Руханият

Ең ыстық жаз

Жаз жауынсыз өтті. Ал, жауын жаумаса, жерге қылтанақ шықпасы анық. Шабуға шөп таппаған ауыл шаруалары өзге өңірден жаншылған жоңышқа алдыруға мәжбүр болды. Тіпті, диқандар ерте көктемде еккен егінінің жарты өнімін де өндіре алмай дал болды. Негізінде, қуаңшылық жалғыз Қарағанды емес, бүкіл Қазақстанды айналып өтпеді.

Синоптиктер болжамына сүйенсек, маусымнан басталған аптап ыстық +45 градусқа дейін көтерілген. Тіпті, салқын деген солтүстік аймақтардың өзінде ауа температурасы + 35-38-ге дейін барған. Әрине, салдарынан егін алқабы біршама зардап шекті.

Облыс бойынша биыл 994 мың гектар жерден 940,4 мың тонна көлемінде астық жиналуы керек еді. Оның 813,4 мың гектары бидай, 160,4 мың гектары арпа, ал, 13,7 мыңға жуық гектары сұлы. Ал, аймақта қыстауға түсер мал басы 458 мың ірі қара, 696 мың қой-ешкі, 312 мың жылқы. Жыл басында осынша малды Арқаның ақшұнақ аязынан шашаусыз шығару үшін 1,9 млн. тонна жем-шөп қажеттігі белгілі болған. Сәйкесінше, облыс әкімінің қолдауымен облыс бюджеті есебінен 800 млн. теңге қаражат мемлекет қолдауына ие 737 шаруашылық қажетіне бөлінді. Бұл – тікелей мал азығын дайындау шығынын азайтуға берілген көмек. Оған қоса тағы қой өсіретін шаруашылықтарға азық дайындауға 400 млн. теңге қаражат қарастырылды.

Сондай-ақ, биылғы мал азығын жинаудағы жанармайдың құнын арзандатуға да әрекет жасалды. Соның нәтижесінде мемлекет тарапынан қолдауға ие шаруашылықтар күзде жанармайды Қарағанды қаласынан 250 теңгеге алды. Жалпы, жанармайдың нарықтағы бағасы 295 теңге. Сонда мемлекет қолдауының арқасында шаруалар жанармайды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға алды. Олқылықтың алдын алу мақсатында аудандарда арнайы штабтар құрылды. Олардың негізгі жұмысы – аймақ шаруаларындағы жем-шөп жетіспеушілігін толықтыру, соларға қолдау көрсету. Тіпті, дәл қазіргі жағдайда мал азығының күрт өсіп кетпеуін де осы құзырлы орын қадағалап сарапқа салуда.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button