Екі адамды өлтірген қылмыскерлер сотталды
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық соты екі адамды өлтірген қылмыскерлерге үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сот айыпталушының бірін ҚР ҚК-нің 172-бабы («Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу») және 99-баптың 2-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамды өлтіру») бойынша 25 жылға бас бостандығынан айырып, қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтеу туралы үкім шығарды. Оның 5 жылын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі толық мекемесінде өтейтін болады.
Екінші сотталушыға үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ол ҚР ҚК-нің 434-бабы («Қылмыс жөнінде ақпарат жеткізбеу») бойынша айыпты деп танылды. Ол қауіпсіздігі орташа қылмыстық атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтейтін болады. Сот өкімі әлі күшіне енген жоқ», – деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, бірінші сотталушы жәбірленуші тарапқа 1,5 млн теңге өтемақы төлеуі тиіс. Екінші сотталушы жәбірленушілерге заңгерлік қызметтерге кеткен 300 мың теңгені төлеуі міндеттелді. Сондай-ақ, сот азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жәбірленуші тарапқа материалдық шығынды өндіріп алуға құқық берді.
Еске сала кетейік, Теміртау қаласының 31 жасар тұрғыны Қазақстанның азаматы бола тұра бірнеше рет Украина аумағына заңсыз барып, қарулы кикілжіңге қатысқан. Қазақстанға оралған соң сотталушы көліктерді жөндеумен айналысады. Айыптылар жұмыс істеген гараждарын жалға алған, алайда, уақтылы төлем жүргізбеу салдарынан гараждың иесімен ара-тұра сөзге келіп қалып жүрген. Осындай ұрыстардың біреуінде сотталушы нысан иесі мен оның туысын өлтірген.