Егемендік Декларациясы азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруға бағытталды
Егемендік Декларациясы елдің экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуына ұзақ мерзімді әсер етті. Экономикалық дербестік идеялары нарықтық реформаларға және меншікті әртараптандыруға ықпал етсе, азаматтық құқықтар мен заң үстемдігі идеологиясы — құқықтық реформа және азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруға бағытталды.

Сонымен қатар, Декларация мемлекет құрылымын өзгертуге, басқару жүйесін жаңартуға тікелей әсер етті: биліктік органдардың өкілеттері қайта сараланып, басқарудың демократиялық институттары енгізілді. Бұл — тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның дамуы үшін шешуші маңызы бар фактор.
Қазақстан Республикасының Егемендік Декларациясы — тарихи және құқықтық тұрғыдан ел тәуелсіздігінің бастауы болып табылады. Ол кеңестік құқықтық кеңістікте қабылданғанымен, мазмұны бойынша тәуелсіз мемлекеттік жүйені құруға негіз болды. Декларация жариялаған қағидаттар кейін Конституция мен заңдар арқылы бекітіліп, қазіргі Қазақстанның құқықтық жүйесінің негізін қалады.
Бүгінде Декларация тікелей құқықтық күші жағынан қолданылмаса да, оның рухани және құқықтық мәні сақталуда: ол тәуелсіздік идеясын нығайтты, ұлттық мемлекет құрудың алғашқы кезеңін белгіледі және қоғамдық–саяси бағдардың құқықтық негізін қалыптастырды. Осы тұрғыдан алғанда Егемендік Декларациясы — Қазақстан тарихындағы құқықтық маңызы зор құжаттардың бірі.
Алмаз ЖЕКСЕКИН
Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының профессор ассистенті, PhD доктор


