Жаңалықтар

Егіндібұлақта жаңа спорт кешені

Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында тұрғындардың өтініші бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. 100 орындық ДСК-де балалар мен ересектердің белсенді демалысы үшін барлық жағдайлар жасалған.

Екі қабатты ғимаратта спорт залы мен күрес залы бар. Спортзалға паркет төселген. Мұндай еден жабыны спортпен шұғылдану үшін берік және жарақатты азайтуға бейімделген. Заманауи тренажерлер орнатылды.

– Тұрғындар спорт кешенін салуды сұрады. Бұл аудандағы спортты дамытуда жасалған ілгері қадам. Балалардың бос уақытын осында өткізетіні керемет. Болашақта осы жерден көптеген спорт түрлерінен чемпиондар шығады деп үміттенеміз, – деді ДСК ашылуында футболдан жаттықтырушы Мағжан Әбжан.

Ауыл тұрғындары қазақ күресі, волейбол, футбол, гандбол, баскетбол, дзюдо секцияларына қатыса алады.

– Кешеннің ашылуы – біздің ауыл үшін тарихи оқиға. Мен өзім спортшымын, бұрын ММА-мен айналысқанмын, бірақ қазір футболға көштім. Енді біз жастармен бірге кентімізде футбол дамытатын боламыз, – дейді Егіндібұлақ тұрғыны Аян Төлеу.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауыл тұрғындарын ДСК ашылуымен құттықтады.

– Егіндібұлақ ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Бүгін біз заманауи спорт кешенін ашамыз. Ауыл жастарынан үлкен жетістіктер күтеміз, – деді өңір басшысы.

Қазіргі уақытта облыста 2782 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның 980-і ауылдық жерлерде. Жыл сайын аймақта көптеп спорт нысандары салынуда, бірақ оларға деген қажеттілік әлі де жоғары.

gov.kz

Басқа материалдар

Back to top button