Жаңалықтар

Ебіней Бөкетовтің аруағы

Нұрлан Дулатбековке

Сурет buketov.edu.kz

Рухы Бөкетовтің асып көкті,
Түңіліп түрімізден, басып бетті.
Арқадан сайғақ құрлы сая таппай,
Қашып кетті?!

Біреулер кетіп жатса, бірі келіп,
Орыны тұрған-ды ұзақ үңірейіп.
Атырау-Арқа-Алатау-Алтайда да,
Сол Рух жүруші еді күңіреніп…

Мұндағы біз түгілі, Құдайға анық,
Алаш та, аруақ та былай қалып.
Өзінің құт дарыған ұясына
Қона алмай, қаншама ұшты
шыр айналып!

Қаншама ел келді, кетті,
түскен із жоқ,
(Рухы өзіменен ұшты егіз боп).
Мен сені қаншама уақыт күттім
мұнда,
Кел, қоншы үйірімен үш тоғыз боп!

Алдыңнан шығып, айхой, алқара көк,
Құшақта Сарыарқаңды айқара кеп.
Ел күтті, бел де күткен көзі талып,
Кел, қоншы, о, Аруақ, арқама кеп!

Құдайға сенбегендер «зорға»* сенер,
Жарқырап тұрар-дағы, ол да сөнер.
Не болар бұл Алаштың көрген күні,
Арқада аруағы болмаса егер?!

*Мансапқор, астам, зорлықшыл адам деген мағынада.
07.10.2020 ж.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Басқа материалдар

Back to top button