Ең таңдаулы
Жаһанда «Әлемнің 100 үздік поэзиясы», «100 үздік романы» деген жинақтар бар. Сол жинаққа енгендерде арман жоқ шығар. Оларды Жер шарының түпкір-түпкірінде талғамы биік мыңдаған оқырман оқиды. Ал, әдебиеті тұтас дәуірлерден тамыр тартқан қазақ әдебиетіне өз қолтаңбаңды қалдырып, биік тұғырға шығу оңай емес. Жақында қазақтың таңдамалы «100 кітабының» тізімі шықты. Тізімде қасиетті Арқа топырағының классиктері де бар: олар – Қасым Аманжолов, Софы Сматаев, Серік Ақсұңқарұлы.

«100 кітап» көшін Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері бастапты. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебегі» мен Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» кітабымен жалғасыпты. Абайдан кейін жаңа ғасыр һәм жаңа дәуір әдебиетінің алауын үрлеген Сұлтанмахмұд Торайғыров пен Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовтер алғашқы ондықта. Қанша ғасыр өтсе де, өзектілігін, қуатын, бояуын жоғалтпайтын кілең өміршең классика. Осы тізімнен-ақ «100 кітап» ұлттық жобасының салмағын бағамдай беріңіз.
Қасіретті жылдарда Мағжандармен (Жұмабаев) бірге репрессияға ұшырған ұлы қазақ поэзиясының сөнуге аз-ақ қалған шоғын Қасым Аманжолов үрлеген еді. Дауыл болып үрледі. Қасым сонысымен де өміршең. «Дариға, сол қыз». Кеудесінде өлеңге деген іңкәрлігі бар әр оқырманның кеудесінде сақталатын кітап.
Софы Сматаевтың да «Елім-ай» романы тізімде. Бір кезеңде тарихын іздеген қазақ оқырманын жалт қаратқан еді. Сондай салмағы бар романның «100 кітап» тізіміне енуі заңды.
Алаштың аяулы ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлының «Адам ата – Һауа ана» кітабы да үздік кітаптар қатарында. Бұл адамзат баласының Адам ата мен Һауа анадан бастап, басынан өткерген күллі трагедиясын баяндаған понарамалық поэма.
Өз тілшімізден