Жаңалықтар

Егемендіктен құқықтық мемлекетке дейінгі эволюция

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолы – ең алдымен, оның конституция­лық дамуының тарихы. Конституция – мемлекеттің саяси бағытымен қатар, қоғам мен билік арасындағы қатынастардың сипатын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының деңгейін айқындайтын басты құқықтық акт. Сондықтан, Қазақстан Конституциясының эволюциясын талдау – елдің мемлекеттік даму логикасын, демократиялық өзгерістерінің ішкі мазмұнын түсінудің кілті.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Егемендік пен демократиялық идеалдарды іздеу

Еліміздің конституциялық дамуы – күрделі тарихи жағдайларда, саяси трансформациялар, әлеуметтік дағдарыстар мен қоғамдық сұраныстар аясында біртіндеп қалыптасты. Осы тұрғыдан алғанда, конституционализм Қазақстанда үздіксіз ізденіс пен бейімделу процесі ретінде көрініс тапты.

Яғни, Қазақстан Республикасының Конституциялық дамуы – тәуелсіз мемлекеттіліктің қалыптасуынан бастап, құқықтық мемлекет пен демократиялық басқару қағидаттарына кезең-кезеңімен жақындаудың күрделі әрі эволюциялық процесі. Мемлекетіміздің конституционализмі бірте-бірте тарихи, саяси және әлеуметтік трансформациялармен тығыз байланыста дамыды.

Ғылыми әдебиеттерде Қазақстан Конституциясының даму жолы бірнеше кезеңге бөлініп қарастырылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің саяси-құқықтық бағдарын, билік жүйесінің өзгеру логикасын және қоғамның даму деңгейін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, Қазақстанның конституция­лық дамуын шартты түрде 1993 жылғы Конституция, 1995 жылғы Конституция, 2022 жылғы конституциялық реформа және 2026 жылғы жаңа конституциялық модель және ондағы Преамбуланың құндылықтық маңызы деп төрт ірі кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін Қазақстан үшін ең өзекті мәселе – жаңа мемлекеттің құқықтық іргетасын қалау болды. Бұл міндетті орындауда 1993 жылғы Конституция тарихи рөл атқарды.

1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Негізгі заңы. Ол кеңестік құқықтық жүйеден бас тартып, ұлттық мемлекеттіліктің құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталды. Онда демократиялық құндылықтар, адам құқықтары, халық егемендігі алғаш рет тәуелсіз мемлекет жағдайында бекітілді.

Бұл кезеңге кеңестік саяси-құқықтық инерцияның сақталуы, демократиялық институттарды құруға ұмтылыс және билік тармақтарын бөлу қағидатының декларативті түрде бекітілуі тән болды. Конституцияда халық егемендігі жарияланып, Парламенттің рөлі жоғары айқындалды. Алайда, Президент институты мен атқарушы биліктің орны әлі де нақты айқындала қоймады.

Оған сол кезеңдегі саяси ахуал, экономикалық дағдарыс және басқару тәжірибесінің жеткіліксіздігі Конституцияның тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтірді.

Ғалымдар атап өткендей, бұл Конституция саяси көзқарастар күресінің нәтижесінде қабылданып, құқықтық романтизм белгілерін көрсетті. Ол экономикалық және саяси дағдарыс жағдайында тиімді басқару моделін толық ұсына алмады. Сондықтан, 1993 жылғы Конституцияны демократиялық ниеті басым, бірақ, институционалдық тұрғыда әлсіз өтпелі модель ретінде бағалауға болады.

Мемлекеттілікті орнықтыру кезеңі

Мемлекеттік биліктің тұрақсыздығы мен басқару жүйесіндегі қайшылықтар жаңа, тиімді Конституция қабылдауды талап етті.

1993 жылғы Конституцияның әлсіз тұстары мен билік тармақтары арасындағы қайшылықтар 1995 жылғы жаңа Конституцияны қабылдауға алып келді. Оның басты мақсаты – мемлекетті тұрақтандыру, басқарудың тиімділігін арттыру және реформаларды жеделдету болды.

Бұл Конституция елді дағдарыстан алып шығуға бағытталған күшті Президенттік билік моделін енгізді.
Нәтижесінде, суперпрезиденттік басқару моделі бекітіліп, Президент мемлекеттің негізгі тірек институтына айналды. Атқарушы билік Президентке тікелей бағынышты болды, ал, Парламенттің саяси салмағы шектеулі сипат алды. Конституциялық бақылау Конституциялық Кеңес арқылы жүзеге асырылды.

Тарихи тұрғыдан алғанда, бұл модель мемлекет үшін тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етті.
Бұл модель демократиялық стандарттарға толық сәйкес келмесе де, сол тарихи кезеңде мемлекетті сақтап қалу үшін объективті түрде қажет болған құқықтық шешім ретінде бағаланады.

Уақыт өте келе, орталықтандырылған басқару жүйесінің шектеулері байқала бастады. 1995 жылғы басқару моделінің ішкі шектеулері айқындала түсті. Биліктің шамадан тыс орталықтануы, Парламент пен жергілікті өзін-өзі басқарудың формалды сипаты, азаматтардың саяси белсенділігінің төмендігі қоғам мен мемлекет арасындағы сенім дағдарысын күшейтті.

Бұл жағдай қоғамдық-саяси реформаларға деген сұранысты күшейтті. Конституциялық жүйе­ні түбегейлі қайта қарау қажеттігін алға шығарды.

Саяси-құқықтық бетбұрыс

2022 жылғы конституциялық реформа – Қазақстан тарихындағы ең ауқымды өзгерістердің бірі. Реформаның басты ерекшелігі – оның референдум арқылы қабылдануы, яғни халықтың тікелей еркіне сүйенуі. Бұл реформа билік жүйесін институционалдандыруға бағытталды.

Президент институты трансформацияланып, партияларға мү­шелікке тыйым салынды, жа­қын туыстарының жоғары лауазым атқаруына шектеу қойылды, бірқатар өкілеттіктері қысқартылды. Бұл персоналистік басқарудан институционалдық модельге көшуге жол ашты.

Парламенттің рөлі күшейіп, Мәжілістің Үкіметке бақылау тетіктері кеңейді, аралас сайлау жүйесі енгізілді, парламенттік оппозиция институты заңдастырылды. Құқық үстемдігін қамтамасыз етудің жаңа тетіктері пайда болды.

Сонымен қатар, Конституция­лық Кеңестің орнына Конституциялық Сот құрылып, азаматтардың оған тікелей жүгіну құқығы бекітілді. Бұл құқық үстемдігін қамтамасыз етудің нақты механизміне айналды.

Жаңа конституциялық модель және Преамбуланың маңызы

2022 жылғы реформа жаңа конституциялық модельдің негізін қалады. Бұл модель билік тармақтарының тепе-теңдігіне, азаматтардың саяси қатысуына және сот билігінің дербестігіне сүйенеді.

Осы тұрғыда Конституция Преамбуласының маңызы айрықша артты. Онда адам, оның өмірі мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде бекітіліп, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекеттің мәні айқындалады. Ғылыми тұрғыдан алғанда, Преамбула – Конституцияның идеялық және құндылықтық өзегі.
Конституция – тек құқықтық құжат болғанымен қатар, ол қоғамды тәрбиелеудің де маңызды құралы. Преамбула азаматтардың құқықтық санасын қалыптастырып, Конституцияға құрмет пен сенім ұялатады, конституциялық патриотизмді нығайтады.

Ол жастарға Конституцияны жай нормалар жиынтығы емес, құндылықтар жүйесі ретінде қабылдауға мүмкіндік береді және азаматтық жауапкершілікті қалыптастырады.

Қорыта айтсақ, Қазақстанның конституциялық дамуы – эво­лю­циялық әрі сабақтас­тық­қа не­гізделген процесс. 1993 жыл­ғы Конституция егемендікке ұм­ты­лыстың көрінісі болса, 1995 жылғы Конституция мемлекетті тұрақтандыруға қызмет етті. Ал, 2022 жылғы реформа билік жүйесін қайта теңгеріп, құқықтық мемлекетке қарай жаңа сапалық кезеңді бастады.

Бүгінгі жаңа конституциялық модель Конституцияны құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, қоғамды біріктіретін, тәрбиелейтін және болашаққа бағдар беретін қоғамдық келісім актісіне айналдырып отыр.

Алмаз ЖЕКСЕКИН,
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, заң факультеті
Конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының профессор ассистенті, PhD докторы

Басқа материалдар

Back to top button