Бас тақырып

Егемендік – ақыл мен сабырдың жемісі

Ұлы Далада жаңа тұрпатты егемен мемлекет құрған күн – бұл саяси бағдар мен болашақтың бағытын айқындап берген күн. Егемендік Декларациясы қабылданарда сан алуан пікірдің туындағанын тарих парақтары қазір жайып салып жатыр. Бұл орайда білгеніміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Бірақ бір жайтты жадыға мықтап, өлсек те, өшпестей жазып алуға тиіспіз. Қуатты мемлекет құрудағы басты құжатқа айналған Декларацияның жемісі – тәуелсіздік.

Егемен сөзі елдің есінен шықпаса да, бір кезде емес-еміс айтылып қана жүрді. Тәуелсіздік туралы айтқанда, егемендік ойда тұруы тиіс-ті. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, бостандықтың боз таңы осы егемендіктен бастау алды.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстан өзінің егемендігін жариялауы – жаңа тарихтың алғашқы парағы. Ол жобаның бірнеше күн Жоғарғы Кеңесте толассыз талқыланғаны аян. Сондықтан да Жоғарғы Кеңес 16 қазанда 25 депутаттан тұратын арнайы келісім комиссиясын құрып, оның жұмысына жетекшілік жасауды депутат, академик Салық Зимановқа тапсырып, ол комиссия он күн бойы декларация жобаларының әрбір бабын жан-жақты қарап, соңында жоба көпшілік дауыспен мақұлданғанын айтады ашық ресурстағы деректер. Ал «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация­сы» Қазақстанның тәуелсіздігін бекітуге жасалған алғашқы қадам еді. Онда елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы сипатталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемендік декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демо­графия­лық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын.

Егемендік Декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады. Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік» деді.

Егемендік – ежелден ел арманы. Оның жолында қанша ақын-батыр жанынан кешіп қорғаумен, жырлаумен өмірін сарп етті. Кешегі Күлтегіннің де аңсаған арманы – түркі баласын бір тудың астына біріктіріп, егемендік алу еді. Өзге елдің боданынан бөлек тұру бұл – баба бастауы. Болашақ ұрпақ баба үмітін ақтады ма? Табыны сейілген тарпаңдай жоғалудың аз алдында қалдық. Алайда, Алаштың атқа мінер көсемдері, ұлт жанашырлары ел ымырасына ерен еңбек етті. 90-шы жылдардың көсемсіз өткен көмескі кезеңі артта қалды.

Тарих тармақтарына қарасақ, жер бетінен жойылып кеткен мемлекеттер біршама. Соның бірі – Жоңғар хандығы. Қазақ жері мен Қытайдың екі арасына ойран салған кешегі ойраттардың ізім-ғайым жоғалатыны үш ұйықтаса түстеріне кірмесе керек. Ат үстіндегі жауынгерлік қыр­лары, төзімділігі мен дала сынағына шыдамдылығы олардың ерекшеліктері еді. Қанша жаужүрек болса да, қазір қалған қалмақтар саны саусақпен санарлық. Ал, қазақтар ше? Сонау Тұраннан бергі түп тамырымызды талай жойып жібермекке бекінген ел жетерлік.

Расында, ұлттың қамын тек сол ұлттан шыққан ұлт өкілі ғана ойлайды. Мұны кешегі «желтоқсанның қыршындары» қанмен жазып кетті тарихқа. Талай тар жол, тайғақ кешуді өткерген ата-баба қадірін қазір бағалай алып жатырмыз ба? Енді ғана етек-жең жиып, ескіні жаңғыртқанымыз. Бұл дегеніміз егемендіктің не екенін енді білудеміз деген сөз.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button