Бас тақырып

Егіс науқанына дайындық қалай?

Биыл өңірде егіс алқабы 1,2 миллион гектарды құрайды. Аграрлық салада майлы және жем-шөп дақылдарын егу, картоп пен көкөніс отырғызу көлемі ұлғайтылады. Дайындық жұмыстары толық аяқталды: ауыл шаруашылығы техникасы 100% дайын, жоғары өнімді тұқымдар сатып алынды. Сонымен қатар, аграршылар минералдық тыңайтқыштарды белсенді түрде қолданбақ.

Аталған мәселелерді пысықтау мақсатында облыста агрокеңес ұйымдастырылып, оған ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев, салалық кәсіпорын басшылары, ғалымдар, қаржы институттары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қатысты. Кеңес барысында егіс науқанына дайындық пен мемлекеттік қолдау шаралары жан-жақты талқыланды.

– Мемлекет басшысы аграрлық ғылымды дамыту, селекцияны жетілдіру, заманауи технологияларды енгізу, техниканы жаңарту және қаржыландыруды қолжетімді ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттарда нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Біз ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, суармалы жерлерді айналымға қайтару, жаңа нысандар салу және бұрынғыларын жаңғырту жұмыстарын жалғастырамыз. Сонымен қатар, өнімділікті арттыру мен дақылдар алуан түрлілігіне көшуге баса назар аударамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Министр Айдарбек Сапаров өз сөзінде мемлекеттік қолдау тетіктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, көктемгі егіс жұмыстарын несиелеу көлемі биыл рекордтық 700 миллиард теңгеге дейін артқан. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу үшін 200 миллиард теңге бөлініп отыр. Жеңілдікпен қаржыландыруға қолжетімділік 5%-ға кеңейтілді.

– Президент ауыл шаруашылығы саласын жаңа даму кезеңіне шығаруға және бес жыл ішінде жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайтуға нақты тапсырма берді. Осыған байланысты әрбір бағыт бойынша шаралар қамтылған Жол картасы әзірленді, – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, Айдарбек Сапаров өсімдік өсірушілерді мал шаруашылығын дамытуға белсенді қатысуға шақырды. Бұл ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтуға, жем-шөпке деген сұранысты арттыруға және нарықта сұранысқа ие өнім өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Осы мақсатта мал шаруашылығын дамытуға берілетін жеңілдетілген несиелер көлемі де ұлғайтылатын болады.

Өз кезегінде «Шахтерское» ЖШС басшысы Георгий Прокоп мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне тоқталды. Биыл шаруашылық егіс көлемін 7 мың гектарға арттырып, жалпы 42 мың гектарға жеткізген. Алқаптарды әртараптандыру мақсатында зығыр, мақсары мен рапс сияқты майлы дақылдар егілуде.

– Біз ақпан айында 5% мөлшерлемемен несие алдық. Тыңайтқыштарды желтоқсанда сатып алдық. Техниканың лизингі кепілсіз, жылдық 5%-бен жүзеге асты. Бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған! 24 жаңа трактор сатып алдық, төрт мың тонна тыңайтқыш алдық. Бұл – біздің тарихымызда бұрын болмаған жағдай. Биыл егістікті екі рет өңдейміз. Бұл – болашақ егініміздің кепілі, – деді Прокоп.

Аграрлық кеңестен кейін Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеке қабылдады. Кәсіпкерлер министрге асыл тұқымды мал өсіру, инвестициялық жобалар, ет кластерін құру сияқты маңызды мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен бірге кеңес аясында ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі өтіп, жаңа үлгідегі өнімдер таныстырылды. Өндірушілер өз өнімдерінің алуан түрлілігін паш етті.

Бұл – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беретін нақты қадам. Егіс науқанына жасалған тыңғылықты дайындық пен көрсетілген мемлекеттік қолдау еліміздің агросаласын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button