Басты тақырыпРуханият

Егіз ғұмыр – егіз жыр

       Алматыға аттың басын тірегенімізде ақын Қасым атамыздың: «Үстімде сұр шинелім, Ақсаңдай басып келемін…», – деп басталатын өлеңі тіл ұшына орала берді. Өйткені, өлең өлкесінде адымдап, алшаңдай басқан, әдебиетке қадау-қадау еңбектерін, өлмес өлең қалдырған Қасымның жыры, ғасырдың жыры Арқадан, ақ басты Алатауға Мирас АСАН мен Жадыра БАЙБҰЛАНОВА арқылы қайта түлеп барғандай болды.

Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында ерлі-зайыпты ақындар Мирас пен Жадыраның «Егіз лебіз» атты оқырмандармен кездесу кеші өтті. Осыдан үш жыл бұрын басталған «Алтайдан Атырауға дейін» атты жоба аясында ұйымдастырылған қарағандылық қос ақынның кешін белгілі ақын Бауыржан Әліқожа тізгіндеді. Мирас Асан сол күні орда бұзар отызға келсе, Жадыра Байбұланованың «Қағаз жүрек» атты жыр кітабының тұсауы кесілді. Өнерде де, өмірде де жұптары жарасқан екі ақынның кешіне қалам ұстап, ой кешкен ақын-жазушылар, өнер майталмандары арнайы келіп қатысты.

Алдымен жалғанның жарығын көрген «Қағаз жүрек» кітабының тұсауын кескен Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы, ақын Мұрат Шаймаран, әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай, ақын Мақпал Мыса оқырманды әдемі жырға бөлеп, талантымен талайды тамсандырып, жасындай жарқыраған ақындардың өлеңін жоғары бағалады.

Маралтай ақын Мирастың замандастарынан оқ бойы озып алда келе жатқандығына тоқталып, Жадыраның қайсарлығын және тереңдік пен шеберлігі ұштасқандығын айтып, ҚР Жазушылар одағының атынан сый-сияпат жасады.

Бұдан кейін игі шараның шымылдығын әнімен түрген әнші Ерлан Төлеутай көптің көңілін серпіді. Кеш иелеріне кезек келгенде көңілдің керегесі тіпті кеңейе түсті. Мирас пен Жадыраның арасындағы диалог пен монолог жыр кестесі жүректерді қозғады.

Мирас: «Сүйемін деп сүйгем жоқ сені жаным,

Күйемін деп көбелек бармайды отқа!» десе,

Жадыра: «Өмірдің аязы түк емес,

Қинайды сендегі салқындық!» – деп назданды. Осылайша екі ақынның ортасындағы жыр байланыс жырмен өрбіп, көрерменді әлдилеп әкетті. Ақындардың жырынан басқаларға ұқсамайтын ой мен өзгеден бөлек бояуын байқадық.

Сонымен қатар, Бақыт Беделхан, Дәурен Қуат, Ерғали Бақаш, Мақпал Жұмабай, Батырхан Сәрсенхан, Перизат Жаңғылышбаева бастаған бір топ ақындар ізгі лебіздерін білдіріп, жырдан шашу шашты. Осы күні әнші-сазгер Қадырғали Көбентай Жадыраның сөзіне жазылған әннің тұсауын кессе, дәстүрлі әнші Берікбол Ахметов Арқаның әнін салды.

Өлеңі нәзік, шыншыл һәм қаузап жүрген дүниесі мен арқалаған жүктеріне дейін ортақ ақындардың отбасына қатысты сұрақтар да аз болмады. Тиегі ағытылған тілектер де астатөк. Сырт көзге ұқсас көрінгенімен бүгінгі буынға өзгеше леп ала келген құбылыс екендіктерін жүздесу барысында дәлелдеді. Бекзада болмыс пен ақындық ар, шығармашылық даралық жарқын көрініс алды. Кештің тобықтай түйінін өлеңмен түйген Мирас пен Жадыра жыр кешінің өтуіне мұрындық болған өнердің жоқшысы Ғазиза Құдайбергенге алғыстарын жеткізді.

Бәрін айт та, бірін айт, ақындықтың киесі Қарағанды мен Алматы арасында алтын көпір салды. Поэзия патшалық құрып, жыр жалауы желбіреді.

Нұрдос КӘРІМ

ҚАРАҒАНДЫ – АЛМАТЫ –

ҚАРАҒАНДЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button