Соңғы апталарда жиілеген жауын-шашын егін жинауға айтарлықтай кедергі келтіруде
Ауа райының тосын мінезіне қарамастан, алқап басында маңдай терін төгіп, толассыз еңбек етіп жатқан диқандар қауымында дамыл жоқ қазір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық тапсырмалары шеңберінде егін орағының қызған шағы бұл. Аграрлық саладағы осы маңызды жұмыстар облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында егжей-тегжейлі сараланды.

Биыл облыс бойынша дәнді дақылдардың жиын-терім алаңы 914,7 мың гектарды құрады. Оның ішінде бидай – 779,2 мың гектар, арпа – 117,3 мың гектар. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру аясында майлы және малазықтық дақылдардың егістік көлемі ұлғайған. Майлы дақылдар – 78,1 мың гектар, картоп – 10,7 мың гектар, көкөніс – 1,0 мың гектар жерге егілді.
Биыл орташа өнімділік гектарына 10,3 центнерді құрайды. Жалпы, дәнді дақылдардан шамамен 1,0 млн тонна астық жиналады деп күтілуде. Оның ішінде бидай – 817 мың тонна. Көшелі көлем тұқымдық қорды қалыптастыруға әрі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық міндеттемелерін өтеуге жеткілікті болмақ.

– Картоп бойынша орташа өнімділік гектарына 253,7 центнерді құрап, жалпы 271,3 мың тонна өнім жиналады деп болжанады. Көкөністерден 38,8 мың тонна өнім алынады. Жиын-терім науқанына 1976 астық жинайтын комбайн, 220 картоп жинайтын комбайн және 162 картоп қазғыш жұмылдырылды. 3 000-нан астам техника өнімді алқаптан тасымалдап, алғашқы өңдеу жұмыстарына жегілді. Алдын ала есеп бойынша астық жинау жұмыстары 24 жұмыс күні ішінде, картоп жинау 22 күн ішінде аяқталады деп жоспарлануда, – деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Тюлюбеков.
Соңғы апталарда жиілеген жауын-шашын егін жинау қарқынына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Астықтың ылғалдылығы жоғары болғандықтан, оны кептіру – міндет. Осы орайда облыс бойынша жұмыс істеп тұрған 53 астық кептіргіш техникасының маңызы зор. Оның 19-ы газбен, ал 34-і дизель отынымен жұмыс істейді. Диқандар мойымай, қиындыққа қайыспай, науқанды жүйелі түрде жалғастыруда. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, 695 мың гектар, яғни, 76,1% алқап орылып, қамбаға 778 мың тонна астық жеткен. Орташа өнімділік – гектарына 11,2 центнерді құрап отыр. Сондай-ақ, майлы дақылдарды жинау жұмыстары да қарқын алған. Қазірге дейін 41,2 мың гектар алқаптан 34,9 мың тонна өнім жиналған. Мұндағы орташа түсім – гектарына 8,5 центнер. Егінді еселеп жатқан еңбек адамдары үшін бұл – нағыз сын сағаты.
– Шет, Абай, Бұқар жырау және Осакаров аудандары егін орағы қарқыны жағынан сап басында келеді. Ал, өнімділік бойынша Осакаров және Нұра аудандары көш бастап тұр. Түйнек пен көкөніс алқаптарында да жұмыстар қызу. Картоп жинау науқанының қорытындысы көңіл қуантады. 9,2 мың гектар жерден 259,2 мың тонна өнім алынған. Орташа өнімділік – гектарына 279,5 центнер. Көкөністерден де мол өнім жиналуда. 530 гектардан 18 мың тонна өнім алынып, әр гектардан 337,3 центнерден айналуда, – деп қосты салалық басқарма басшысы.
Қыстың қамын жаз ойлаған ауыл шаруашылығы құрылымдары ендігі жылғы егіс науқанына тұқым қорын дайындауға кірісті. Жоспарланған көлем – 109,5 мың тонна. Қазіргі таңда оның 12,3 мың тоннасы немесе 11,3 пайызы зертханалық сараптамаға тапсырылған. Кәнігі мамандар жүйелі жұмыстың қарқынын арттырып, қолайлы ауа райын тиімді пайдалану қажеттігін ескертуде. Осыған байланысты, аудан әкімдіктеріне тұқым қорын дер кезінде және толық көлемде қалыптастыру тапсырылды. Сонымен қатар, күзгі дала жұмыстары мен ауыл шаруашылығы техникасын үздіксіз отынмен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта өңірге 19,6 мың тонна көлемінде арзандатылған дизель отыны бөлінді. Шаруалар үшін белгіленген баға – литріне 250 теңге. Астық кептіру жұмыстарына қосымша 560 тонна дизель қарастырылған. Газбен жұмыс істейтін кептіргіш құрылғылар үшін 1405 тонна газ қажет. Қазірде қажеттілік бойынша нақты шешім қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдар деңгейінде тиесілі жұмыстар жүргізілуде. Тиімді жоспарлау мен уақытылы қолдау – егіс науқанының сәтті өтуінің басты кепілі. Ауыл еңбеккерлері мұны жақсы түсінеді. Сондықтан, әр күнді қалт жібермей, маусымдық жұмыстарға жоғары жауапкершілікпен қарап отыр.
Биылғы орақ маусымының басты жетістіктерінің бірі мол өніммен қатар, оны ысырапсыз сақтау үшін жасалған жүйелі дайындығы дер едік. Облыста астықты қабылдап, сақтайтын орындар жеткілікті. Қазіргі таңда, атаулы бағыттағы инфрақұрылым толық жүктемемен жұмыс істеуге қабілетті. Лицензиясы бар және шаруашылық иелігіндегі нысандардың жалпы сыйымдылығы 1,2 миллион тоннадан асады. Көкөніс пен картоптың да сақталуы мен таратылуы мұқият бақылауға алынған. Облыс бойынша көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығы 340 мың тоннадан асады. Биылдың өзінде жаңадан бірнеше қойма іске қосылып, сақтау мүмкіндігі еселеп артты. Ал, жыл соңына дейін тағы да бірнеше нысан пайдалануға берілмек. Осы ретте, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік бағасын тұрақтандыру мақсатында нақты шаралар қабылданып отыр. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жергілікті тауар өндірушілермен келісімшарттар жасалып, негізгі өнімдер картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат қоры алдын ала қамдалды. Жетелі жұмыстар бір реттік емес, жүйелі негізде жүргізілуде. Аудан әкімдіктеріне де осы бағытта белсенділік танытып, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен өзара тиімді меморандумдар жасасу тапсырылды.
Биылғы көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарын ұйымдастыруда мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілді. Егіс даласынан басталған жұмыс қаржы институттары арқылы нақты механизмдермен қамтамасыз етілді. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары шеңберінде 250-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымы қаржыландырылды. Жалпы, бөлінген қаражат көлемі 15,3 миллиард теңгені құраса, оның 13,2 миллиарды жыл басынан бері игерілген. Қаражат шаруалар үшін көктемгі тұқым себуден бастап, күзгі өнім жинауға дейінгі барлық кезеңді қамтитын кешенді қолдау болды. Осы мақсатта «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 630-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 10,6 миллиард теңге бағытталды. Бұдан бөлек, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына байланысты шығындарды өтеу үшін 5 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау қарастырылды. Оның елеулі бөлігі – тұқым шаруашылығын дамыту, пестицидтердің құнын өтеу, су жеткізу қызметтері мен тыңайтқыштарға жұмсалуда.
Егін даласындағы маусымдық жұмыстар әлі де қызу жүріп жатқанда, Нұра ауданындағы «Қайнар» шаруашылығы биылғы орақ науқанын алғашқылардың бірі болып табысты аяқтап отыр. Уақытпен санаспай, ауа райының әр сәтін ұтымды пайдаланып, ұйымшылдықпен еңбек еткен ұжым маусым соңын мол өніммен қорытындылады. Серіктестік басшысы Сейітжаппар Нығметов жетістікке мемлекет тарапынан көрсетілген кешенді қолдаудың зор әсері болғанын атап өтті. Оның айтуынша, жеңілдетілген жанар-жағармай, дер кезінде бөлінген субсидиялар мен қаржыландыру құралдары шаруашылық жұмыстарының үздіксіз жүруіне берік негіз болған.
– Биылғы мол өнім – тек біздің ұжымның емес, мемлекет қолдауының нақты нәтижесі. Мұндай қомақты қолдаудың арқасында шаруалар алаңсыз жұмыс істей алады, – дейді шаруашылық жетекшісі ризашылықпен.
Ендігі міндет – жиналған өнімді тиімді әрі ысырапсыз сақтау, келесі егіс маусымына тыңғылықты дайындалу. Осы орайда Осакаров ауданындағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі – «ЕвразияИнвест Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де маусымдық жұмысты қарқынды жүргізіп, мол өнімге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Шаруашылық басшысы Серік Жүнісов те көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың мәні мен маңызын ерекше атап өтті.
– Жанар-жағармайдан бастап, тыңайтқыш пен пестицидке дейін мемлекет тарапынан бөлінген қаражат, техника паркін жаңартуға жасалған мүмкіндік – барлығы да біз секілді шаруашылықтар үшін үлкен демеу. Мұндай қолдау болмаса, дала жұмыстарының дәл осындай ырғақпен жүруі екіталай болар еді, – дейді ол.
Спикердің айтуынша, өндірістік шығындардың бір бөлігін мемлекет көтеріп, қаржылық ауыртпалықты жеңілдетуі ауыл еңбеккерлерінің еңсесін көтеріп отыр. Соның нәтижесінде «ЕвразияИнвест Ltd» ұжымы егін жинау науқанын табысты аяқтауға жақын.
Жиын соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сөз алып, ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі жұмыстың жемісті жалғасуына тілектестік білдірді. Аймақ басшысы егін орағын мейлінше ысырапсыз өткізу әрбір аудан мен кез келген шаруашылықтың басты міндеті екенін атап өтіп, бұл бағытта барлық қажетті ұйымдастыру шараларын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімін сақтап, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жергілікті атқарушы органдар арасында меморандумдарды уақытылы жасасуды міндеттеді.
– Жиналған өнім – тек шаруалардың емес, бүкіл өңір халқының ырысы. Сондықтан, оны жоғалтпай, тиімді таратып, халықтың азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ортақ жауапкершілік, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы қорытынды сөзінде.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»