Бас тақырыпЖаңалықтар

«ЭКСПО» ӨМІРШЕҢ ЖОБАҒА АЙНАЛДЫ

ЕХРО  халықаралық көрмесі өткен жылы мәресіне жетті, бірақ бұл ЕХРО аумағында тіршілік тоқтағанын білдірмейді. Бүгіндері ЕХРО нысандарында жұмыс көрігі қызып тұр, «Нұр Әлем» сферасына келушілер  көбеймесе, азайған емес.

«Нұр Әлемде» – бар әлем
Былтыр өткен Халықаралық ма­мандандырылған ЕХРО – 2017 көрмесі «Болашақ энер­гия­сына» арналғаны белгілі. Көр­ме­ге қатысушы елдер энергия өн­діру­дің балама технологияларын тан­ыстырғаны да есте. Сол үрдіс бү­гін де үзілген жоқ. ЕХРО көр­ме кешеніндегі «Нұр Әлем» сфе­ра­сы – «Болашақ энергиясы» мұ­­­ражайында энергияның бар­лық түрімен таныстыратын тұтас ан­самбль салтанат құрып тұр. Ал оны­мен сізді роботтар таныс­ты­ра­ды. Мәселен, бірінші қабатта «Қор­қыт» атты робот қазақтың қо­нақжайлығымен таныстырып, қа­зақ халқының дәстүрін аңыз­дар­мен байланыстыра баян­дайды.
«Жеңіс» атты робот жасыл тех­­нология саласындағы жеңіс­тер мен жаңалықтарды сөз етеді. Ол ауаға көмірқышқыл газын тас­тамай отын өндіретін тер­мояд­­ролық реактор Токамакпен та­ныстырады.
Екінші қабаттағы «Каспий» гид­­роэнергетикадағы сауаты­мыз­ды кө­тереді. Дәл осы гид­роэ­нер­ге­ти­­каның арқасында әлем жұрты энер­гияның 75 пайы­зына қол жет­кізіп отыр. Теңізден алы­на­тын энергия ту­ралы «Толқын» атты робот ай­тып береді. Тол­қын­нан энергия өндіретін «Пи­ла­мис» жобасымен де осы жерде та­нысасыз. Үшінші қабатта сізді «Нью­тон» атты робот ерекше реп­ликамен қарсы алады «Менің атым Ньютон, менің басыма жаңа ғана алма құлап түсті» де­ген­де еріксіз жы­мия­сыз. «Нью­тон» кинетикалық энергия кө­зі­мен таныстырады, мысалы, мұн­­да кинетикалық ве­лосипедті тебу арқылы қанша қуат өн­діре­тініңізді көре аласыз. Адамның қи­мыл-қозғалысынан бөлінетін энер­гия туралы ақпа­рат­тан соң қоз­ғалыс дегеніміз – өмір екен ғой деп ой түйесіз. Дәл осы қа­бат­­тағы «Қайрат» «Нұр Әлем­де­гі» қайратты робот екенін мо­йын­­дайсыз. Ол «Энергия дөң­ге­легі­нен» өндірілетін энер­гия­ны кө­руге шақырады. Себебі, әр жек­­сенбі және мереке күндері бел­­гілі цирк артисі Мұрат Мұ­тұр­­ғановтың Smile шоуы «Энер­гия дөңгелегінде» цирк қойы­лы­мын өткізеді. Команда сақ­тан­дыру­сыз жұмыс істейді.
Төртінші қабаттағы жап-жа­сыл әлемде «Форестпен» тілде­се­сіз, сөйтіп, өсімдік майынан ав­токөлікке арналған сұйық отын жасалатынын білесіз. Жо­ғары сападағы биодизельдің Ят­рофа деп аталатын ағаштан алы­натыны да сізге жаңалық болуы мүмкін. Айтпақшы, осы қа­баттағы «Ятрофа» атты робот био­техникалық зертханада эта­нол өндірудің сырымен бөлі­-седі.
Бесінші қабаттағы «Самал» мен «Дауыл» жел энергиясымен жә­не жел генераторымен та­ныс­тырады. Алтыншы қабатта күн энер­гиясы туралы білімімізді көте­ретін «Гелиос» қарсы алады, әрі қарай «Сәулемен» саяхат жа­сайсыз. Ол күн энергетикасы­ның жаңа технологияларымен таныс­ты­­рады.
Жетінші қабаттағы «Венера» ға­рыш энергиясымен таныстыр­са, өзін нағыз пилот санайтын «Ме­теор» роботы Ғарыш кеме­сін­дегі ғарышкерлер өмірімен та­ныстырады. Айтқандай, же­тінші қабаттан қазақтан шыққан тұң­ғыш ғарышкер Тоқтар Әу­бәкіровтің скафандрын көруге болады.
Сегізінші қабатта «Болашақ» пен «Бақыт» Қазақстан аста­на­сының дамуымен таныстырады. Сондай-ақ мұнда шыны кө­пір­мен жүріп, 100 метрлік биік­тік­тен бірінші қабатқа дейін­гі тір­шілікті көресіз. Диа­метрі – 80, биік­тігі – 100 метрді құ­райтын сфе­раның шатыры күн панель­дерімен, жел генера­тор­ла­ры­мен жарақталған. Олар «Нұр Әлем» сфе­расы тұтынатын энергияның 25 пайызын өндіріп тұр. Осы­лай­­­ша, «Нұр Әлемде» сіз­ге ақыл­­­­ды 17 робот-гид қыз­метін ұсына­ды.

ЕХРО-ның эксклюзивті шоулары
ЕХРО көрме кешені аума­ғын­­да Астана тұрғындары мен қа­ла қонақтары үшін мәдени және ойын-сауық бағдарлама­лары жасалған. Ол бағдарлама­лар­дың арасында сіз армандаған жобалар да бар. Мәселен, «Нұр Әлем» сферасында 5 шілдеден бас­тап танымал әзілкеш, биші, ар­тис робот –Титан өнер көрсе­тіп жүр. Ол Әбу-Дабиде Фор­му­ла-1 гран-приінде, Ұлыб­ри­та­ния­даңы iRobo премьерасында, Сочидегі Олимпиаданың ашы­луын­да өнер көрсеткен әлемге әйгілі робот. Титан робот жарты са­ғаттық қойылымында қонақ­тарын қуанту үшін ән де салады, би де билейді. Әр күн сайын са­ғат 12:00, 15:00, 18:00-де «Нұр Әлем­нің» бірінші қабатында өте­тін Titan’s Show-ды жіберіп ал­маңыз. Өйткені Титан робот Астанада 29 шілдеге дейін ғана өнер көрсетеді. Ал оқу жылы бас­талғанда оқушылар мен сту­денттер үшін химиялық шоу көр­­сетілмек.
«Нұр Әлем» сферасында өте­тін шаралар көрме тақыры­бына сай іріктелген. Соның бірі – Вир­туалды өмір аумағы ЕХРО-ға келушілердің сүйікті орнына айнал­ған. Мұнда арнайы көзіл­дірікті киген соң Астана мен Ал­матыны құс ұшатын биіктікте та­машалай аласыз. Этноауылды да аралап, садақ атып, ежелгі қо­­нысқа саяхат жасау мүмкін­ді­гіне ие боласыз. Мұның барлығы арнайы бағдарлама арқылы жү­зеге асады.
Айта кетейік, Мұрат Мұтұр­ға­новтың «Энергия дөңгелегі» мен TITAN THE ROBOT SHOW шоуына қатысу үшін, сондай-ақ вир­туалды өмір аумағына кіру үшін «Нұр Әлем» сферасына кі­ру билетін сатып алсаңыз жек­ті­лікті.
Астана мерейтойына арналған сый
ЕХРО көрмесіне келушілер үшін ашық аспан астында ор­на­ласқан Жазғы сахнада демалыс күндері қызықты бағдарламалар ұсынылады. 7 шілде күні өткен Ас­тананың 20 жылдығына ар­нал­­ған концертте жастардың ку­­миріне айналған Ninety One то­бы мен Raim & Artur дуэті, «Джейран» тобы өнер көрсетті. Дәл осы күні концертке 7 мың­нан астам адам келіпті. Енді бұл сахнада демалыс күндері қазақ эстрада жұлдыздарының кон­церті, музыкалық ертегілер мен цирк бағдарламалары көрсе­ті­леді. Жазғы сахнадағы бағдар­ла­ма­ның барлығы тегін екенін еске саламыз.
Айтқандай, Жазғы сахнадағы кон­цертке қатысушылардан қол­таңба алғыңыз келсе, мар­ха­бат. Ол үшін концерт болатын кү­ні «Нұр Әлемге» келіп, автог­раф алып, «селфи» жасай аласыз.
ЕХРО көрме кешеніндегі Конг­­ресс орталықта өтетін әлем­­дік жұлдыздар концерті ақы­лы. Мысалы, 22 шілдеде Ди­ма Билан «Опять 35» атты жеке концертін осы орталықта өт­кіз­бек. Концертке билет ала оты­рып, «Нұр Әлем» сферасына бір рет­тік тегін кіру мүмкіндігі бе­­рі­леді екен.
Сонымен қатар MuzZone ар­насының Еуразия музыкалық сый­лығын тапсыру салтанаты, танымал америкалық иллю­зио­нистер шоуы, Виктор Цойдың «КИНО» тобы шығармаларының симфониялық оркестрдің орын­дауында болатын концерттері өтеді. Гитарадағы барлық пар­тия­ларды «КИНО» тобын құру­шы­лардың бірі, рок-музыкант Юрий Каспарян орындайды. Жыл соңы «Золотой грамофон» сый­лығын тапсыру салтана­ты­мен жабылады.
Егер қаланың мазасыз у-шуы­нан шаршасаңыз, жан тыныш­ты­ғын қаласаңыз да ЕХРО аума­ғы­на келіңіз – мұнда фонтан­дар­дың музыкалық от шашуын та­ма­шалап, саябақта демалуға бо­лады.
Астана тұрғындары мен қо­нақ­­тары үшін жайлы да та­ным­дық демалыс ұйымдастыруды мақсат еткен компания бизнес өкіл­дерінің жаңа ұсыныстарын қа­растыруға да әзір. Барлығы да сапалы сервис үшін. Ал жуырда ЕХРО көрме кешенінде цифрлы Ха­лыққа қызмет көрсету орта­лы­ғы мен «Қазпоштаның» цифр­лы бөлімшесі ашылды.
ЕХРО көрме кешеніне жа­са­ған бір күндік саяхатымыздан түй­геніміз: мұнда тіршілік қай­нап тұр. Сандарды сөйлетсек, «Нұр Әлемге» 6-8 шілде аралы­ғын­да 12 мыңнан астам адам кел­ген. Жазғы сахна ашылғалы бе­рі әр демалыс сайын кем де­генде 7 мың адам концерт көруге ке­леді. Бұл ЕХРО көрмесі жо­ба­сының өміршеңдігін көрсетсе ке­рек.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Back to top button