Бас тақырыпРесми

Ең үлкен марапат – елдің тыныштығы

Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызды диалог алаңына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысып, Ассамблея мүшелерін ұйымның 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Президент Ассамблеяның ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты нығайтудағы тарихи рөліне тоқталып, оны Қазақстанның бейбіт өмір мен этносаралық келісім үлгісінің негізі деп атады. Бұл жолғы сессия — ел ішіндегі этносаралық татулықты сақтау және нығайту жолындағы сенімді қадамдардың жалғасы болды.

Тәуелсіздікпен бірге қалыптасқан құрылым

Сессия барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблеяның ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құрылым Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен татулықты сақтап, ел дамуына негіз болған.

– Бүгінгі басқосудың тарихи мән-маңызы айрықша. Биыл Қазақстан хал­қы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Баршаңызға құтты болсын! Бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шынымен де, елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Бүгінде Сенаттың бес депутаты Ассамблея кеңесінің ұсынысымен тағайындалады. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды. Оған қоса, Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды.

«Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады. Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады» деген Мемлекет басшысы бұл жұмыстан министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайтынын айтты.

Сондай-ақ, ол ұйым 1995 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын еске салды.

– Бұл бастама қазақ мемлекеттілігі қалыптасып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды. Консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған Ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе берілді. Ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналды. Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы Ассамблеяны тек консультативтік орган ғана емес, мемлекеттің этносаралық саясаттағы стратегия­лық штабына айналуы қажет деп атап өтті. Соңғы жылдары ҚХА-ның жұмысы жаңаша сипат алып, құрылымдық және мазмұндық тұрғыда едәуір жетілді. Ассамблея мүшелері бүгінде Парламент Сенатының бес депутатын ұсынуға қатысып, ел ішіндегі татулық пен келісімді қамтамасыз етуге нақты үлес қосып отыр.
Президент бұл жөнінде: «Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңыз­ды құрылым. Ол жалпыхалықтық орган ретінде қоғамды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыруы керек», – деді.

Бірлік пен жауапкершілік – басты құндылық

Бүгінде Ассамблея жанындағы «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы, «Ассамблея жастары» ұйымы, Студенттік Ассамблея мен «Жаңа толқын» секілді жобалар – жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді алаңдарына айналған. Президент олардың жұмысын жоғары бағалап, оларды отансүйгіштік пен қоғамдық жауапкершілік мектебі деп атады.

«Ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыруда Ассамблеяның әлеуетін кеңінен қолдану қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Этносаралық шиеленістердің алдын алу, жанжалдарды медиация арқылы шешу – Ассамблея қызметінің маңызды бөлігіне айналды. Этномедиация институты мен 42 Ассамблея кафедрасы бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 360-тан астам сарапшыны біріктіріп отыр.

– ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты, – деді Мемлекет басшысы.

ҚХА былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ассамблеяның «Жүректен жү­рекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті.

– Соның айқын дәлелі ретінде Ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сессияда Президент бірлік пен келісім идеяларын ақпараттық кеңістікте кеңінен насихаттау қажет екенін атап өтті. Этнос театрлары мен мәдениет ошақтарының жұмысын жандандыру, музейлердің экспозицияларын көпшілікке таныту, этнос­аралық тақырыптағы медиа-контентті күшейту – басты міндеттердің қатарында.

Ассамблея халықпен тығыз жұмыс істеуі тиіс

Президенттің айтуынша, Ассамблея аймақтарда халықпен тікелей жұмыс істейтін тиімді алаңға айналуы тиіс. Түркістанда жаңа Достық үйі ашылғанын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы енді осындай орталықты Алматы облысында, әсіресе этностар тығыз шоғырланған Қордай, Ұйғыр, Сайрам және Панфилов аудандарында ашуды ұсынды.

– Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек. Достық үйлері тек мәдени ошақ емес, сонымен бірге туризм нысанына айналуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ақпарат құралдарының Ассамблея жұмысын жан-жақты жариялауын да маңызды міндет ретінде атады. Ең алдымен, өңірлік БАҚ-тарға, этностар тілінде шығатын басылымдарға жүйелі қолдау қажет екенін айтты.

– Қазақстандағы этностардың тілінде шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн, – деді Мемлекет басшысы.

ҚХА жұмысында мәдениет пен өнердің мүмкіндігін толық пайдалану қажеттігі де айтылды. Президент еліміздегі этнос театрлары мен музейлерді кең көлемде таныстыру арқылы халықтар арасындағы рухани байланыс тереңдей түсетінін атап өтті. Осы мақсатта этностардың театр фестивалін өткізуді ұсынды.
Президент Ассамблеяның ел игілігі жолындағы жобаларын жоғары бағалап, «Жүректен жүрекке» бағдарламасы аясында 12 мың еріктінің атқарған еңбегін ерекше атап өтті. Осыған орай жаңа мемлекеттік награда – «Ел бірлігі» ордені тағайындалғаны да жария етілді.

Сессия барысында Мемлекет басшысы елге еңбегі сіңген бірқатар азаматтардың есімін атап өтті: Георгий Прокоп, Владимир Розметов, Юрий Пя, Иван Сауэр, Борис Князев, Алина Соловьёва және басқалар. Президент оларды отансүйгіштіктің, қоғамдық жауапкершіліктің символы деп атады.

– Олар – бүгінгі заманның адал азаматтары, Қазақстанның дамуына мол үлес қосқан тұлғалар. Ассамблеяны жанашыр әрі белсенді азаматтардың жолын ашатын шынайы саясат мектебі және тиімді әлеуметтік баспалдақ деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлтаралық келісім – ел саясатының маңызды бағыты

Президент Қазақстанда ешкім ұлтына, тіліне, дініне байланысты кемсітілмейтінін атап өтті. Барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктер жасалған, бұл – әділетті мемлекет қағидаты.

– Елдің бірлігі мен татулығы – басты құндылығымыз. Түрлі этностар қазақ жерінде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – нақты жетістік, – деді Президент.

Тіл мәселесіне де арнайы тоқталған Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөліне назар аударды. Биыл қазақ тілінде білім алатын бірінші сынып оқушыларының үлесі 70 пайыздан асты, ал, ҰБТ-ны мемлекеттік тілде тапсырушылар – 80 пайызға жуық.
Сонымен қатар, Президент тілге қатысты арандатушылық әрекеттерге жол берілмейтінін, заң аясында қатаң жазаланатынын ескертті.

– Азаматтар бір-бірін «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуі керек. Біз қоғамда алауыздық тудыратын популистік шешімдерден әрдайым аулақ боламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Тірегіміз – бірлік пен тазалық

Президент Ұлттық Құрылтайда атап өткен құндылықтарын тағы бір мәрте қайталады: бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім – Қазақстан мемлекетінің негізін құрайды. Осы құндылықтарға қарсы әрекет еткендер заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

– Халықтың татулығын бұзғысы келетіндер, ел ішіне іріткі салуға тырысатындар заң бойынша қатаң жазаланады. Ал, бірлік пен ынтымақты нығайтуға үлес қосқандар – әрдайым құрметке ие болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент конструктивті сын мен арандатушы әрекеттің ара-жігін ажырата білудің маңызын айтты. Заң алдында бәрі тең екенін ескере отырып, этносаралық келісімді бұзуға бағытталған кез келген әрекетке тосқауыл қойылатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір өзін құқық қорғаушы, блогер, журналист ретінде көрсететін тұлғалардың шетелдік тапсырыспен елге қарсы әрекет етіп жүргенін сынға алды. Бұл адамдардың Қазақстанда емес, шет елде отырып, мемлекетке ақпараттық шабуыл жасап жүргенін атап өтті.

– Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн, – деді Президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев төлқұжаттың ел имиджіндегі маңызын да атап өтті. Бүгінде Қазақстан қауіпсіздік пен заң үстемдігі саласындағы халықаралық рейтингтерде жоғары орындарға ие. 142 ел арасында 43-орынға табан тірегені – соның айқын дәлелі.

Бейбітшілік пен келісімнің тірегі

– Енді екі аптадан кейін әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Біз бұл мерейтойды кең көлемде атап өтеміз. Қазақстанның майдангерлері мен тыл еңбеккерлері – барша халқымыз Отан үшін отқа түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің бастамасымен «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспары қабылданып, соның аясында 2 мыңнан астам іс-шара өтпек. Ардагерлерге айрықша құрмет көрсетіліп, әскери шеру ұйымдастырылады. Бұл – батыр бабаларға тағзым ғана емес, ұлттық рухтың символына айналатын тарихи шара.

Президенттің тапсырмасымен 500-ден астам көшеге жергілікті батырлардың есімі берілетін болды. Бұл – ұмыт қалған ерлердің есімін қайта тірілту арқылы ұлттың тарихи жадына құрмет көрсету.
Қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде Қазақстан диалог пен сенімге негізделген сыртқы саясатты ұстануда. Президент БҰҰ-ның рөлін күшейту мен халықаралық құқықты құрметтеудің маңызын атап өтті.

– Халықаралық қатынастардағы шиеленісті тек өзара түсіністік, әділдік пен келіссөз арқылы шешуге болады. Біз өркениетті диалогқа үлес қосуды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ассамблея мен дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері Қазақстанды рухани және халықтық дипломатия орталығына айналдырды. Биыл VIII съезд өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл – жаһандық сенімсіздік дағдарысы жағдайында ерекше маңызға ие форум.
Президент этникалық әртүрлілік кей елдер үшін сын-қатер болса, Қазақстан үшін бұл – стратегиялық артықшылық екенін айтты. Көпэтносты қоғамда бірлік, диалог, өзара құрмет пен жауапкершілік – ел дамуының мызғымас негізі.

– Таза Қазақстан, Заң мен тәртіп, Адал азамат – бұл менің стратегиялық бағдарымның өзегі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі күрделі кезеңде халықты сабырлы, жауапкершілікті, бірлікке үндейтін сөздер айтты. Кез келген дағдарыс – жаңа мүмкіндік. Сондықтан, әр азамат өз ісінде тәртіпті, елшіл, байыпты болуы қажет.

– Бұл қиындық та өтеді. Біз бәрін еңсереміз. Ең бастысы – жауапкершілік, тәртіп және ортақ мақсатқа адалдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – Тәуелсіздік тарихындағы айтулы белес. Бұл ұйым елдегі тұрақтылық пен татулықтың нақты тірегіне айналды. Сессия соңында Мемлекет басшысы бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет akorda.kz сайтынан

Басқа материалдар

Back to top button