Ресми

Егістікке ерте қамдандық

Биыл көктем ерте келгендіктен фермерлер жерді егіске ерте қамдады. Қазіргі таңда егін науқаны басталып, жалпы 192 мың га жерге дән себілді.  Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов мәлімдеді. 

Облыста егіс науқанының қорытындысы шығарылды. Биыл жаздық егіс алқабы, картоп, көкөніс отырғызу көлемі артпақ. Фермерлер жоғары сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды көбірек қолдануға көшеді.

– Жоспардың толық атқарылуына сәл-ақ қалды. Атап айтар болсақ игерілген 192 мың гектардың 9 мыңына дәнді дақылдар, 338 мың га көкөністер, ал, 5300 гектар жерге картоп отырғызылды. Қамбадағы тұқым қоры жоспарды толық атқаруға жеткілікті. Оның ішінде 106,5 тонна дәнді дақылдар қоры, 42 мың тонна картоп қоры бар. Олардың барлығының тұқымдыққа жарамдылығы тексерілді. Бүгінгі күні қордағы тұқымның 96 пайызы егіске толық жарамды болып шықты. Алда облысымыздың барлық өңірлерін егістікте қызу жұмыс күтілуде. Осыған орай техника мен жанар-жағармай мәселесі де біржақты болады, – деп сендірді Сырым Бейсебайұлы.

Былтыр Қарағанды облысында картоп пен көкөніс алқабының көлемі артатыны айтылған еді. Биылғы жерге сіңірілген дақылдар көлемі мұны растауда. Биыл көктемде дәнді дақыл егілетін алқап 1 105,5 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 43,7 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 957,2 мың га, майлы дақылдар – 59 мың га, жемшөп дақылдары – 76,2 мың га жерге егіледі. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында картоп отырғызу 12 мың га алқапқа жоспарланған – өткен жылмен салыстырғанда 526 га, көкөністер – 1,7 мың га артық.

Сырым Бошпановтың айтуынша жоспардың орындалуы жаман емес. Тұқым мен егіске қатысты мәселе жоқ. Бірінші репродукциялы және элиталы тұқымдарды пайдалану артады. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштарды қолдануға басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде жерді ұтымды пайдалану және өнімділікті арттыру үшін қажет. Өңірде суармалы жердің көлемі де алдағы уақытта ұлғайтылады. Сондай-ақ, биыл егіс науқанына 10 мыңға жуық трактор, 248 егіс кешені және 4774 сепкіш қолданылуда. Арзандатылған дизель отынын бөлу де қарастырылған. Егін егу үшін фермерлер «Кең дала» жеңілдікті несиелеу бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауды пайдаланып бастап кетті. Бұдан басқа, бюджеттен субсидиялар беруге, оның ішінде тұқым шаруашылығын дамытуға, пестицидтер мен минералды тыңайтқыштар сатып алуға қаражат бөлінген болатын. Облыс бойынша егіс науқаны мамырдың басынан бастау алды.

Сондай-ақ, ауыл-аудандарда да жұмыс көші ілгерілеуде. Бүгінгі таңда облыста 290 ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, 6 238 фермерлік және шаруа қожалығы, 1 155 халықтың жеке қосалқы шаруашылығы тіркелген. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпкерлер. Агробизнес­ті тиімді жүргізуі мақсатында 6 мыңнан астам ауыл шаруашылық құрылымдарына 2 млрд. 180 млн. теңге көлемінде нақты мемлекеттік көмек көрсетілген еді. Оның ішінде 299,6 млн. теңге – облыс бюджетінен. «Осыған сай атқарыла бастады», – дейді басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бейсебайұлы.

Жалпы, «Кең-дала» бағдарламасы бойынша көктемгі науқанды қаржыландыруға 140 млрд. теңге қарастырылған, ол шамамен 2 млн. га алқаптағы егінді жинауды қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта фермерлерге 133,8 млрд. теңге төленді.

Сондай-ақ, азық-түлік корпорациясы форвардтық сатып алу бағдарламасын жалғастырып, ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тауарлық кредиттер беруді бастады. Оған кемінде 70 млрд. теңге көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша аймақта биыл дәнді дақылдармен көкөністерден тапшылық болмайды. Енді тек жоспардың толық жүзеге асуы ғана қалды.

Жан Амантай,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button