Бас тақырып

Егіндібұлақта ауыл күні атап өтілді

Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылының тұрғындары ауыл күнін атап өтті. Бұл шараның егіндібұлақтықтар үшін орны – ерекше, тағылымы – мол. Себебі, 1995 жылы дәл осы ауылда қазақтың кемеңгер биі, әділдігімен ұлтымыздың абыройы болған, елінің мәртебесіне айналған Қаздауысты Қазыбек бабамыздың ескерткіші орнатылған болатын. Ауыл халқы содан бері жыл сайын шілде айында ауыл күнін тойлауды дәстүрге айналдырған. Тек пандемия кезінде тоқтап қалғаны болмаса, ауыл халқы дәстүрден жаңылған емес.

 

Ауыл күнінің ашылу салтанаты Егіндібұлақ стадионындағы баба ескерткішінің жанында өтті. Шараға арнайы келген аудан әкімі Ерлан Құсайын тойға жиналғандарды құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

– Ауыл – біздің күретамырымыз, адастырмайтын темірқазығымыз. Ат байлар атамекеніміз. Құтты қонысымыз. Бәріміз ауылдың шаңына аунап өстік. Шыбықты ат қылып мініп, ойнап өстік. Сондықтан, ауылдың орны бөлек, жүрегімізге жақын. Біз ауылдан көшкенімізбен, ауыл біздің жүрегімізден көшпейді. Ауылдың өсіп-өркендеуі – барлығымыздың тілегіміз. Сол жолда бірге қызмет қыламыз. Ауыл күні құтты болсын, – деді Ерлан Бейсенбайұлы.

Тойдың ашылу салтанатынан соң ауыл мешітінде Құран оқылып, әруақтарға дұға бағышталды.

Аталған шараның тағылым мол екенін айтады Егіндібұлақ ауылының әкімі Мейірлан Сәдуақасов. Себебі бірлікке, татулыққа, бірлікке шақырып қана қоймай, ауылдың жан-жақта жүрген түлектерінің басын қосып, ынтымағын жарастыра түспек. Одан бөлек, мәдени, концерттік іс-шаралар, театрландырылған қойылымдар көрсетіледі.

– Ауыл күні тұрғындардың, ауыл түлектерінің, демеушілердің қаржысына өтеді. Пандемия кезінде 2-3 жыл тойланбай қалғаны болмаса, жыл сайын шілде айында өткізу дәстүрге айналған. Биыл 15 киіз үй тігілді. Аламан бәйгеден бөлек, жаяу жарыс, балуандар күресі, кір тасын көтеру, қол күресі сияқты ұлттық ойындар дәріптеледі. Аудан кәсіпкерлері де өз өнімдерін жарнамалап, саудаларын қыздыруда – дейді Мейірлан Темірханұлы.

Сондай-ақ, облыстық «Алтын тай-2023» додасы да дәл осы Егіндібұлақта, ауыл күніне орайластырып өткенін айту керек. Бәйгеге Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев арнайы қатысты.

Бәйгенің бас жүлдесі – жеңіл автокөлік Шет ауданының Еркіндік ауылынан келген сәйгүлік – «Жезкиікке» бұйырды. Аттың иесі – Талғат Қабди.  

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button