Егіс алқабы ұлғайса, өнім арта ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі» деді. Облыста көктемгі дала жұмыстарына дайындық әл-әзір ойдағыдай жүріп жатыр. Бүгінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қажетті техниканы дайындайды, тұқым себеді, әрмен қарай тыңайтқыш сатып алумен айналысады. Биыл жаздық егіс 1,2 млн гектар алқапқа жоспарланған. Жердің көп бөлігі дәнді дақылдарға бөлінбек.

«Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәлімдемесі агроөнеркәсіп кешенінің стратегиялық маңыздылығын айқындайды.
Ауыл шаруашылығы – тек экономиканың емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да негізі. Азықтүлік қауіпсіздігі мен ауылдағы халықтың әл-ауқаты осы саланың дамуына тікелей байланысты. Осы орайдағы облыстың жарқын жетістіктері – аграрлық секторды қолдаудың және заманауи технологияларды енгізудің нақты нәтижесі. Мемлекет пен бизнестің мүдделері тоғысқан жерде өнімділік артып, ел экономикасының өсіміне серпін беріледі. Алдағы егіс науқанына қойылған міндеттер – осы даму жолындағы маңызды қадам. Жауапкершілік пен жаңа тәсілдер арқылы ауыл шаруашылығы шыңдала түседі, демек, ауылдағы ағайынның да тұрмысы жақсарады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізу қажеттігін атап өтті. Аймақ басшысы тұқымдарды тексеру, минералды тыңайтқыштарды сатып алу және жеңілдікті дизель отынын жеткізу бойынша уақытылы рәсімдер жүргізуді тапсырды. «Сарыарқа» ӘКК, ауыл шаруашылығы басқармасымен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, картоп пен көкөністің тұрақты қорын құру үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен форвардтық келісімшарттар мәселесін пысықтауы қажет.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов былтыр облыстың ауыл шаруашылығында соңғы 13 жылда алғаш рет рекордтық дәнді дақылдар өнімі алынғанын қаперге салды.
– Егіс науқанының басында қалыптасқан қиын ауа райына қарамастан, қажырлы еңбектің, мемлекеттік қолдау шараларының және қарқынды технологияларды қолданудың арқасында облысымыздың шаруашылықтары 1,3 млн тоннадан астам астық жинады. Бұл көрсеткіштерге қарқынды технологияларды қолдану есебінен қол жеткізілді. Минералды тыңайтқыштарды енгізу алаңы 136 мың гектарға ұлғайтылды, – деп атап өтті спикер.
Иә, ауыл шаруашылығын – тұрақтылық пен табыстың діңгегі дейтін болсақ, өңір диқандарының қажырлы еңбегі мен озық технологияларды игеруі өз жемісін беріп, аймақ рекордтық өнімге қол жеткізді. Бұл – бір сәттік жетістік емес, жүйелі жұмыстың, сарабдал жоспарлаудың және мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Алдағы егіс науқаны да дәл осындай жауапкершілікпен атқарылса, ауыл шаруашылығы саласы жаңа белестерді бағындырып, азықтүлік қауіпсіздігін нығайтуға өз үлесін қоспақ. Еңбек пен инновация үйлесім тапқан жерде өрлеу бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин егіс науқанына дайындық туралы мәлім етті.
– Биыл егіс алқабы 100,3 мың гектарға ұлғайтылып, 1 млн 188,6 мың гектарды құрайды. Дәнді дақылдар 956,9 мың гектар алқапқа егіледі. Бұл ретте бидай егісі 10,8 мың гектарға төмендеп, 756,1 мың гектарды құрайды, – деп хабарлады ол.
Әртараптандыру аясында майлы және жем-шөп дақылдарының алқаптары ұлғайтылады. Сондай-ақ, картоп 12,3 мың гектарға және көкөніс 1 мың гектарға көбірек егіледі. Міндет – өнімділікті және өнім сапасын арттыру. Сондықтан, сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды пайдалану ерекше назарда. Осы ретте суармалы жерлерді ұлғайту жұмыстары да жалғасын таппақ. Егіс науқанына 10,5 мың трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам тұқым сепкіш және 9,7 мың бірлік өзге де техника жұмылдырылады. Негізгі бөлігі дайын.
Ал, алқаптарда ылғалды сақтау үшін қар ұстау амалдары жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден арзандатылған дизель отынына өтінімдер қабылданады. Тұқым шаруашылығын дамытуға субсидиялар, пестицидтердің, тыңайтқыштардың құны және су жеткізу бойынша шығындар түрінде мемлекеттік қолдау көзделген. Егіс науқанына дайындық үшін қаражат қажет екендігі аян. Жеңілдікті несиелер «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламалары бойынша беріледі.
Алдағы егіс маусымының қарбаласы басталып кеткенімен, диқандардың басты мақсаты – уақытты тиімді пайдаланып, мейлінше мол өнім алу. Қажетті техника әзір, тұқым мен тыңайтқыш жеткілікті, мемлекеттен субсидия мен жеңілдетілген несие қарастырылған. Жауын-шашын мөлшері қолайлы болса, алқаптардан алынатын өнім көлемі артып, азықтүлік қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Дегенмен, барлық күш-жігерді дұрыс ұйымдастырып, агротехникалық талаптарды сақтау – шешуші фактор.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»