Абай ауданында егістік алқаптарының күзгі жиын-терін жұмыстары жылдағыдан ерте басталды. Оған жаз айларында жаңбырдың жиі жауып, арасында күннің қатты ысып, агротехникалық шаралардың да дер кезінде жүзеге асырылғаны да себепші болғаны анық. Енді мезгілінен бұрын піскен егістік өнімдерін шашпай-төкпей жинап, қамбаға құйып алуға абайлық диқандар бел шеше кірісіп кеткен.
Жалпы, ауданның Топар, Южный кенттік және Қарабас ауылдық округтерінен басқа 11 ауылдық округтеріндегі ауылшаруашылық құрылымдарының 131-і немесе 65 пайызы бұл жауапты науқанға бастан-аяқ қатысып отыр. Олар сонау көктем уақытында 39360,5 гектар жерге дәнді дақылдар, 3157 гектарға майлы дақылдар тұқымын сеуіп, 6572 гектарға картоп, 754 гектарға көкөніс, 12328 гектарға жемазық отырғызған еді.
– Бітік шыққан егіннің биылғы өнімі көңіл қуантады, – дейді Абай ауданының ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жанар Сұрауханова. – Кешегі күнге дейін 10642 (27 пайызы) дәнді дақылдар (бидай, арпа, сұлы) егістігі орылып, одан 20826 тонна астық жиналып, бастырылды. Яғни, аудан бойынша орташа есеппен оның түсімі гектарына 19,6 центнерден айналуда. Тіпті, Көксу ауылдық округінде ол 22 центнерді құрады. Қазірде егін басында жүрген 124 комбайн (екеуі биыл сатып алынған) орақ науқанын 18-20 күнде аяқтайды деген ойдамыз.
Жанар Сұрауханованың айтуынша, осы жолы картоп пен көкөністен де мол өнім жиналатын түрі бар. Өйткені, бүгінге дейін жиналған 760 гектар (12 пайыз) картоп алқаптарынан 15200 тонна өнім алынып, ол да гектар басына 200 центнерден айналып отырса, әзірге жиналған 10 гектар көкөністің де әр гектарынан 250 центнерден өнім түсуде. Ауа райы қалыпты жағдайда болса, көкөністі жаппай жинау қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде қолға алынбақ.
Күзгі дала жұмыстары үшін тиісті 1490 тонна дизель отынын жеткізудің операторы болып белгіленген «Мұнай Company» ЖШС оның әр литрін 245 теңгеден уақытылы босатып жатқан көрінеді.
Сонымен бірге, ауданда қысқы мал азығын қамдау жұмыстары да жалғаса түсіп, қар түскенше 89,1 мың тонна жемшөп әзірлеу міндеті де тұр.
Егер абайлықтар қазіргі қарқынынан танбаса, бұл науқанды да күздің қара суығына ұрынбай, тәмамдайтын болады.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы