Аймақ жастары жасанды интеллектке сүйенген жаңа жоба ұсынды
Облыс аумағында ауыл шаруашылығына тың серпін беретін отандық жоғары технологиялы жоба іске қосылды. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің екі түлегі мен бір қызметкері негізін қалаған AgroSky стартапы дрондар мен жасанды интеллектке сүйенген жаңа басқару жүйесін ұсынып, фермерлердің шығындарын айтарлықтай азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Жобаның басты артықшылығы – дәл деректерге негізделген шешім қабылдау. Арнайы жабдықталған дрондар егістік алқаптарын жүйелі түрде әуеден шолып, мультиспектрлі бейнелер жинайды. Бұл деректер онлайн-платформаға жіберіліп, жасанды интеллект алгоритмдері арқылы өңделеді. Нәтижесінде жүйе егістік пен топырақтың нақты жағдайын талдап, проблемалы аймақтарды анықтайды, тыңайтқыштардың оңтайлы мөлшерін есептейді және суару бойынша дәлме-дәл ұсынымдар береді.
Мұндай тәсіл суды, тыңайтқышты және жанармайды шамадан тыс жұмсаудың алдын алып, ресурстарды тек шын мәнінде қажет учаскелерге бағыттауға жол ашады. Алдын ала есептеулерге сәйкес, AgroSky технологиясы су, тыңайтқыш және жанармай шығындарын шамамен 30 пайызға қысқартып, ал, егін өнімділігін 10-15 пайызға дейін арттыра алады. Бұл – қазіргі климаттық және экономикалық жағдайда фермерлер үшін аса маңызды көрсеткіштер.
Жүйенің тиімділігі биылғы жазда нақты тәжірибе жүзінде тексерілді. Дрондар алғашқы далалық сынақтардан сәтті өтіп, нақты ғылыми деректер жинады.
– Жартас ауылының маңындағы алқаптарда тәжірибелік-ғылыми әуебақылау жүргіздік. Негізгі мақсат – мультиспектрлі деректер жинап, алгоритмдердің нақты жағдайда қалай жұмыс істейтінін тексеру болды. Жиналған материалдардың негізінде егістіктердің жағдайын көрсететін егжей-тегжейлі карта әзірледік. Ол фосфор, азот, калий және көміртектің жоғары шоғырланған аймақтарын, сондай-ақ, агрономиялық стресс белгілері байқалған учаскелерді анықтап берді. Бұл деректер жабдықты калибрлеу, алгоритмдерді нақтылау және жүйені жаңа пилоттық сынақтарға дайындау үшін аса қажет, – дейді жобаның ғылыми жетекшісі Дмитрий Ожигин.
AgroSky-дың дамуы тек жергілікті деңгейде шектеліп қалған жоқ. 2025 жылдың көктемінде стартап халықаралық аренада таныла бастады. Команда GCIP 2025 (Global Cleantech Innovation Programme) бағдарламасына қатысуға өтініш беріп, халықаралық менторлардың кеңесіне, оқыту бағдарламаларына және кәсіби сараптамалық қолдауға қол жеткізген.
Акселерациялық бағдарламаға іріктеу кезеңдері күрделі әрі бәсекелестікке толы болған. Жобалар инновация деңгейі, экологиялық тиімділігі, ауқымдану мүмкіндігі және технологиялық дайындық деңгейі бойынша бағаланыпты. Шамамен 250 өтініштің ішінен AgroSky GCIP-Kazakhstan бағдарламасына өткен 50 үздік команданың қатарына енді. Бұл – жобаның технологиялық әлеуеті мен өзектілігін айқын дәлелдейтін көрсеткіш.
– Акселераторға қатысу біз үшін зор серпін берді. Бұл гипотезаларымызды тексеруге, өнімді жетілдіруге, сарапшылардан құнды ұсыныстар алуға және жобаның дамуына арналған нақты әрі жүйелі стратегия құруға мүмкіндік туғызды, – дейді команда жетекшісі.
Бүгінде AgroSky – тек технологиялық стартап қана емес, қазақстандық ауыл шаруашылығын цифрландыруға бағытталған нақты шешім. Дрондар мен жасанды интеллектті ұштастыра отырып, қарағандылық жас ғалымдар мен инженерлер фермерлерге шығынды азайтып, өнімді көбейтуге жол көрсетіп отыр. Бұл – ауыл еңбегін жеңілдетіп, агросекторды тұрақты әрі тиімді дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



