Ресми

Егемендікке үн қосқан «Орталық»

1990 жылдың 6 қазанында «Ortalyq Qazaqstan» газетінің №230 санына журналист Серік Сексеновтің «Егемендік – ел тірегі» деген мақаласы басылды. 18 қазанда шыққан №240 санына «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасы» жарияланды. Бұл хабардың бәрі қыр артынан көтеріп келе жатқан жарық Күннің сәулесіндей еді. Үш ғасыр бостандықты аңсаған ұлт демін ішке тартты. Азаттықтың ақ таңынан жылы леп есті.

Сурет Мұрағаттан

Ұлтымыздың ұлық мейрамы қарсаңында газетіміздің мұрағатын ақтарып, сол кезеңде жарияланған мақалаларды назарларыңызға ұсындық.

Серік Сексенов Декларацияның маңызын, құндылығын талқылаған. Декларация қандай болатынын қарапайым тілмен баяндап берген. Мақала бірінші бетке басылыпты. Мақалада «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының жобасын әркім әр түрлі қабылдады. Тегі қай уақытта болмасын егемендік алу оңай болып па? Негізінен, халқымыз бұл құжатты шын пейілмен, қуана қарсы алды. Көптен күткен, аңсағанымыз осы емес пе еді?» делінген. Әлдебіреулердің қарсы болғанын да, кері әрекеттер жасалғанын да ашып жазыпты. «Дегенмен, осы құжаттың баспасөзде жарық көруі кейбіреулерге ұнамай қалды. Осы уақытқа дейін «Біз – интернационалистпіз» деп сөз жүзінде сайрап келгендердің бетпердесі ашылды» депті.

«Декларация жобасында көрсетілгендей республикамыз, шын мәнінде, егемендікке қол жеткізсе, алдымен оның табиғат байлықтарын қорғап, оны өз азаматтарының пайдасы үшін іске асыратын болады. Осы уақытқа дейін мақтан тұтып келген сол кен қазынамыз Одақтың үлесіне кетіп жатқанын бәріміз де білеміз. Егер, оны өзіміз тиімді пайдаланып, зейнетін көретін болсақ, республикадағы басқа да халықтарға зияны тимес деп ойлаймын».

Декларацияның жобасын Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Төрағасы Ерік Асанбаев та таныстырған. Баяндамасы бірінші беттен басталған. Шекара, экономика, идеология және ұлттық мүдде толық қамтылғанын айтқан. Дайындалу барысынан мәлімет берген. «Декларация­ның жобасын әзірлеу жөнінде салиқалы және білікті авторлар коллективі тер төккенін әуел бастан-ақ атап өткім келеді. Құжат Жоғарғы Советі Президиумында және Президенттік кеңестің кеңейтілген мәжілісінде екі рет егжей-тегжейлі талқыланды. Сайып келгенде республика өзінің қарамағына дербес және тиімді экономикалық саясатты жүргізу жөнінде жеткілікті дәрежеде кең де пәрменді мүмкіндік алады» делінген.

16 қазанда басылған №238 санға Қазақ ССР Жоғарғы Советінің, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің өкілдері «Советтік Қазақстан халқына үндеу» жариялапты. «Біз республика таңдаған дербестік, өзінің территориясындағы Советтердің толық билігін, жер мен табиғат байлықтарына ерекше правосын қамтамасыз ету бағытын халық қолдайды деген сенімдеміз» депті шенділер.

Аңсаған егемендікке жету үшін газетіміз осылайша үн қосыпты.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button