Еңселі елдің ертеңі
Ел ертеңін ойлаған Алаштың айбынды ұлдары – қазақтың сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, өркениетті елдер тәжірибесін ескере отырып, терезе теңестіруді көздеді.
Осы ойды арқау еткен «Алаш қозғалысы: ұлттық интеллигенция және сталиндік қуғын-сүргін» атты республикалық ЖОО аралық ғылыми-тәжірибелік конференция ҚарМТУ-да өтті. Ғалымдар «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды.
Жалпы, Алаш қозғалысы – ұлт болашағын ойлаған отаншыл азаматтардың елін дамытуға үндеген демократиялық бағыты болатын. Биыл «Алаш» қозғалысына – 100 жыл толу қарсаңында қайраткерлер мұрасын зерделеу және оны жандандыру шаралары қолға алынды. Игі істердің басы ҚарМТУ-да көрініс тапты. Жұрт жақсы білетін Қапездің «Итжеккенге айдаған, Кер заманның әлегі. Бұлбұл құстай сайраған, Бұл Қапездің әні еді» атты «Қоштасу» әніне құрылған «Алаш» интеллигенциясы жөніндегі бейнекөрсетілім жиынның мақсатын ашты. Аталмыш мерекеден бастау алған шараға тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі, Мемлекет басшысының курстасы, саясаттану ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, ҚарМТУ-дың Құрметті профессоры Т. Сүлейменов, техника ғылымдарының докторы, Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургиялық институтының бас ғылыми қызметкері Қ. Сәрекенов, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Оспанова сондай-ақ, Мемлекет басшысының курстастары және үзеңгілестері Қ.Омашев, Е.Төлеубаев, В.Никонов, Т.Ысқақов лебіз білдірді.
Марат ИБАТОВ,
ҚарМТУ ректоры:
– Биыл Алаш зиялыларының мұрасын зерделеу және оны жандандыру шаралары қолға алынды. Өйткені, өз заманының сұңқарлары тәуелсіздік мұраттарын, саяси-құқықтық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастары мен тұжырымдарын сол кездің өзінде-ақ айтқан. Біз шараға үн қосу үшін әрі Алаштың 100 жылдығын сол заманмен ғана шектеп қоймай, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихымен, ұлттық құндылықтарымен байланысты өзекті тақырыптар қозғадық. Конференцияға республикалық білім беру ұйымдарынан 145-тен астам баяндама келіп түсті.
Марат Кеңесұлы «Алаш» партиясы өкілдерінің мұраларын зерделеу арқылы жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындарында жүйелі түрде конференциялар, кураторлық сағат, дөңгелек үстел, семинар өткізуге шақырды. Алаш қозғалысы көшбасшылары туралы толық метражды деректі және көркем фильмдер түсірілімін ұйымдастыруды ұсынды.
Конференцияда Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы С.Сыздықов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Бейсенбекова, ҚарМТУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент С.Қасымова өзекті деректермен бөлісті. Университет ұжымы жиыннан табылды.
Профессор С.Сыздықов «Алаш зиялыларының «Мәңгілік Ел» мұраты» тақырыбын қозғап, көпшілікті зерттеген еңбектерімен тәнті етті. «Кезінде Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік ауылда кооперативтер құруға үгіт-насихат жүргізіп, белсенді қатысты. Ал, уақытша үкімет тұсында билікке келген Алаш қайраткерлері ауылдарда кооперативтер ашуды белсенді қолдап отырды. Мысалы Ә.Бөкейханов Қостанай губерниясын басқарғанда көптеген кооперативтерді ашуды қолдап, іс қағаздарына қол қойғаны мұрағат материалдарында жиі кездеседі. Смағұл Сәдуақасов кооперация құрудың теориясын жіті меңгеріп, сол кезде Қазақстанның солтүстік-шығыс жағына ықпалы зор Сібір кооперативтерінде басшылық қызметін атқарғанда қазақтар арасында кооперативтердің ашылуына және дамуына үлкен еңбек сіңірді, – деді.
Ғалым зерттеу барысында Жүсіпбек Аймауытовтың кооперация туралы мақалалар мен нұсқауларына тоқталып, оларды ел арасына таратудағы белсенді қызметін тілге тиек етті. Жалпы, алаштықтар революциядан, төңкерістен бөлек, эволюциялық даму жолын таңдағанын айтты.
Сонымен қатар, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы З.Сақтағанова. «Алаш» партиясы: кезеңдер тарихы» атты баяндамасын таныстырды. Алашорда қозғалысының тарихына тоқталған ғалым: «Алаш мұраларының ішінде әлі де болса зерттелуі тиіс құнды дүниелер көп. Тек көп құжаттар Мәскеу архивтерінде қалың қағаз астында көмулі жатыр. Дәл қазіргі уақытта оны зерттеп, қалың бұқараға көрсетуге отандық ғалымдардың толық мүмкіндігі болмай отыр», – деді.
Жиында студенттер алаштықтарға өлең арнап, баяндамалары арқылы пікір білдірді.
Аяулым СОВЕТ