E-Otinish арқылы заңсыз несиеге шағым беруге болады
Қазақстанда 3,9 миллион теңгеден (1000 АЕК) асатын кепілсіз тұтынушылық несие рәсімдеу үшін міндетті түрде жұбайының келісімі қажет. Бұл норма ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын қорғауға және қаржылық теріс пайдалану фактілерінің алдын алуға бағытталған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, егер банктер немесе микроқаржы ұйымдары жұбайының рұқсатынсыз несие берсе, бұл – заң бұзушылық болып есептеледі. Мұндай жағдайда келісімсіз рәсімделген қарыз жарамсыз деп танылып, несиенің күші жойылады.
– Егер ерлі-зайыптылардың біреуі жұбайының келісімінсіз несие рәсімдегенін анықтаса, ол бұл мәмілені заң жүзінде даулауға толық құқылы», – деп атап өтті агенттік.
Не істеу керек?
1. Несие туралы ақпаратты нақтылау
Жұбайыңыздың атына рәсімделген несие туралы толық мәлімет алу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгініп, шарт көшірмесін сұратыңыз. Бұл үшін нотариалды сенімхат қажет болуы мүмкін.
2. Қаржы ұйымына ресми өтініш жазу
Несие сіздің келісіміңізсіз, әрі отбасының мүддесі үшін алынбағанын көрсетіп, жазбаша арыз беріңіз. Қаржы ұйымы бұл өтінішке міндетті түрде жауап беруге тиіс.
3. Құқығыңызды қорғау үшін шағымдану
Қаржы ұйымының жауабы сізді қанағаттандырмаса, сіз банк омбудсманына немесе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өтініш жолдай аласыз. Өтінішке жауаптың көшірмесі мен растайтын құжаттарды қоса беру қажет.
4. Қайда жүгінуге болады?
Арызды E-Otinish порталы арқылы, Қазпошта арқылы немесе Алматы қаласы, «Көктем-3» шағынауданы, 21 үй мекенжайына қолма-қол тапсыруға болады.
Нені білу маңызды?
• 3 932 000 теңгеден жоғары кепілсіз несие алған жағдайда жұбайының келісімі міндетті.
• Егер жұбайы қосалқы қарыз алушы болса немесе несие қайта қаржыландыру мақсатында алынса, бұл талап қолданылмайды.
• Агенттік заң бұзған несие ұйымдарына қадағалау және ықпал ету шараларын қолдануға құқылы.