам жұмысқа қабылдаған ең соңғы журналист екенмін. Мұның өзі – бір бақыт!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button