Эфталия Какиопуло: «Қазақстандық гректердің мәдени мұраны сақтаудағы еңбегі ерен»
Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен «PONTOS» грек мәдени орталығының 30 жылдығына арналған республикалық дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға еліміздің этномәдени бірлестіктері, Ассамблея мүшелері, ардагерлер мен жастар қатысты.

Алқалы жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Грекия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эфталия Какиопуло, «Филия» Қазақстан грек қоғамдары ассоциациясының төрағасы Иван Георгиади, «Qarmet» АҚ бас директоры Вадим Басин, «PONTOS» орталығының төрайымы Деспина Касапиди және өңірлерден келген грек этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері қатысты. Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей тізгіндеді.
– Биылғы мерейтойлар тек біздің ұлтымыз үшін емес, елімізде тұратын барлық этностар үшін де айрықша мәнге ие. Отыз жыл ішінде ордалы орталыққа айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінде зор мәртебеге ие болып отырғаны – барша өкілдіктің ортақ жемісі. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап «PONTOS» орталығы да елдің даму жолында белсенді еңбек етіп келеді, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов.
Іс-шара аясында әр өкілдіктің жетекшілері құттықтау сөз сөйлеп, орамды ойлар айтты. Грекия Елшісі Эфталия Какиопуло өз сөзінде Қазақстан мен Грекия арасындағы достықтың берік әрі көпжылдық дәстүрге сүйенетінін атап өтіп, қазақстандық гректердің мәдени мұраны сақтаудағы еңбегіне алғыс айтты.
– Біз тілімізді, дәстүрімізді сақтап, оны ұрпаққа жеткізе алдық. Сонымен қатар, басқа этностармен бірге ынтымақтастықты тереңдетіп, ортақ мәдени кеңістікті байытып келеміз. Алдағы уақытта да мәдениет, білім, жастар бастамалары және халықаралық әріптестік бағытында жаңа жобаларды іске асырамыз. Бұл мерейтой – жаңа белестердің бастауы, – деді «Филия» ассоциациясының төрағасы Иван Георгиади.
Салтанатты жиын соңында бірқатар азаматтарға ҚХА атынан Алғысхаттар табыс етілді.
Толығырақ газеттің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
“Ortalyq Qazaqstan”