Егес
«Қазақтың Пришвині» атанған талантты жазушы Əуезхан Көшім – 1911 жылы 15 желтоқсанда, қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданы, бұрын «Айран» қазір «Доңғал» темір жол бекетінен 5-6 шақырым жерде, нөмірі 3 ауылда туған. Сəкен Сейфуллин, А.Байтұрсынов, М.Əуезов, Ə.Ермеков, С.Асфендияров сынды тұлғалардың батасын алып, қамқорлығында болған қаламгердің «Бозайғыр», «Ақ лақ», «Кең толғау», «Күй сөйлейді», «Көңіл күйі» атты жыр жинақтары жарық көрген. «Аңшының əңгімелері» (1948 ж.), «Қарт мергеннің айтқандары» (1957 ж.), «Күй сөйлейді» (1961 ж.), «Қаңбақ шал», «Ұр тоқпақ» пьесалары «Жан серік» повесі бойынша өз өмірінен алынған. 1940 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының, 1943 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі болған. Жарияланбаған еңбектері де баршылық.
Құрметті оқырман, назарларыңыз ға Нұрлан Ошан мырзаның жазушының қолжазбасы негізінде əзірлеген «Егес» атты əңгімесін ұсынғалы отырмыз.
РЕДАКЦИЯДАН.

Тонын айналдырып киген дəулет тұрпаттас, түкті таулар қоршаған шағын қала үйлерінің көбі қарағайдан қиылған, азы қызыл кірпіштен қаланған. Осы шахардың бел ортасында ақ айдарлы тыр наға ұқсас сымбатты шіркеу тұр, кресттерін аспанға шаншып. Сол кресттер астындағы күмбезден төменірек шыр айнала қоршалған кəрнез ернеуінен қазір аяқ астында өнілген адам болса, қаланың шығыс жақ ірге тұсынан кең дара сай болып басталып, содан əрі жазық ауқымға айналған өлке табанына қарай ағыла төгілген жұртты көрер еді. Аттылы-жаяулы, арбалы-күймелі қимыл-қозғалыс көктемде бұзыла-жарыла көшкен өзен тақлеттес, тегі бұл нендей көшкін екен. Мұнда бір үлкен той кеше түс кезінде басталған еді, сол дүрмек əлі де аяқталмаған, көлкөсір тойды жасаушы қарапайым кісі емес, қазақуар татар көпесі – Халит деген адам. Қолы ұлан- асыр байлыққа жеткен соң енді оған атақ керек болған. Ол сондықтан да үшінші кенже ұлының үйлену тойын əйгілеп, дүрілдетіп өткізбекші. Халит көпес сол себепті бұл тойына Қарқаралы дуанына қарасты жиырмадан аса болыс, елдерден өзімен сыйлас, сыбайлас жəне басқа да беделді жандарды шақырған. Ат шаптырмақ. Балуан күрестірмек. Осындай кілең шонжар қонақтарға сый-құрмет көрсету жеңіл-желпі жұмыс па екен саба-саба сары қымыз, сандаған дəу самаурындармен шай жасау, дөкей-дөкей табақтармен тағам тарту арсалаңының өзі кешегі түн ортасына дейін созылған. Ал ең үлкен дүрмек бүгін таңертеңнен бастап қыза түскен. Шахардың анау төменгі жағындағы алқапқа ел-жұрт қазір болыс-болыстарына қарай бөліне дөңгеленіп жайғасқан. Жиын көлемі өте мол, ауқымды алқап бойында саңылау жоқ дерліктей, қараң-құраң теңізше толқиды…
Мақаланың толық нұсқасын газеттің 2023 жылғы 15 маусымдағы №66 (23 242) нөмірінен оқи аласыздар.
Қолжазба негізінде əзірленген Нұрлан ОШАН.